Қаза болған бауырды қағаз ішінен іздеген
Шығарма кейіпкерлерінің өмірдегі жағдайға орай кейіптелетіні рас. Көркем әдебиетте оның талай үлгілері бар. Лев Толстой «Анна Каренинасын» жазуға газет бетінде жарияланған «осындай бір жас қыз махаббаттың азабынан пойыздың астына түсіп өліпті» деген тілдей хабарламаны оқып, әсерленгені сонша, бүкіл орыс әдебиетінің бір өлшемі болып отырған ұлы шығармасын дүниеге алып келген. Ал «Қажымұратты» жазуға бір түп қурай себеп болған деседі. Сол секілді қазақ әдебиетінде детектив жанрына жол ашқан белгілі қаһарман қаламгер Кемел Тоқаевтың біз сөз еткелі отырған «Солдат соғысқа кетті» романының сюжеті де аспаннан емес, өзінің трагедиялы тағдырынан алынып жазылған. Отызыншы жылдар салған ойранда қазақтың бір бөлігі Қытайға қашып, бір бөлігі ауған асып, тоз-тозы шығып шашырай бастағанда, тағдырдың қақпақылымен Тоқаның отбасы да туып-өскен жері Қараталдан қашықтап, Бішкектен бір-ақ шығады. Ата-анадан тірідей айрылып, балалар үйінде өскен болашақ жазушы 18 жасында өзі сұранып майданға аттанады...
Соғыстың тарихы бөлек болғанымен, табиғаты бір. Табиғаты мен тарихын біріктіретін жауынгердің рухы мен патриоттық сезімі. Ал ол жай жауынгер ғана емес, Отанына адал, ол үшін бәріне дайын, болмысы адал, қиялы бай, қалам ұстаған жан болса, бойына сіңген сүйіспеншілігі көзімен көрген соғыс суреттерімен шынайы үйлесім тауып, өліп қалған жүйке тамырларына қан жүгіртіп тірілтетіндей толымды дүние тудыра алатыны анық. Болашақта журналист яки тарихшы болуды армандап жүріп Қасым ағасының соңынан соғысқа аттанған К.Тоқаев бұл романын солдаттың жазбасы, яғни окопта жатып өзі жүргізген күнделік негізінде өрген. Романның оқиғасы қою, бірден шиеленіспен басталып, шарықтау шегіне жеткенше тым-тырыс ұйыған көңілдің тұнығы талай мәрте шайқалады...
«Солдат соғысқа кетті» романының бел омыртқасы – Мұхамед. Ел аман, жұрт тыныш, шекара шетін шегіртке баспаған бейбітшілік заманның басын бір-ақ сәтте бұлт торлап, ел мен жерді қараниет жаудан қорғау үшін 18 жастағы Мұхамед жойқын майданның ортасына барып түседі. Оларды әкеле жатқан поезд вагонын неміс әскері әуеден бомбалап, жаңбырша жауған оқтың астында қалады. Мұхамедке оқ тиіп, өліп кетсе, жоқтайтын жанашыр жақыны да жоқ, ауыл байларын ауыздықтап, аша тұяқ қалмасын деп асыра сілтеген соғыс алдындағы зұлматтан ет жақын, туыстың бәрі басы ауған жаққа босып кеткен. Шаш ал десе бас алатын жандайшаптардың кесірінен туған жерінен амалсыз безініп, ет жақынның бәрі ажал құшқанда, Мұхамед пен ағасы Қасым ғана балалар үйін паналап, аман қалған. Қазақ жерінің Қаратал дейтін қиырдағы бір өңіріндегі халықты қынадай қырып салған Голощекин әкелген зұлмат осылайша қысқа ғана баяндалып өтеді. Бұл түсінікті де. Себебі соцреализммен сыйыса алмайтын шындықты жалаңаштап айту кеңестік кезеңде мүмкін емес еді. Өз әулетінің басына түскен қиянатты оқырманға қиялап болса да жеткізіп, қалың қазақтың келешегін қоғадай жапырып келе жатқан әділетсіз жүйені амалын тауып әңгімелеп кеткенін автордың батылдығы деп бағалауға болады.
Кеңес идеологиясы сарынымен жазылған шығармалардың көпшілігі уақыт сынына төтеп бере алмады, кезінде қызығып оқыған кітаптардың дені көнеріп кетті. Асыра суреттелген, жылтыр сөзі көп, жасанды шығармалардың кезінде қалай оқылғанына таңырқайсың да. Бір қызығы, бүгінгі күн биігінен көз салғанда, көркем туындының сол үйреншікті сүрлеуден қиыс кеткені, жазушы стилінен оқырман қасына еріп, қатар жүргендей дәлдік байқалады. Үгіт-насихат құралы ретінде жерден жеті қоян тапқандай тек жетістікті жырлап, мақтау-мадақтау мақалаларды күн сайын жариялайтын партиялық басылымдардың басшысы бола тұра, «Солдат соғысқа кетті» романын жазғанда ел идеологиясына сүйеніш болған әдебиеттің әдепкі әдісінен Кемел Тоқаевтың саналы түрде бас тартқанын аңдамау мүмкін емес. Кеңестік қаламдастары суреттеп жүргендей, соғыс – адал достықтың, мінсіз қарым-қатынастың алаңы емес. Бәрі де өмірдегідей: онда да ақ пен қара, ерлік пен ездік, адамдық пен алаяқтық, сатқындық, қызғаныш араласып қатар жүреді. Балалық шағы аштықпен, жастық шағы соғыспен тұспа-тұс келген автордың батылдығы мына бір детальдан да анық көрінеді. Жау тұтқиылдан шабуыл жасағанда, кеңес әскері бас сауғалап жүгері арасына қашады. Мерген Мейірманов фашистің ұшағын жалғыз оқпен атып түсіреді. Қайырымды іс қылса бұлдауды білмейтін қасиет бойына сіңген момын қазақ жауынгерінің ерлігін Власов деген орыс «жауды жайратқан мен» деп арамдықпен өзіне иеленбек болады. Империялық мемлекеттердің кіші халықтарды тұқыртып ұстау үшін әдебиетте асқан сүйіспеншілікпен қолданған «ұлы орыс» қағидасына қарай, кейіпкерлердің әрекетін керісінше қисындаса да автордың қаламына ешкім билік жасай алмас еді. Алайда соғыс өмірінің шындығын бүркемелемей, жақсылықты жамандыққа жығып бермей, адам үшін адалдық пен әділдіктің қашан да аса қымбат қасиет екенін шағын штрихпен болса да, шынайы суреттейді. Бір деталь: хутор маңайында адасып тиген снаряд оғынан мертігіп, көздері жаудырап қиналып жатқан жылқының тамағынан орып жіберіп, үш күн бойы аш жүрген көпұлтты полк жауынгерлеріне қазы-қарта асып беріп, қарқ қылғаны әрекетінен бас кейіпкер Мұхамедтің қазақы болмысы, бауырмал кең жүрегі көрінеді.
Ұлтқа құрған тұзаққа бар жақыны ілініп, мынау жарық жалғанда жайқалған бір әулеттен жалғыз өзі аман қалған қаламгердің құлағында суық кезеңнің сұмдық жаңғырығы ғана қалды. Жанын шырқыратқан жалғыздық шерінен жазып қана құтылатыны анық. Оң аяғына оқ тиіп, соғыс салған жарақатты өмір бойы сыздаған жүрегінде көтеріп жүріп жазған мазмұнды рухани мұрасын ғұмырбаяндық жанрдағы осы туындысымен толықтыра түскені әдебиет үшін рухани олжа. Ұлттық әдебиетте бұрын-соңды болмаған детектив жанрының дамуына қызмет еткен Кемел Тоқаев 1970-1980 жылдары шығармалары миллионнан астам данамен шығатын қазақтың санаулы қаламгерлердің бірінен саналды. Суреткердің «Солдат соғысқа кетті» романы да мыңдаған оқырманның сүйіп оқитын шығармасына айналды. Бұл көркем туынды жетімдіктің тауқыметін тартқанда жанына жалау болған, 22 жасында ерлікпен қаза тапқан политрук Қасым ағасының басына қойған құлпытасы іспетті. «Қаза болды» деген қара қағазын алғанымен, моласы жоқ марқұм ағасын қағаз бетінен, кітап ішінен іздеп өткен інісі өз азаматтық парызын Жомарт баласына есім, ал «Солдат соғысқа кетті» романымен ескерткіш етіп соғып, еңсесін биік етіп сомдап кетті.