Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Олардың көбінің әке-шешесін кеңес өкіметі қуғындады, бала кездерінде аштықты бастан өткеріп, енді ғана жетілгенде кеңес-герман соғысының қанды қасабына ілікті. Әлия 1943 жылы Мәскеу түбінде мергендер лагерінде оқып жүргенде сіңлісі Сапураға жазған хатында: «Қаншама нәрсені бастан өткердік, есіме түсірсем 18 жас емес, жарты ғасыр ғұмыр кешкен сияқтымын» деп жазады.
Соғысқа дейін
1925 жылы Қобда ауданы Бұлақ ауылында туған Әлияның шын есімі – Ілия. Әкесі Нұрмұхамбет 1928 жылдан бастап Қобданың ауқатты байының бірі ретінде қудаланған. Бірнеше рет түрмеге жабылып, одан шыққан соң ауылына келмей бой тасалап жүрген. Анасы Маржан 1933 жылы күзде Ақтөбе қаласының түбіндегі Қурайлыдағы егістікте қалған бидай келдегін теруге кетіп, күзетші оғынан қаза тапқан. Бұл кезде Нұрмұхамбет пен Маржанның Әлиядан басқа Бағдат есімді 5-6 айлық ұлы болған. Маржан қайтыс болғаннан кейін Бағдатты Алтықарасуда тұратын нағашы жұрты алып кетеді. Алайда сәби көп кешікпей шетінейді. Бағдаттан айырылған соң Нұрмұхамбет жеті жастағы Әлияны Маржанның ағасы Әбубәкірдің тәрбиесіне береді. Осы кезден бастап Әлия Нұрмұхамедқызы емес, Молдағұлова болып жазылады.
Әлияның анасы Маржанның туған жері – Темір ауданының Алтықарасу ауылы. Оның туған ағасы Әбубәкір қазақтың теміржол саласындағы тұңғыш кәсіби маман, тағы бір немере ағасы Бисембай Хабиев соғыста әскери тергеуші болып қызмет атқарған. 1935 жылы Әбубәкір Мәскеудегі Әскери көлік академиясына оқуға түсіп, отбасымен Мәскеуге аттанады. 10 жастағы Ілия мен Әбубәкірдің туған қарындасы Сапура Әубәкір мен Рәштің қолында тәрбиеленеді. Бірер жылдан кейін академия Ленинградқа ауыстырылып, бұлар да сонда қоныстанады. 1939 жылы Әлия Ленинградтағы №46 балалар үйіне ауысып, № 9 мектепте оқитын.
Әбубәкір 1941 жылдың жазғытұрымында Алматыға шақыртылады. Бұл туралы 1941 жылдың мамырында дүниеге келген Сапар Әбубәкірұлының естелігінде бар. Ол перзентханадан анасы мен өзін Әлияның шығарып алғанын айтады. Жазда Әлия жеңгесі Рәшке қолғабыс жасап, ағасының балаларына қарасады. Соғыс басталған күндері Әбубәкір Рәшке Әлия мен балаларды алып, пойызбен елге тез жетуін сұрайды. Әлия жеңгесінің жолға жиналуына көмектеседі. Вокзалға шығарып салып тұрып, өзінің Ленинградта қалатынын айтады. Осы жағдай Әлияның тағдырына да, Әбубәкір отбасына да әсер етті. Елде аласапыран, ал он алты жастағы буыны қатып, бұғанасы бекімеген жасөспірім бір өзі Ленинградта қалып барады. Әбубәкір жездесі Нұрмұхамбеттің аманатына қиянат жасағандай күйде еді...
