12 Шілде, 2014

Елбасы мен елорда егіз ұғым

828 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
3 Астана – мемлекетшілдіктің жемісі Турсынхан ЗакенХІІІ ғасырда біздің даламыз арқылы жүріп өткен Плоно Карпини және Гильом Рубрук сынды жиһангез дипломаттар, саяхатшылар осынау сайын даланың кеңдігіне, ондағы мал мен киіз үйдің көптігіне таңдай қаққан. Арада жеті ғасыр өткенде талай тарихты бастан кешкен бұл дала төрткіл дүниеге мүлде басқа қырынан танылып отыр. Бұл жерде өз келешегін ата-баба дәстүрімен тығыз байланыстырған, заманға сай жаңа жасампаз ойларын іске асырған қазақ деген халықтың өмір сүріп жатқанына куә болуда. Әлем Ұлы Жібек жолының түйісінде, әлемдік геосаяси мүдделердің тоғысқан тұсында, дәстүрлі Шығыс пен Батыстың, христиан әлем мен ислам өркениетінің бір-біріне өту аймағында жасап жатқан бұл елдің заманға сай жасампаз ойларға бай екенін танып білді. Сондай жасампаз ойлардың бірі һәм бірегейі – Астана. Мен Астананы көшіру шын мәнінде елдің бас қаласын қайта құру деп есептеймін. Өйткені, өз кезінде Астананы көшіру тек көшірумен ғана біте салатын жұмыс емес еді. Шындап келгенде, бұл тәуелсіз елдің жаңа байтағын қалыптастырудың алғашқы қадамы ғана болатын. Оның үстіне, Астананы қайта құру мемлекетті қайта құру, оның заманға сай болмысын қалыптастыру еді. Елдің саяси, экономикалық және мәдени-рухани өсуіне ұйытқы болатын бас қаланы қайта құру сынды пассионарлық идея түптеп келгенде осынау жас мемлекеттің жігерлі басшысына тән болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл идеяның авторы және оны іске асырушы. Елбасының осынау ерік-жігері тәуелсіз мемлекеттің буынын бекітіп, аяғынан тік тұрғыза алатынына, оны әлемнің ең алдыңғы қатарлы елдерімен иық тірестіретініне көзі ашық, көңілі ояу­лар кәміл сенді. Осы арқылы Елбасы өз елінің де биік сеніміне ие болды. Дүниежүзі өзге елдермен терезесі тең тұрып сөйлесе алатын, батыл әрі прагматик басшысы арқылы қазақ халқын құрметтейтін, оның өсіп келе жатқан жастарына сеніммен қарайтын болды. Өз тағдырымды еліміздің жаңа елордасымен байланыстырған мен үшін де соңғы он жылда Астана қазақ халқының өткені мен бүгінін, бүгіні мен келешегін жалғастырушы рухани орталыққа айналды. Сол себептен, қазақтың жаңа астанасы туралы ойларымды, ғасырлар қойнауынан желі тартқан тебіреністерімді бүтін бір кітапқа сидырып, «Мәңгітас» деген атпен оқырманға ұсындым. Маған бұл кітапты жазуға шабыт берген қазақтың жаңа ғасыры, жаңа ғасырда Елбасының бұрын ешқайда, еш уақытта болмаған жаңа бастамалары, жасампаз идея­лары болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біздің көкірегіміз елдікке деген мақтаныш пен келер күнге деген сенімге, асқақ рухқа толы болды. Ол кезде біраз жас буын, ұлттық элита – өзімізден бір көйлек бұрын тоздырған зиялы ағаларым қазақ елінің жаңа астанасына жиналған еді. Астанаға қызмет бабымен келген мен де сол ағаларымның қасында бірге жүріп, бірге тұрып олардан көп өнеге, ұлағат үйрендім. Астана рухы, жас тәуелсіз мемлекетке деген ыстық ынта, керемет шабыт жүректерге нұр құяр еді. Қазақ елінің жаңа астанасы, жасампаз ойлар, игі бастамалар еліміздің кемел келешегіне қанат қақтыратын. Осынау ортада жүріп, әр күнің шабытқа, әсерге толар еді. Жаңа, заманауи, зайырлы, бақуатты мемлекетті құрумен бірге, оның рухани болмысын айқындауға деген құлшыныстар қайран қалдыратын. Қазақ елінің интеллектуалды