12 Шілде, 2014

Жекешелендірудің екінші толқыны: одан не күтеміз?

587 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
1-1 Баспасөз бетінде жиі талқыға салынып, жарияланып жүрген жекешелендірудің екінші толқыны басталар күн алыс емес. Шараның қажеттілігін Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050»: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында айтқан болатын. Осыған орай, Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке мемлекет қатысы бар барлық компанияларға талдау жүргізіп, олардың ішіндегі жеке секторға берілетін кәсіпорындардың тізімін анықтауын тапсырған болатын. Нәтижесінде, ел Үкіметі наурыз айының соңында «2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру бойынша кешенді жоспарды» бекітті. Сөйтіп, мемлекет меншігіндегі мүлік пен активтер, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар нысандары жуық арада жалпыға ортақ сатылымға түспек. Елдегі жеке бизнестің дамуына серпін беру, экономикадағы мемлекет үлесін дамыған елдер деңгейіне дейін азайту мақсатында бәсекелі ортаға берілетін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің нақты тізімі де бекітіліп қойылды. Үкімет бұл жекешелендіру аясында ішкі рыноктан бюджетке қаржы тартып қана қоймай, ел экономикасына жағымсыз әсер ететін факторларды жұмсарту мақсатында мемлекеттік шығындарды азайтуды да көздеп отыр. Олардың нақты есебін бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен наурыз айында өткен Ұлттық инвесторлар кеңесінің кезекті отырысында баяндап берген болатын. «Республика меншігіндегі 32 нысан және квазимемлекеттік сектордағы 191 ұйымнан тұра­тын тізілім айқындалды. Сәуір­де коммуналдық меншік кәсіп­орындарының тізімі қалып­тас­тырылады, олардың саны шамамен – 780. Маусымда оларды бәсекелестік ортаға беру басталады», деді ол. Б.Сағынтаевтың айтуынша, бұдан өзге Үкімет жеке бизнес тиімді жұмыс істеп тұрған экономика салаларына мемлекеттің қатысуын шектеу бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізуде. Үкімет қабылдаған «2014-2016 жылдарға арналған жеке­шелендіру бойынша кешенді жоспар» ең алдымен жеке сектордың дамуына әсер ететін маңызды шарттың бірі болатын экономикадағы мемлекеттің үлесін азайтуға бағытталған. Кешенді жоспар бойынша, алдымен коммерциялық кіріс түсуге бейімделген мемлекеттік компаниялар жекешелендіріледі. Екінші шара, стратегиялық маңызы жоқ бейінді активтерді жеке секторға өткізумен қатар, холдингтер мен ұлттық компаниялардағы бейінді емес активтер мен нысандарды сатуды аяқтау болмақ. Содан кейін мемлекет иелігін тиімді құрылым етіп қайта жасақтау мақсатында қалған мемактивтерді қайта құру жүзеге асырылмақ. Осылайша, мемлекет құзырына экономика саласында стратегиялық маңызы бар активтер мен әлеуметтік қыз­меттерді көрсететін ұйымдарды қалдыру ұсынылып отыр. Жеке­ше­лендіруге жататын нысандар тізімі Қаржы министрлігіне қарас­ты мемлекеттік мүлік реестрінің веб-порталында және баспасөз беттерінде орналастырылмақ. Осы орайда Экономика және бюд­жетті жоспарлау министрлігі квази­мем­лекеттік сектор субъек­тілері мен жылжымайтын мем­лекеттік мүліктер нысандарын оңтайландыру мәселелері бойынша комиссия құрылған болатын. Комиссия жүргізген жұмыстар шеңберінде 2013 жылы жеке секторға мемлекет үлесі бар 161 ұйымның өтуі мақұлданған. 2013 жылғы жекешелендіруден түскен қаржы көлемі 760,6 млн.теңгені құрапты. Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті берген ақпараттарға сүйенсек, ұлттық холдингтер мен компаниялардан жеке секторға 162 нысан сатылатын болады. Оның ішінде биыл сатылатыны – 75 нысан. Жалпы республикалық деңгейдегі мемлекет меншігі болып саналатын 34 нысан, бәсекелі ортаға берілмек. Оның 19-ы биыл жүзеге асырылады. 