Мәселе • 05 Мамыр, 2023

Егіндікөл: Ауыз су тапшылығы

397 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Егіндікөл ауданының ертеңі бұлыңғыр. Соңғы он жыл ішінде аудан халқы үш есеге жуық азайған. Үдере көшудің басты себебі – ауыз судың тапшылығы.

Егіндікөл: Ауыз су тапшылығы

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жалғыз Егіндікөл ауданы ғана емес, қияндағы Қорғалжын мен Атбасар аудандарының оннан астам елді мекенін ауыз сумен қамтитын Нұра су құбырына жарты ғасырдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Елу жылдан бері тәмам елге қызмет етіп келе жатқан су құбырының бүгінде сау тамтығы жоқ. Мамандардың айтуына қарағанда, 90 пайызға жуық жері әбден шіріп, қаусап тұр. Шіріген құбырға су тұрушы ма еді. Шығын да шаш-етектен. Нұраның бойынан бас­тау алып, Атбасарға жеткенше құбыр ішіндегі судың 70-80 пайызы шығын болады екен, қалғаны бейнелеп айтқанда, ауыз жарымайтын жұқана. Аудан тұрғындары отыз жылдан астам уақыт бойы ауыз судың зардабын тартып келеді.

– Өткен қыста екі ай сусыз отыр­дық, – дейді облыстық мәслихаттың депу­таты Әбілқайыр Ошақбаев. Жазда да көр­ген күніміз осы. Тіпті жуынатын да, та­мақ жібітетін де су жоқ. Егер жерасты суы болса баяғыда-ақ ұңғыма қазып алар едік. Жерасты суы болмағаннан кейін көрешекті көріп отырмыз. Осындай белден кешкен бейнетке шыдамаған аудан тұрғындары соңғы қазығын суырып көшіп жатыр. Оларға өкпелеудің де жөні жоқ шығар.

Су құбыры жиі жарыла­тын­дықтан аудан тұрғындары апта аралатып сусыз қалады. Су болған күннің өзінде не­бәрі бірер сағатқа ғана бері­ле­ді. Себеп, қысымы жетпейді. Әу­пі­­рімдеп жеткізілген су ауыл­дың бір бөлігіне берілсе, ен­ді­гі бір бөлігі сусыз отырады. 12 ауыл ауыз суды орталық су ма­гис­тралінен алса, қалған төрт ауыл тасымалдап ішеді. Тұр­ғын­дар үшін қаншама шығын. Азап­та­нып әкелінген судың сапасы өте нашар.

Егіндікөл ауылында 70 млн теңгеден астам қаражатқа са­лын­ған су шығаратын мұнара ай­наласы бір жылға жетпей тозып кетіпті. Шамасы сапасыз болғандықтан да. Мұнараның түбінен сорғалап аққан су төңі­рек­ті батпаққа айналдырған. Су жинақтайтын бөшкенің де тазалығы күмәнді. Мұнараға тап­сырыс берген аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылығы, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мердігер компанияны сотқа беріпті. Үстіміздегі жылдың 6 қаңтардағы сот ше­ші­мі­мен тапсырыс беруші сот­қа жүгіну уақытын өткізіп алу се­бепті берілген шағым қа­на­ғат­тан­­дырылмаған.

Облыстық ауданаралық эко­но­­микалық соты Егіндікөл ауда­ны әкімінің атына істі қарастыру кезінде анықталған мемлекеттік сатып алу заңнамасын норма­ла­рының бұзылуы туралы жеке ұйғарым шығарыпты. Орын алған олқылықтардың бәрін негізге алған ауыл белсенділері аудан прокурорына да арыз жол­даған. Ал аудан әкімдігі болса мемлекеттік сатып алу ар­қылы конкурста жеңімпаз болып табылған қызылордалық ком­пания тапсырысты сапалы орын­дамағанын мойындап, орын алған ақауды жөнге келтіреміз деп хабарлама жолдағанын дәтке қуат етіп отыр.