элитасы сол туралы ойлап, сол туралы әрекеттенетін. Астанада кешкі қызметтен қайтатын уақыт болғанда да жұмыс бөлмелерінің шамы жарқырап тұрар еді. Өйткені, Мемлекет басшысы да талай уақыттарын қызмет бөлмесінде өткізетін. Жас мемлекетті қалыптастыруға, құруға деген ынта-жігерде шек жоқ-ты. Қазақ халқының интеллектуалды мүмкіндігі енді ашылған еді. Талай жыл отаршылдық үстемдіктен бой жазған интеллектуалдық серпіліс еді ол. Енді өзінің ұлан-байтақ Сарыарқасына емін-еркін ие болып, бауырын еркін жазған жампоз, дүлдүл еркіндік еді ол. Осындай серпілістер кезінде, 2001 жылдың мамыр айында елордаға Күлтегін ескерткішінің Жапонияда жасалған ғылыми көшірмесі жеткізілді. Бүкіл әлем көз тіккен Астана енді бір сәт киелі көк түріктің елдік рухына тәу етіп, даналарының өсиет сөздеріне ұйыды. Бұл дүниені дүбірге бөлеген көне ғасырлардың жаңа дәуірдегі жалғасы еді. Сол күнгі ең басты оқиға Елбасының қолымен қойылған алып ескерткіштің, киелі ескерткіштің, бүкіл түрік бас иген ұстынның орнатылуы болды. Ескерткіштің ашылу салтанатында Президенттің айтқан жалынды сөздері енді ғасырлардан-ғасырларға, ұрпақтан-ұрпаққа жаңғырып жетеді деп сенемін. Осылайша, Елбасының өзі де сол бір тарихи шығарманың кейіпкеріне айналды. Өйткені, ол біздің тарихымыз бен елдігіміз үшін қаншама іргелі істерді еңсерді. Содан бас­тап киелі ұстын тас тұрған жер киелі төрге, бүкіл түрік бауырлар көз тіккен орынға айналды. Мағжан ақын айтқандай, ол күллі түріктің қарашаңырағы, алғаш күл төккен, көң салған қара мекені, ұйық Отаны! Демек, сол қара­шаңырақтың түтінін түзу ұшыру, алты алашқа жаршы болу, олардың бәрінің басын бір жерге тоғыстырып отыру ең әуелі қазақтың ата-баба аруағы алдындағы қасиетті борышы еді. Сол мақсатта Елбасының бастамасымен Астанада Түркі академиясы құрылды. Астанаға ғасыр басында Күлтегін ескерткіші келсе, араға он жыл салып Тоныкөк, Білге қаған ескерткіштері де жеткізілді. Осы алып, мәңгілік тас ұстындар өзім қызмет ететін Еуразия университетінің бас корпусына қойылды. Онда халқымыздың екі мың жылдық жазба тарихын, елдік тарихын паш ететін шағын мұражай бар. Көлемі шағын болса да мен бұл мұражайдың келешегіне үлкен үмітпен қараймын. Бұл ұлы ойлар мен жасампаз жобалардың басы ғана. Келешекте университет жанынан студенттеріміз бен жалпы көпшілікке, осында атбасын бұратын қонақтарға арнап халқымыздың елдік тарихынан сыр шертетін үлкен мұражай жасақталады деп сенемін. Онда университет ғалымдарының ғылыми-зерттеу нәтижелері мен жиналған экспонаттары, экспозициялары қойылатын болады. Бүгінде жыл сайын университетімізде Күлтегін апталығы және көне түркі жазуының күні атап өтіледі. Ол Күлтегін ескерткішінің келген күнін есте қалдыру, сол арқылы келер ұрпақтың жадына осынау ұлы есімді сіңіру мақсатында қолға алынған шара. Күн өткен сайын бұл шараның мазмұны кеңейіп, формасы әр алуанданып келеді. Бірақ басты желі халқымыздың тарихи танымын тереңдетіп, келер ұрпақтың патриоттық сезімін күшейту болмақ. Бұдан он бір жыл бұрын айтылған Президент тапсырмасы да сол мақсаттан туындайды. Ұлы ойлар екі айтылмайды. Демек, тәуелсіз еліміздің тарихындағы осынау айтулы оқиға, Арқа төріне орныққан киелі көк тастың құдіреті, жарқырап артта қалған сол бір сәулелі күндер қолыма еріксіз қалам алдырды. Қазақ елінің жаңа астанасын, іргелі байтағын, алғаш іргесі қаланған күннен бастап Астанамен бірге жасасқан адамдарының өр жігерін, келешекке деген сенімін, туған тарихына деген ынта-ықыласын, еске аларлық тарихының жарқын беттерін ақ қағазға өрнектегім келді. Жоғары да айтқан кітаптың соңғы тарауларын жазып жатқан кезімде еліміздің тәуелсіздігіне нақ жиырма жыл толған күні Елбасы Н.