17-сі сатылымға шығарылып, 2-еуі сатып алу құқығын беретін сенімхатпен басқарылуға беріледі. Коммуналдық меншіктен жеке­ше­лендірілетін 466 нысанның 109-ы биыл жеке қолға өтеді. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары 75 нысанды 2014 жылы сатуға шығарып, қалған 99-ын алдағы жылдар еншісіне қалдырып отыр. Жалпы, жеке­ше­лендіру, қайта жасақтау және мемкәсіпорындарды жою арқы­лы республикалық мүліктік ұйымдар 28 пайызға қысқарса, әлеуметтік саладағы ұйымдарды есепке алмағанда ұйымдардағы мемлекеттің қатысуы 38 пайыз­ға, ұлттық холдингтердегі мемком­паниялардың саны 36 пайызға қысқарады деп күтілуде. Қателіктер қайталанбайды Квазимемлекеттік меншікті жекешелендіру ең алдымен мем­­ком­панияларға артық жүк болып отырған бейіндік емес актив­терді еншісін беріп шығарудан басталмақ. Бұл шара «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-қа да тікелей қатысты. Жеке­шелендірудің жаңа толқынын жүзеге асыру мақ­сатында «Самұрық-Қазына» компаниялар тобын жекешелендіру жөніндегі басқарушы комитет құрылды. 14 адамнан тұратын комитет басшысы, аталмыш қордың басқарма төрағасының орынбасары Елена Бахмутова осы жөнінде баспасөз мәслихатын өткізген-тін. «Бағдарлама операторы «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС өткен жекешелендірудің тәжірибесін, Қазақстан заңнамасы мен озық шетелдік тәжірибені басшылыққа алды. Заңдылық пен экономикалық қажеттілікке келсек, сатылымға шығарылатын активтер ең алдымен тәуелсіз сарапшылардың заңдық сараптамасынан өткізіледі. Екіншіден, қор активтерді тәуелсіз бағалаушылар белгілеген әділетті бағамен ғана сатады. Активтерге тек сату үшін жөнсіз баға қойылмайды. Кейбір активтерге сұраныс болмаса, қор мен оның еншілес компаниялары аталған мүлікке қатысты тиісті шешім қабылдайды», деген болатын Е.Бахмутова. Яғни, алғашқы жекешелендіруде кеткен қателіктер бұл жолы орын алмайды деуге негіз бар. Себебі бұл жолы бюджетті толтыру мақсатында ғана емес, бұл нысандардың тиімділігін жеке бизнесті дамыту арқылы жүзеге асыру мақсаты көзделіп отыр деген сөз. Төмен бағамен сатуға мәжбүрлік жоқ. Егер нысанға жөнсіз баға ұсынылса, мемлекет бұл бағадан бас тартып, оны қолданудың басқа шараларын қолдануы мүмкін. Жекешелендіру бағдарламасының ережесінде барлық мүдделі тараптардың құқы мен міндеттерін анықтау, активтерді сату алдындағы үдерістер мен сату тәсілдерін нақтылау, сонымен бірге аукциондар мен тендерлерді өткізу шаралары белгіленген. Сондай-ақ, құжатта стратегиялық активтер мен нысандарды сатуға шектеу қойылған. Үкіметтің 2014 жылғы 12 мамырдағы қаулысымен жекешелендіру бағдарламасы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ-тың тізіміндегі 106 компанияның түрлі үлесі сатылады. Соның ішінде 5 компанияны ІРО мен SPO-ға шығару көзделіп отыр. Осы жылдың маусым-шілде айларында «Қазақстан темір жолы» АҚ құрамындағы 4 компания, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ құра­мындағы 2 және «Қазақстан инжиниринг» АҚ құрамындағы 4 компания сатылымға шығарылады. Бұл шаралар Үкіметтің ұлттық компаниялардың бейінді емес активтердің көп бөлігін жеке меншікке өткізуді құптап отыр­ғандығын байқатады. Газетіміздің алдыңғы сандарында «Самұрық-Қазына Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев ұлттық холдингте жүріп жатқан жекешелендіру жұмысына дайындықтарын баяндап берген болатын. Оның айтуынша, компаниялардың 35 пайызы жекешелендіруге жатады. Егер Қордың тарихына көз жүгіртсек, Президент бізге әу баста жеке компаниялардың қызметін оңтайландыратын, теңгерімін есептеп және компаниялардың құнын көтеруді мақсат еткен құрылымға айналу жөнінде тапсырма берген болатын. Бірақ, дөп келген дағдарыс жекешелендіруге мүмкіндік бере қоймады. Ал «Самұрық-Қазынаға» бөлінген әрбір теңге табыс әкелуі тиіс. Дағдарыстан өткен соң Елбасы бізге өз қызметімізге қайта оралуды тапсырды. Содан бері біз жекешелендіру ісіне кірісіп кеттік. Жекешелендіруді алдымен бейінді емес активтерден бастадық», деді ол. