11 Шілде, 2014

Футбол. Премьер-лига: «Ақтөбе» жеңіске жетті

263 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

11-07-14-aktobe-1

АСТАНА. 11 шілде. Бүгін Қазақстан чемпионатының 20 турының ойындары басталды. Бірінші болып алаңға шыққан «Ақтөбе» командасы Қостанайдың «Тобылын» 3:1 етіп сүріндірді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Кездесу Ақтөбе қаласында өтті. Оның 5-минутында қонақтар алға шықты. Есепті қостанайлықтар сапындағы австриялық жартылай қорғаушы Томаш Шимкович ашты. Ал алаң иелері тек таймның соңында ғана есепті теңестіруге қол жеткізді. Онда Маркос Пизелли ұрған айып добын жақсы пайдаланған Юрий Логвиненко оны басымен ұрып, қақпаға кіргізді. Ойынның 58-минутында Алексей Антонов алыстан ұрып, «Ақтөбені» алға шығарды. Арада 4 минут өткенде Маркос Пизеллидің берген бұрыштамасынан кейін ұшып келген допты Игорь Зенькович басымен қағып, торға жөнелтті. Айтуымыз керек, «Қайратпен» ойында 7 гол жіберіп қойған Андрей Сидельниковтің орнына бүгін қақпаны Алмат Бекбаев қорғады. Бұл жеңіс «Ақтөбені» қайтадан турнир кестесінің бірінші орнына шығарды. Бұл ойында басшылық тізгінін Андрей Мирошниченко ұстаған Қазақстанның өткен жылғы чемпионында қазір 39 ұпай бар. Ол осы турда «Шахтермен» ойнайтын «Қайраттан» 3 ұпай алда тұр. Еске сала кетейік, «Ақтөбе» футбол клубы 10 шілде күні бас жаттықтырушы лауазымына Владимир Газзаевтың тағайындалғаны туралы хабарлама таратып еді. 34 жасар маманмен келісім-шарт бір жарым жылға жасалған. Бүгін сондай-ақ «Тараз» - «Ертіс» және «Жетісу» - «Ордабасы» командалары да кездесті. Ал ертең «Спартак» — «Астана», «Атырау» — «Қайсар», «Шахтер» — «Қайрат» командалары өзара ұшырасады. Дамир Қожамқұл. Дереккөз: egemen.kz. Фото: vesti.kz.