Назарбаев Астананың сол жағалауынан «Мәңгілік Ел» кешенін ашты. «Мәңгілік Ел» – ол өз тарихында Еуразияға қанат жайған алып мемлекет құрған көк түрік бабаларымыз армандаған ең асқақ, ең биік мұрат еді. «Атамыз, бабамыз құрған мемлекет» мәңгілік болса екен деген ізгі тілек еді. Осы ізгі мұратты ту қылған олар қиын да, қидалы сол бір заманда «қара терін ағызып, қызыл қандарын тамшылатып» жүріп, өздері құрған мемлекетті бас-аяғы 290 жылға жеткен екен. Бөрілі байрақ қыр далада 290 жыл желбіреген екен. Бірақ кейін келе ол мемлекет заман ағымы мен тағдыр талқысына шыдас бермеді. Иә, ата-бабаларымыз армандаған сол ұлы мұрат енді тек біздің заманымызда ғана нақты іске асу мүмкіндігіне ие болды. Астана бүгінде еліміздің толыққанды саяси, мәдени һәм рухани орталығына айналды. Келешекте ол еліміздің қаржы-экономикалық орталығы болатыны айдай анық. Бір сөзбен айтқанда, Астана – мемлекетшілдік жемісі. Тұрсынхан ЗӘКЕН, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры.

 Байтағымыздың бас бренді

DSC_9920Өткен күндер мен адамзат күнтізбесіне және тарих парақтарына көз жүгіртсек, әлемде жиырма бес мемлекет өз астанасын ауыстырғанын білеміз. Мұндай деректердің бір-екеуіне тоқтала кетер болсақ, 1712 жылы I Петр Ресей астанасын Мәскеуден Санкт-Петербургке көшірген. Ал 1923 жылы Ататүрік Түркия астанасын Ыстамбұлдан Анкараға ауыстырған. Әлемдік тәжірибелер мемлекет астаналарын ауыстыру қалпақпен ұрып ала қоятындай оңай іс емес екенін көрсетеді. Бұған қаншама күш-қайрат, ой, жігер, мақсат тұтастығы, шығармашылық-сәулеттік қарым-қабілет кететінін шамалап, жобалап айтудың өзі қиын. Қазақстанның Алатау бөктеріндегі астанасын Сарыарқаның самал төсіне әкеліп жайғастыру ісіне де осындай өлшем тұрғысынан келуге болады. Парламент Мәжілісінің депутаты Самиғолла ОРАЗОВПЕН әңгіме осындай бағытта өрбіді. – Самиғолла Хамзаұлы, биылғы 6 шіл­деде Астананы ауыстыру жө­ніндегі тарихи шешімнің қабыл­дан­ғанына 20 жыл толды. Осы датаға қатысты не айтар едіңіз? – Еліміздің бұған дейінгі астанасы Алматы бір бүйірде, ұлан-байтақ қазақ жерінің батыс және солтүстік өңірлерінен тым шалғайда орналас­ты. Ал мемлекетіміздің жаңа елордасын еліміздің шекарасының кіндік тұсында орнықтыру жөнінде алынған шешім – көрегендік пен алыстағыны болжай білудің және стратегиялық ойлау жүйесінің кеңдігі мен тереңдігін көрсетеді. Шынтуайтына келгенде, бұл тек республика аумағының ғана емес, сонымен бірге еуразиялық құрлықтың да бел ортасы болып табылады. Алайда, бұдан жиырма жыл бұрын қазақстандықтардың көпшілігі дәл бұлайша ойлай алмады. Сондықтан да бұл шешім олардың бәрін бірдей қуанта қоймады. Жасыратыны жоқ, солардың бірі өзім едім. Өйткені, дәл сол кезеңде ел өтпелі кезеңнің ауыртпашылығын бастан кешіп жатты. Ірі өндіріс орындары мен зауыт-фабрикалар жабылып қалды. Бұл жаппай жұмыссыздықтың белең алуына әкеліп соқтырды. Бюджет қызметкерлері айлар бойы жалақыларын ала алмады. Дәл осындай қысталаң, алмағайып шақта астананы көшіру жөнінде шешім алынғаны сол кезде бірқатар отандастарымыз үшін ақылға сыйымсыз көрінуін бір есептен түсінуге де болатын секілді. Бүгінгі