Мәселенің мәнісі мынаған сая­ды: Өткен жылы облыстық бюд­жет есебінен Егіндікөл ауы­­­лындағы су жинақтайтын мұ­­­на­­­раны жөндеуге 79,1 млн тең­ге қаражат бөлінген. Мем­ле­кет­тік сатып алу ашық кон­кур­сының қорытындысы бо­йын­ша «Корпорация әлем құ­ры­лыс» жауапкершілігі шек­теу­лі се­ріктестігі жеңімпаз болып та­нылды. Келісімшарт көле­мі – 73,3 млн теңге. Кейін атқарылған жұмыс көлеміне байланысты 60 млн теңге төленген. Мұнараны пайдалану кезінде су жинақтайтын резервуарда ақау бар екендігі анықталған. Бұл жайында мерді­гер компанияға ескерту жол­дан­ған. Компания болса таяу арада сапасыз атқарған істерін қайта қолға алып, жөндеп бере­міз деп отыр. Тағы бір айта кететін жай, мұнараны көтерген кезінде маңайын абаттандыру ескерілмеген. Біржола тап-тұйнақтай етіп атқаратын шар­уа осылайша созылып келеді. Нәтижесінде, қаншама қаражат шығын. Үстіміздегі жылы абат­тан­дыруға облыстық бюджеттен 48,5 млн теңге қаражат қарастырылып отыр.

Бір айта кетерлігі, өңірде тұр­­ғын­дарды ауыз сумен қам­та­­ма­сыз ету үшін бірнеше мем­лекеттік бағдарлама бойын­ша миллиардтаған қаржы бөлін­генімен, нәтижесі көңіл көншіт­пей­ді. Егіндікөлдіктер тәрізді Атбасар ауданындағы Есенгелді ауылы да ауыз су тапшылығын тартып отыр. Ұзын-ырғасы 600-ден астам адам күнелтіп жатқан ауылда ауыз су аптасына бірер сағат қана беріледі. Осы кезде үлгерсең үлгердің, үлгермесең сусыз отырасың. Бұл елді мекенге де қасқалдақтың қанындай болған ауыз су Қорғалжын ауда­нындағы Сабынды ауылынан бастау алып, екі ауданның аума­ғын басып келеді. Жоғарыда айт­қанымыздай, сонау 1970 жылдары пайдалануға беріліп, бүгінгі күні әбден тозығы жеткен Нұра топтық су құбыры арқы­лы жеткізілетін ауыз су ауыз жарытпай тұр. Жыл сайын жөн­­деу жұмыстары жүргізіліп, қау­саған құбырды жамап-жас­қа­­ғанымен, апат жиі орын алады. Есенгелді ауылының тұрғындары ауыз судың жет­кі­лікті берілгенін естеріне түсі­ре алар емес. 2014 жылы су құ­бы­­рын жөндеу үшін 400 млн теңге қаражат берілген. Елді мекенге су шығаратын мұна­ра, су соратын құрылғылар жа­ңа­­дан қойылған. Ауыл тұр­ғын­дары өз қаржыларынан орта­лық су құбырына қосылып, үй­ле­ріне тартып алған. Әйтсе де, ауыл іші жөнделгенімен, Нұра топтық су құбыры ауыз суды жеткізуге қауқарсыз болып отыр. Облыстық және аудандық бюджеттен жыл сайын қара­жат бөлініп, су құбыры ішін­ара жөнделгенімен, тұтастай тәр­тіпке келмеген соң мәселе шеші­лер емес.

Сусыз отырған халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Атба­сар су» мекемесі мен «Ті­ле­­кей Агро» серіктестіктері ауыл­­ға су тасымалдауды ұйым­дас­­тырмақ болған. Ол су – 12 ша­қырым жердегі табиғи құдық. Одан әрідегі 45 шақырым жердегі Ново­мариновка ауылындағы су көзі.

Бар шаруаны таразы басына тартсаңыз, анықталған жағдай мынау: Атбасар ауданындағы су құбыры жаңартылған, жа­рыл­­ған жері жоқ. Бар мәселе – Қор­­ғалжын мен Егіндікөл аудан­дарын басып өтетін Нұра топ­тық су құбырының тозығы жетуінде. Ал оның қашан жа­ңар­­тылатыны белгісіз. Жаңар­ты­лып, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз еткенше Егінді­көл­ден жұрт үдере көшіп кетпес пе екен?..

 

Ақмола облысы