Майданда әскери тергеуші болып қызмет атқарған Бисембай ағасы 1943 жылы Мәскеу түбіндегі Вешняки бекетінде мергендер мектебінде оқып жатқан Әлияға бірнеше рет келіп, жағдайын біліп тұрған. Әлия Сапураға жазған бір хатында 1943 жылдың 13 маусымында Бисембай ағасының лагерьге келгенін, бірақ туыстарын қанша іштей сағынып тұрса да, ашылып сөйлесуге бата алмағанын жазған. Ол өздерінің майданға аттануға әзір екендігін айтып, бұлардың орнына оқуға Кеңестер одағының түкпір-түкпірінен келіп жатқандардың арасында бірде-бір қазақ қызының болмағанына қатты қынжылады. Өзінің бұл жерде жалғыз қазақ қызы екендігін айтқан ол елді сағынғанын да жасырмайды.
1942 жылдың көктемінде жетімдер үйі Ярославль облысының Вятское селосына көшіріліп, 7-сыныпты бітірген Әлия Рыбинск ұшқыштар даярлайтын техникумға оқуға түсіп, осы жерде Ленинградтағы интернаттан бірге келе жатқан Настя Медведчук, Зина Попова, Шура Ужегова, Валя Яковлевамен бірге майданға сұранады. Ол Вешняки лагерінде жарты жыл оқып, 1943 жылдың 23 шілдесінде 54-атқыштар бригадасы құрамында Холм қаласының түбінде, Ловать өзенінің бойында алғаш майданға кірді.
Соғыстан кейін
Соғыс бітіп, ел ес жинай бастағанда 2-Балтық майданы 22-армияның 54-дербес атқыштар бригадасының командирлері Н.Уральский мен Ф.Моисеев Новосокольники қаласында ерлікпен қаза тапқан Әлия есімін ұлықтауды қолға алды. Ол Әлияның қаруластарымен хабарласып, деректер жинастырып, соғысқан жерінде музей ұйымдастыруды қолға алған. Әлия жеті ай соғысқанда 100-ден астам жауды жер жастандырып, Насва теміржол бекетіндегі қырғын шайқаста жауынгерлерді қатарынан үш рет шабуылға көтерген ерлігін командирлері ұмытпаған еді.
Соғыстан кейін Әлия туралы «Социалистік Қазақстан» басылымының тілшісі, майдангер-жазушы Жекен Жұмақанұлы «Әлияның әні» повесін жазды. Ж.Жұмақанұлы 1941 жылдың күзінде майданға Алматыдан шақыртылып, Тверь облысы Оленин ауданы аумағында соғысты. Жазушы Калинин майданының «Жауға қарсы аттан», 2-Балтық майданының «Суворовшы» газетін шығарып, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, 3-Екпінді Армияның атақты мергені Ыбырайым Сүлейменов жөнінде бірнеше мақала жариялады. Қазақтың үш батыры қатарлас жатқан Невель, Великие Луки, Тверь, Новосокольники, Псков қалалары үшін соғысқаны белгілі. Айта кету керек, Екінші дүниежүзілік соғыста шығып тұрған жүздеген майдан газеті бүгінге дейін жеткен жоқ.
Жекен Жұмақанұлы «Әлияның әні» повесінде мерген қызды: «Ойға салмақты жан екені аңғарылатын: көздері ұялы, орнықты, қабағы тұнжыраңқы келген, пісте мұрын, жұқа өңді, қараторы, нәзік. Бұл ажарлы қыз қазақ ұғымында сұлулар қатарына жатады», деп сипаттайды. Осы шығармада ойдан шығарылған жайттар бар болғанымен, Әлияның мінезін, мергендік қырын, соғыса білу өнерін жақсы сипаттаған. Мәселен, 1943 жылдың күзінде мәскеулік жазушы Ставский 54-бригаданың жауынгерлері туралы жазуға келгенінде Әлиямен де сұхбаттасады. Соғысқа кіргеніне 4-5 айдың жүзі болған Әлия бұл кезде соғысқа әбден төселген. Жау шебімен екі арадағы неміс барлаушылары жасырынған нүктені жойған кезі. «Осы бір жасанды атты атып, қолға түсіргеннен кейін Әлия Молдағұлованың мергендік даңқы бүкіл майданды шарлай жөнелді. Ол туралы майдан, армия, дивизиялық газеттер құлпырта хабар жазды», дейді Жекен Жұмақанұлы. Әлия өзі туралы жазғандарды оқығанымен, «Минут сайын ажалмен алысып, от пен өлім құшағында жүрген жан мақтағанды аса ұнатпай, «Мені мақтай бермеңіздер» деп майдан газетінің редакциясына хат жазбақ та болыпты. Бригада командирі Н.Уральский қос мерген Әлия мен Валяны полк штабына шақыртып, Ставскиймен жолықтырады. Жазушы Әлияның окобына дейін бірге барып, жауды қалай аңдитынын көреді. Ставскийдің мәліметтерін сол кездегі майдандағы қазақ газеттері пайдаланғанын жазады Жекен Жұмақанұлы.
Мергеннің жау шебінен 400-500 метр жерде бірнеше жасырын атыс ұясы болады. Мерген өзін алмастыратын қаруласымен кезектесе отырып, қарсы тараптың қимылын аңдиды. Жау мергенінің де өздерін күндіз-түні аңдып отырғанын бір сәт естен шығармайды. Бұл – шайқас арасындағы тыныштық кезіндегі қимылдар. Шайқас кезіндегі мергеннің міндеті – алдыңғы шепке алдын ала бекініп алып, дұшпанның негізгі атыс ұяларын, пулеметші, мерген, офицерлерін атып, шабуылдап келе жатқан ротаға жол ашу. Шайқаста мергендер барлаушылармен қанаттаса алда жүреді. Мергендер реті келсе қолма-қол ұрысқа кірмейді.
Әлия 1944 жылдың 14 қаңтарында Новосокольники қаласының солтүстігінде, Насва теміржол бекеті үшін шайқаста қаза тапты. Сол күні жауынгерлер елең-алаңнан шайқасқа кіріп, түске дейін Насваны жаудан азат еткенімен, солтүстігінде рота жаудың күшті қорғанысына тап болады. Рота жауынгерлері қолма-қол ұрысқа кіреді. Осындай кезде траншеядан шыға келген неміс офицері Әлияны атып жіберген. Барлау ротасының жауынгерлері ауыр жараланған Әлияны Казачиха деревнясындағы жаралылардың қасына жатқызады. Алайда төбесі шөп-қамыспен жабылған үйге снаряд түсіп өртеніп, үй ішіндегі жаралылардың бәрі қайтыс болған. Ұрыс аяқталғаннан кейін қаруластары өртенген үйдің ішінен Әлияның денесін алып шығып, жақын жердегі алма бақтың ішіне көмеді. Соғыстан кейін қаза тапқан жауынгерлер Новосокольникидегі бауырластар зиратына қайта жерленген кезде, плащ-палаткаға оралған шағын бойлы жауынгер денесінің алма бағынан қазылып алынғанын новосокольникилік Евдокия есімді қария ақтөбелік Ғалымжан Байдербеске айтып берген. 1944 жылдың 4 маусымында Әлия Молдағұловаға Кеңестер Одағының Батыры атағы берілді.
ТҮЙІН. Соғыс – жауынгер тағдырының төрешісі. Соғысқа кіргеннен соң Әлия елдегі туыстарына жазған хаттарында сағынышқа толы сезімдерін көп жазбайды. Өйткені соғыс адам мінезін өзгертеді. Қазақ топырағында туып, Ресей жерінде мәңгілік қалған Әлия ХХ ғасырдағы қазақтың батыр қыздарының алдыңғы шоғырында тұр. Әлия ерлігімен бірнеше буын тәрбиеленді. Батырдың бейнесі туған жер, Отанға деген сүйіспеншілік, адалдық, қайтпас қайсарлық пен тектіліктің үлгісі болып ғасырдан ғасырға жалғаса берері анық.
Ақтөбе облысы