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ құрамына 599 компания кіреді. Олардың ішінде «ҚазМұнайГаз» АҚ, «ҚТЖ» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ сияқты еліміздің ең ірі компаниялары бар. 2013 жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ бәсекелестік нарығына өзінің 11 бейіндік емес активтерін және 394 нысандарын шығарып сатты. Ө.Шөкеевтің айтуынша, олардың ішінде «Мейірім» медициналық орталығы, «Орман Бұлақ» аңшылық шаруашылығы, «Самұрық-ЭнергоСтройСервис» кәсіпорны, қонақүйлер, демалыс орталықтары, балалар бақшалары, ойын-сауық орталықтары, 350 пәтер, офис және гараж нысандары, оқу орталықтары және басқа нысандар бар. 2014-2015 жылдар аралығында бәсекелестік нарығына Қордың жалпы құны 50,8 миллиард теңгені құрайтын 16 бейіндік емес активі және 19 нысаны шығарылмақ. Бұл нысандардың қатарында «Думан» қонақүй кешені, «Сарыағаш» санаторийі, «Ақбұлақ» сауықтыру кешені, «ҚТЖ»-ның сауықтыру-қалпына келтіру орталығы және Қордың шетелдегі, атап айтқанда Грузия, Түркия және Қырғызстандағы активтері бар. Жалпы, экономистердің пікі­рінше, мемлекеттік капиталдың экономиканы сауықтыру мақ­сатында салынуы кейін мем­ле­кеттік бюджетке ауыр болады. Көптеген мемлекеттік мәдени ғимараттарды ұстап тұру қиынға соқпақ. Сол себепті шешімнің бір шеті осы жекешелендіруге әкелді. Кім сатып алады? Сонымен жекешелендіруді жүзеге асыру айы басталды. Осы жерде бірі біліп, бірі білмейтін тағы бір сұрақ бар. Мемлекеттік активтерді сатып алуға әлеуеті жететін сатып алушы кім?! Олар – жекешелендіру аясында сатып алуға әлеуеті жеткілікті отандық және шетелдік инвесторлар мен қарапайым тұлғалар. Оны қалай жүзеге асыруға болады? Ол үшін ешқандай әкімдіктің табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ. Ең алдымен ғалам­тордан мемлекеттік мүлік реес­трінің веб-порталын ашасыз. Осында, яғни «www.gosreestr.kz» порталындағы ортақ электронды сауда алаңында ұлттық холдингтер мен компаниялар өз нысандарын сатуды жүзеге асырады. Яғни, тендер мен аукциондар электронды түрде өткізіледі. Бұл адам факторының барынша азайту, әрі жемқорлықтан сақтану мақсатында жасалған шаралар. Алаңда мемлекеттік мүліктің 2 мыңнан астам аукционы өткізіліп те үлгерген. Мемлекеттік мүлік реестрінің веб-порталының атқаратын қызметі жекешелендіру нысандарын сату ережелеріне сәйкес қайта түзетілген. Электронды конкурс пен тендер өткізу үдерісі автоматтандырылып, холдингтер жұмысына лайықталған. Яғни, тек мемлекеттік мүліктер ғана емес, холдингтер бойынша да сатылымдар осы алаңда жүргізілетін болады. Веб-порталда инфографика мен мүлікті қалай сатып алуға болатыны туралы бейненұсқаулық та орналастырылған. Сатылатын нысандар туралы барлық мәлі­мет­терді жинақтаған баннер де бар. Мұндай сауда алаңы сатудың 3 негізгі қағидатын жүзеге асыруға көмектеседі. Сатудың электронды формасы, сауданың ортақ формалары (электронды аукцион, электронды тендер, электронды конкурс) жинақталған. Электронды аукцион өткізу үдерісіне, оның нәтижесіне әсерін тигізбес үшін адамдық әсер ету факторы мүлдем жойылған көрінеді. Болашақта Қаржы министрлігі порталды қолдануды насихаттау жұмыстарын жиі өткізбек. Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан».