Күндізгі сессияның шымылдығын 63,5 килода сынға түсіп жатқан Санатәлі Төлтаев ашып берді. Алғашқы айналымда кәсіпқой бокста сәтті жұдырықтасып жүрген Израиль өкілі Ахмад Штивиді айқын басымдықпен жеңген жерлесіміз екінші кезеңде үш бірдей Олимпия ойындарының (2008, 2012, 2020 жылдары) және 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатының қатысушысы Ришарно Колимен қолғап түйістірді. 35 жастағы Маврикий аралының боксшысы осы күнге дейін әуесқой бокста ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізбеген болса да, бұл айқаста Азия чемпионатының қола жүлдегерін сүріндіре білді.
Осылайша, әлем чемпионатына екінші мәрте қатысқан отандасымыз жаһандық доданы екінші айналымнан аяқтауға мәжбүр болды. 2021 жылы Сербияда ұйымдастырылған әлем біріншілігінде ол ширек финалға дейін жетіп, Белградта күміс жүлдегер атанған шотландиялық Риз Линчтен 3:2 есебімен жеңіліп қалған еді. Ташкенттегі тартыстың екінші айналымы аяқталмай жатып, осымен екінші боксшымыз жарыс жолынан шығып қалғаны өкіндіреді. Мұның алдында 60 килодағы Талғат Сырымбетов те жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болған-ды.
Төртінші жарыс күнінің кешкі сессиясында «Хумо-Аренадағы» шаршы алаңға әлем біріншілігінің екі дүркін күміс жүлдегері (2017, 2019 жылдары), Токио Олимпиадасының қола медаль иегері Қамшыбек Қоңқабаев шықты. Ұлттық құрама сапындағы ең тәжірибелі боксшымыздың бірі әлем чемпионатындағы алғашқы кездесуін 2018 жылғы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада және әлем чемпионы, 2019 жылғы жастар арасындағы Еуропа біріншілігінің жеңімпазы ресейлік Алексей Дроновпен жұдырықтасып, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті – 4:1. Бірінші раундта ресейлік боксшы мықтылық танытқанымен, екінші және үшінші раундтарда Қамшыбек айқын басымдық танытты. Тіпті қарсыласын бір рет нокдаунға да түсірді. Бірақ «Көрмес – түйені де көрмес» дегендей, бір төреші бәрібір өз даусын ресейлікке беріп жіберді...