11 Шілде, 2014

Өскемендік жігіт америкалық иллюзионистің трюгін қайталады

303 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
antonӨСКЕМЕН. 11 шілде. Шығыс Қазақстан облысында кеңінен танылып келе жатқан жас иллюзианист Антон Росс есімді сиқыршы соңғы кезде 20 метр биіктікте орындалатын америкалық Гарри Гудинидің трюгін қайталап жүр. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Антон 1995 жылы туған. Өскемендегі №9 орта мектепті тәмамдаған. Сиқыр өнеріне ден қойып жүрген 19 жасар жігіт бұл жолы заңғар биікте аяғынан байланған арқаннан салбыраған күйі үстіндегі жейдесі мен темір шынжырын шешуге тиіс болатын. Әрине, жерден көкке көтерерде Антонның қолын мықтап тұрып айқастырып, үстінен бітеу жейде кигізіп, оның сыртынан темір шынжырмен шандып байлап тастады. Бұл өте қауіпті әрі жауапты трюк болғандықтан, Жеңіс даңғылының бойындағы көрініске төтенше жағдайлар департаменті мен жедел жәрдем қызметкерлері арнайы келді. Антон бұл іске саналы түрде барып отырғандығын, ешқандай қан қысымы жоқтығын, денсаулығының қалыпты екенін баяндаған қолхат жазып берді. Жедел жәрдем фельдшері Галина Вейцелдің айтуынша, 20 метр биіктікте төмен қарай салбыраған адамның жейде шешуі тұрмақ, артериалды қан қысымы көтерілуі, өміріне зор қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан, дәрігерлер трюкті көрсетерден бұрын Антонның қан қысымын өлшеп, тексеруден өткізді. «Бұл – бес қабатты үйдің биіктігіне шамалас. Сондықтан, арнайы кигізілген көйлекті үш-төрт минуттың ішінде шешіп, босап шықпасам, басыма қан құйылып кетуі де мүмкін», – деді жас иллюзионист. Сонымен, алаңға арнайы алдырылған 25 тонна жүкті көтеруге қабілетті кран Антонды аяғынан байланған арқанымен зәулім биікке көтере жөнелді. Сәлден кейін Антон аз-кем бұлқынғандай қалып танытып, кеудесін матаған шынжырдан оңай құтылды. Ал жейдені шешуге біршама уақыт кетті. Біршама дейміз. Бар-жоғы бірер минут. Бірақ, түу көкте аяғынан ілініп тұрған адам үшін бір секундтың өзі бір сағат сияқты болатыны бар. Бұл жағдайды әрине, Антон біледі... Әп-сәтте жейде де шешіліп, төмен қарай ағып түсті. Сәлден соң Антонды көтеріп тұрған кранның көтергіші де төмендей берді. Сиқыршыны жерден төтенше жағдай қызметкерлері мен дәрігерлер күтіп алғанымен, ол өзінің жағдайы қалыпты екенін айтты. Антон Росстың айтуынша, мұндай өнер оған атасынан дарыса керек. Ол атасының қолын кері қайырып, қайта қалпына келтіретін қасиеті болғанын өз қимылымен жеткізді. Бұл трюкке бес жыл бойы әзірленген Антон әлі де көптеген жоспарлары бар екенін айтты. anton03Думан Анаш. Дереккөз: egemen.kz.