Оны ұйымдастырған – Ұлан ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және бұқаралық спортты дамытуға атсалысып жүрген Мұзапаровтар әулеті. Турнирдің салтанатты ашылуына есімі облысқа белгілі спорт ардагерлері, қарапайым еңбегімен құрметке бөленген азаматтар, ауылдың сыйлы ақсақалдары қатысты.
– Майра Балғабайқызының есімі Ұлан ауданына жақсы таныс. Майра апай мен Өмірбек аға ұзақ жылдар Мамай батыр ауылында еңбек етіп, құрметке бөленді. Жастарды имандылық пен ізеттілікке тәрбиеледі. Қажылыққа барды. Өз балаларын ғана емес, ауыл жастарын саламаттылыққа тәрбиеледі. Спорт жарыстары жастарды отансүйгіштік пен патриотизмге баулитыны сөзсіз. Осы орайда Мұзапаровтар әулеті спорт жарыстарына үнемі демеушілік жасайды. Тұрмысы төмен тұрғындарға қолұшын беріп келеді. Реті келгенде айта кету керек, олар осымен оныншы рет турнир өткізіп отыр, деді Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Қуат Оқасов.
Кикбокстан әлемнің бес дүркін чемпионы Асқар Можанов, бокстан КСРО спорт шебері Ержан Айжігітов, тағы басқалар турнирді өткізіп отырған Мұзапаровтар отбасына табыс тілеп, алдағы уақытта да жастарды спортқа баули берсе деген тілектерін жеткізді.
Турнирге Зайсан ауданынан, Риддерден, Жармадан, Серебрянка қаласынан, Ұлан ауданынан барлығы алты команда қатысты. Жарыс Сағыр және Мамай батыр ауылдарында өтті. Турнирдің тартысты өткені соншалық, көрермендер спорт залына сыймай кетті. Нәтижесінде, «Ұлан» құрама командасы бірінші орынды жеңіп алды. «Жарма-1», «Жарма-2» командалары екінші және үшінші орындарды бөлісті. Мұзапаровтар отбасы атынан жеңімпаздарға ақшалай сый-сияпат жасалып, кубоктер, мақтау грамоталары тапсырылды. Қалған команда мүшелері де марапаттан құр қалған жоқ.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
газетінің ардагері
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы