12 Шілде, 2014

Адалдықты ту еткен азамат еді

569 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Жусуп ЖанекеновАлатаудай асқақ, қаратаудай қазыналы, Ақжайықтай тұ­нық арлы азамат 30 қазан 1947 жылы Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы, Мартыновка ауылында өмірге келген. Орта мектепті бітірген соң Қазақ политехникалық институтының гидрология факультетіне түсіп, оны 1970 жылы бітіріп, Алматы қала­сын­да «Казгипроводхоз» су жо­балау, іздестіру инсти­туты­на инженерлік қызметке орналасады. 1971 жылы жолдамамен жаңа құрылған Талдықорған облысының «Казгипроводхоз» институтының филиалына ауыстырылды. Осы мекемеде 43 жыл еңбек етіп, оның 28 жылын директор лауазымында өмірден өткенінше атқарды. Азаматтың қоғамдағы, әріптестері мен замандастары ортасындағы орны жарық дүниеде қанша жасағаны емес, атқарған ісімен, адамгершілік қасиеттері, іскер­лігі, еңбекқорлығы, адал­дығы, әділдігі сияқты қасиеттерімен өлшенеді. Жүсіп Жәнекеновтің адамгершілігі өте жоғары, ақ жаны албырт, жүрегі елжіреген, көңілі пәк еді. Жер бетінде қанша адам болса, барлығының дерлік «мына қарбалас тіршілікте, тынымсыз тірлікте» өзіндік атқаратын міндеті мен парызы секілді. Өмірден алатын өзіндік орны, сыйы мен дәрежесі, құрметі мен қошеметі, абыройы мен атағының болары сөзсіз. Бірақ, біріншісіне қарағанда екіншісінің салмағы ауыр, жолы қиын, қолға түсе беруі сирек. Өйткені, ол табанды еңбектің, тынымсыз ізденістің, қажырлы қайраттың, білім мен біліктің, күш пен жігердің нәтижесінде келеді. Таңдап алған кәсібін сүю, бастаған істі діттеген жеріне жеткізу, ойлаған жоспарды жүзеге асыру, көпшіліктің тілін табу секілді толып жатқан қасиет бір бойынан табылып, алғырлық танытқанда ғана сенімен өзге­лер санасады. Сөзіңді тыңдай­ды, өзіңді мойындайды. Міне, осындай адами қасиет­тері мен өмірден лайықты орнын тапқан азамат Жүсіп Рысқалиұлы өмірдің парқы мен кісіліктің нарқын пайымдай алатын, жақсы мен жаманды саралай алатын табиғатынан алғыр, ұстынымына берік, тізерлеп өмір сүрмеген, біреу­ге қарап жалпаңдамаған, жал­таң­дамаған, өзі ісі дұрыс бол­са, ешкімнің жетегіне жүр­ме­ген табанды азамат еді. Жүсіп Рысқалиұлы қызмет баспал­дағына да өзінің ерте танылған қабілет-қарымының, білімі мен білігінің, парасат пайымының тереңдігімен жетті. Ат жалын тартып, еңбекке араласқанынан бастап, өмір­ден өткенше «Еңбегім еліме, елімнен қалса ғана ерніме», деп адал өмір сүрді. Жүсіптің еңбек жолы Жетісу су шаруа­шы­лығының дамуымен ты­ғыз байланысты. Осы сала­да қыз­мет істеп, өзін су шаруа­­шылығы құрылыстары мен ғимараттарын жобалауда білімді инженер, қабілетті ұйымдастырушы ре­тін­де таныта білді. 1979-1982 жылдар аралығында Йемен Халық Демократиялық Республикасындағы суландыру үдерістеріне үлкен үлес қосты. Ж.Жәнекеновтің тіке­лей басқа­руымен бұрынғы Талды­қорған облысы бойынша 1990 жылғы 1 қаңтарда 303 мың га суармалы жер игерілді. Елді мекендерге 5000 км. ауызсу жеткізіліп, бұл елдің әлеуметтік жағдайының жақсаруына оң әсер етті. «Құндызды», «Көлтабан», «Қызылағаш», «Қоңыр өлең» елді-мекендерінде жауын­датқыш арқылы жер асты­нан су шығарылып, егістік салынды. Жоғары деңгейде жасалған Алматы облысы, Талдықорған, Семей, Өскемен, Павлодар өңірлерінде «Дүниежүзілік даму банкінің» демеушілігімен суландыру жүйесі іске қо­сылды. Адам баласының өмірдегі үш міндеті: құмда құдық қазу, өзенге көпір салу, жаһан далаға ағаш отырғызу болса, Жүсіп осы парызын іске асырып, ел игілігіне еңбек етті. Нарықтың алғашқы қиын кездерінде өзі басқарып отыр­ған мекеменің жерін нық ұстап, ұжымына қамқор бола білді. Ғимараттың бір бұрауын, бір кірпішін бұзбай, талан-таражға салмай, тозығын шығармай, аман сақтап, Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына көшіп келгенде ешбір сөзге келмей сол ғимаратты облыс мекемелеріне табыстады. Халқымызда «Аттың бәрі қаза­нат емес, жігіттің бәрі аза­мат емес», деген нақыл сөз бар. Жүсіп «Тазалықты жаныма халқым берген», деп адал­­дықтың ала жібін атта­мады, құлқынның құлы болма­ды, пендешілікке бармады, азаматтығынан жа­ңыл­м­а­ды, биігінен аласарма­ды. Алыс­ты жақын, бөтенді бауыр ет­кен кішіпейіл, қара­пайым, жаны таза, ары таза, жан­дү­ние­сі жақсылықтан өріл­ген, ай­на­ласына жақсылық жа­сау­ға, қуантуға асығып, мейі­рім шуа­ғын шашып жүрген үлкен әдеп­тің, ұяң мінездің иесі, ел-жұрт пана тұтып, арқа сүйер аға еді. Жүсіп Рысқалиұлының іскерлігі мен ұйым­дас­тыру­шылық қабілеті­не, күрделі мәселелерді шебер шеше білетіндігіне жұртшылықтың көзі жетіп, есімі әріптестері арасында құрметпен аталатын. Жетісу азаматтары арасында сыйлы, сүйкімді болды. Өмірі қысқа болса да мағы­налы, өнегелі болды. Бұл фәни дүниеде ғұмыр қым­бат. Өмірден адамға сенім қым­бат. Байлығыңнан көңіл қым­бат, деген даналар. Жүсіп Рыс­қалиұлы – сенімге селкеу түсір­меген, ешкімге қылдай қия­нат жасамаған, ешкімнің көңі­лін қалдырмаған, кісілік ат­ты шыңның кішілік атты биі­гінен көрінген тұғыры биік аза­мат еді. Шығыстың Ұлы ой­шыл­ы Сағди «Жаратқанның пен­десіне берілген үлкен сы­йы – оның артында қалатын жақ­с­ы аты, мейірімділігі мен қайы­рымдылығы», деген. Бүгінде аяулы азаматтың артында жақсы деген сөз, өшпес іс, ізгілікті із қалды. Күләш ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ, Талдықорған қаласы мен Сарқанд ауданының құрметті азаматы. Алматы облысы.