күні, яғни арада жиырма жыл өткен соң Елбасымыз көреген, аса тапқыр әрі батыл шешім қабылдағанына барша қазақстандықтардың көзі жеткеніне ешқандай күмән жоқ. – Астананың даму қарқыны жо­ғары. Мұндай даму көрінісі респуб­лика өңірлерінде де байқалып жүр деп есептей аласыз ба? Яғни, өңірлер Астанаға қарай бой түзей алды ма? – Астана өзінің аумақтық тұ­тас­тығы тұрғысынан да, халық санының өсу көрсеткіші бойынша да тез, қар­қынды дамып келеді. Биылғы соңғы деректер мен мәліметтер бойынша, мұнда 800 мыңнан астам адам тұрады. Жыл сайын көз алдымызда құлпырып, қаулап, өсіп келе жатқан жас елордамыз шығармашылық ұшқырлық пен белсенділіктің, күллі Қазақстан халқының әлеуметтік-тұрмыстық деңгейінің өсуі мен тұтас ел аумағындағы жасампаз жобалардың нышандық көрінісі болып табылады. Біз кешегі кеңестік дәуірде осыншама деңгейдегі жылдамдатылған, бұған қоса, сапалық деңгейі жоғары құрылыс қарқыны мен бүкілхалықтық қолдау көріністерінің оннан, тіпті, жүзден біріне де қол жеткізе алмадық. Бұл – елдік пен мемлекеттік мінез-құлықтың және отаншылдық рухтың артуының көрінісі. Соның нәтижесінде соңғы он жыл ішінде елімізде қайталанбас көркі мен стилі бар заманауи жаңғыртылған жаңа қалалар салынды. Қала шаруашылығы мен индустриясы бойынша республикада ең артта қалып келген кенттер адам танымастай өзгерді. Мысалы, кеңестік кезеңде инфра­құрылымдық жүйелер бойынша Қа­зақ­стандағы ең артта қалған қала – Гурьев, яғни қазіргі Атырау деп есептелетін. Ал бүгінгі Атырау, мұндағы сәулет өнерінің туындылары қандай? Айтуға тіл жетпейді. Айырмашылық жер мен көктей. Екіншіден, елордасы Астана Қазақстан халқының этносаралық қарым-қатынасын одан әрі жақсарта түсті. Мұндай оң көңіл-күй ахуалы ел өңірлеріне де сіңісті бола бас­тады. Міне, сіздің Астанадағыдай даму көрінісі республика өңірлерінде байқалып отыр ма деген сауалыңызға қайтарар жауабым осындай. – Астананың өсіп-өркендеуі мен көркеюі және одан әрі дамуы жөніндегі шежірелер мен тұтастай тәуелсіздік тарихы бір-бірімен тамырлас. Бұл ұғымдарды бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайды. Айтайын дегенім, сіздің бұған дейінгі қызметіңіз Қазақстанның батыстағы қақпасы – Орал өңірімен тығыз байланысты болып келді. Ендеше, сіз мұнда тәуелсіздік жылдарында атқарылған жұмыстар жөнінде не айтар едіңіз? – Бұл өңір Ресейдің бес бірдей облысымен шекаралас орналасқанын айтып та, жазып та жүрміз. Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі кезең барлық жердегідей Ақжайық аймағы үшін де ауыр болды. Өзгесін айтпағанда, бұл кезде ауылдағы әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды, фельдшерлік-акушерлік амбулаториялар мен кітапханаларды және клубтар мен мәдениет үйлерін сақтап қалудың өзі үлкен жетістік болды. Бұл орайда бұрынғы облыс басшысы, бүгінгі Парламент Мәжілісінің төра­ғасы Қабиболла Жақыповтың еңбегі мен ел-жұртқа көрсеткен жана­шыр­лығын айта кеткенді жөн көремін. Сондай-ақ, осындай қиын кезеңде Орал–Атырау, Орал–Самара және Орал–Ақтөбе автомобиль жолдары құры­лыстары басталды. Нышандық тұрғыдан Жайық өзені арқылы Еуропа мен Азия құрлықтарын жалғастыратын жаңа көпір салынды. Облыс орталығы Орал қаласында Қазақ драма театры мен мұз спорт сарайы және жүзу бассейні ғимараттары бой көтерді. Тұтастай облыс аумағында газ құбырларын тарту жұмыстары кеңінен қарқын алды. Одан бергі кезеңде шағын және орта бизнесті дамытуға жергілікті атқарушы органдар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп, әр азаматтың өзіне және қоғамға пайдалы іспен шұғылдануына мүмкіндіктер жасалды. Қазіргі нарықтық қарым-қатынастар кезеңінде меншік иесі атану қоғамдық құндылықтардың қатарына кіре алады. Әйтсе де бүгінгі күні отандастарымыздың арасында осы құндылықты адами-психологиялық тұрғыдан сыйлау мен бағалауға өрелері жете алмай жүргендері де кездеседі. Қазіргі кезде облыста тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан тамыр тартатын жұмыстар мен жобалар өз жалғасын тауып келеді. – Астананың бас сәулетшісі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі екені белгілі. Бұған не дейсіз? – Астана сәулетінің бас тұғыр­намасын алдын ала әзірлеп бекіткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі екені белгілі. Осы қисынға сүйенсек, өзіңіз айтқандай, Мемлекет басшысын елорданың бас сәулетшісі деп санауға толық негіз бар. Елорданың бас жоспарында еуразиялық келбет пен бітім-болмысты кескіндеуге баса көңіл бөлінгені бүгінгі күні айқын байқалады. Айталық, мұндай бағыттағы бас жос­пар мен жобалардың авторы ретінде бірінші кезекте Амстердамдағы Ван Гог мұражайының, Куала-Лумпур халықаралық әуежайының, Осака қаласының ұлттық-этнологиялық мұражайының авторы, әйгілі жапондық сәулетші Кисе Курокаваның есімін атай аламыз. Оның бас жобасында заманауи дизайнға басымдық беріліп, азиялық үлгілер орын алды. Тағы бір әйгілі британдық сәулетші, хай-тек стилінде көшбасшы болып танылған Норман Фостерге Астанада әлемдегі ерекше Бейбітшілік және келісім сарайын салу құқығы берілді. Бүгінде бұл айрықша нысан астаналықтар мен барша қазақстандықтарға «Достық үйі» атауымен жақсы мәлім. Бұған қоса, ол «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығын тұрғызып, оны халық қолданысы мен игілігіне ұсынды. Астананың құрылысына өзінің сүбелі үлесін қосқан әйгілі сәулетшілердің қатарында орталық концерт залының авторы италиялық Манфреди Николетти де бар. Бұдан тұп-тура он бес жыл бұрын 1999 жылдың шілде айында елордамыз ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» сыйлығына ие болып, одан бергі аралықта Астана Қазақстанның бас брендіне айналды. Еліміздің болашағы мен Астананың болашағы ұғымдары бір-бірімен төркіндес, мағыналас. Өйткені, қазіргі уақытта әлемдік қауымдастық Астана қаласын Қазақстанды жиырма бірінші ғасырдың жаңа даму үлгісіне бағыттай білген модель ретінде қабылдай алады. Бүгінгі әңгімеміздің түйінінде елордада тұратын немесе оған жиі ат ізін салатын қазақстандықтар әлемнің көрікті қалаларына жолдары түскен кезде оның архитектурасы мен ажарына аса таң қала бермейтінін айтқым келеді. Өйткені, мұнда әлемдік сәулет өнерінің ең озық үлгілері бойынша салынған ғимараттар мен нысандар және Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) мен Еуропа футбол қауымдастығы одағының (УЕФА) стандарттарына сәйкес келетін заманауи стадиондар мен өзге де спорт кешендері баршылық. Сондай-ақ, Астана бойынша алынған архитектуралық шешімдер бұған дейінгі үлгілерді қайталамауларымен де ерекшелене алады. Елбасымыз – «Астана еліміздің дамуының символы және Еуразия кеңістігінің жаңа ордасы», деген болатын. Бүгінгі әңгімені Нұрсұлтан Әбішұлының елордамыз жөнінде дәл тауып айтқан осы анықтамасымен аяқтағанды жөн санаймын. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Орал–Астана–Орал.