Қоғам • 06 Мамыр, 2023

«Жау тылында» ескірді ме?

429 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Отанды сүю, достықты аялау, махаббатқа адалдықтың асқан үлгілерін дәріптеген майдангер қаламгерлер шығармашылығы арасында Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты партизаны, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің публицис­тикасы айрықша орын алады.

«Жау тылында» ескірді ме?

Әбіш Кекілбаевша айтқанда, «қанды қасаптан оралмай қалған мыңдаған аталарымыз бен әкелеріміздің ақырғы көзіндей болған» алдас­пан батырдың партизан өмірінің шежіресі іспетті «Жау тылында» повесін жата-жастана оқымаған адам кемде-кем. От жарқылы ойнаған соғыстың сол бір ауыр да алғашқы күндерінде Украинаның қан илеген топырағында, зар илеген атырабында жолбарыстай жортып жүргенде жазған сарғайған қойындәптерлер жылдар өте келе сары алтындай болып қазақ рухының кәдесіне жарады. Соғыс кешіп жүріп жан тапсырған, белгісіз қорымдарда қалған жақындарын жоқтап жүрген қайғылы қауымның қолтығынан демеп, қайта тыңайтқандай болды.

Украина ормандарында жаудың желке жағында жүріп соққы беріп, кеудесін оққа төсеп әскер өмірінің қия-жықпылын көзімен көрген майдангердің болған оқиғаны боямасыз, қаз-қалпында жатық тілмен жеткізген шығармасы қаншама жас өскіннің бойында намыс отын тұтатты. Әрқайсысы бір тарау, қырықтан астам қысқа әңгімеден тұратын шығарма бірден баурап, «партизан ерлігі» деген ортақ жүйеге бағынғанымен, әр бөлімнің оқиғасы жаңа, жеке тақырып болып қызықтырып, еліктіріп оқытқан оқушы кезіміз ұмытылған жоқ. Ғасырлар көшінде пешенесіне ауыр тарих жазылған украин халқының отансүйгіштік қасиеті, жергілікті хутор тұрғындарының партизандарға жасаған көмегі, отряд жауынгерлерінің адал достығы, жау әскерінің зұлымдығы қым-қуыт оқиғалар тізбегінде шынайы баяндалады.

«Партизан дауысы» деп аталатын бөлімінде: «Біз соғыстың зардабын көп тарттық. Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін көптеген жолдастарымыз қаза тапты. Бала – анасыз, ана – панасыз қалды. Мыңдаған отандастарымыз мүгедек болып қалды. Еңбексүйгіш талантты халқымыздың табан еті, маңдай терімен орнатылған сәулетті қалалар мен селоларды жау өртеп жіберді. Мәпелеп өсірген мәуе ағаштары мен жайқалып тұрған егіс жау бомбасы мен снарядтарының астында қалды. Өрістегі мал қырылды. Міне, соғыстың кесірі осындай болады» дейді майдангер жазушы.

Соғыс зұлматын осылай суреттеп отырған «Жау тылында» шығармасы да бүгін ескірді ме? Соғыстың не екенін білмей өсіп келе жатқан кей оқырман: «Соғыс туралы қайталап оқудың қажеті бар ма, ол тақырыптағы шығармалар уақытпен бірге өміршеңдігін жойып отырады ғой» деген пікірді алға тартады. Барлық халықтың әдебиетінде бар бұл тараптың шығармаларына «мәңгі тақырып» деп маңыз берілсе, соғыс тақырыбы қайталап соғуды қажет ететін, қараулыққа құлшынысты білдіретін өзекті деген әңгіме емес. Кез келген соғыстың адамзатқа қарсы жасалатын зұлымдық екенін ескерту. Ерлік жайын айта отырып, ел болуға үндеу. Өмірдегі күллі өтірік пен жалған батырлықтың бетпердесін жұлып алып, нағыз ерлік пен таза рухтың қандай болатынын көрсету.

Бүгінгі Украинаның басындағы жағ­­дайды көріп отырып «әлемде бейбітшіліктен өткен өзекті мәселе бар ма екен» деген ойда қаласың. Қасым Қайсеновтердің «Жау тылында» секілді ерлік шежіресін әр адам жастайынан оқып өссе ғана ұрпағы үшін арпалысып өткен жауынгер бабалар ерлігінің сабақтастығы үзілмей, отаншылдық пен рухтың қандай болатынын жас буын сезініп өседі. Ерліктің атын мәңгілік есте қалдыратын да осындай шығармалар. Б.Момышұлы, Ә.Шәріпов, Т.Ахтанов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Нұршайықов, Қ.Исабаев сияқты шайқастың іші­нен­ келіп, шығармашылығында сұм­ соғыстың зардабын айыптаған қалам­гер­лердің қай-қайсысы да ұрпағын осындай жамандықтан сақтандырады. Тамсандырған туындысының бәрі де «Соғыспаңдар!» деп айғайлайды, жалынады, талап етеді. Жаман ба? Ендеше, жаңа ұрпақтың жүрегіне мейірім дәнін егіп, қантөгіс атаулыға жеккөрініш сезімін оята алатын құдірет тек әдебиеттің қолында.

Қасым Қайсеновтердің «Жау тылындасы» сол үшін қастерлі, сол үшін керек. Патриотизм, аталар ерлігі мен рухының символы болған Жеңіс күні мерекесі алыстап, тарихтың жаңа парағымен бірге Отан қорғаушылар атты дербес мейрам келіп орнын басып, жаңартқанымен, халық жадындағы қасірет таңбасы өшпейді. Жеңіс күні келіп жеткен сайын арғы жағында жасырылып тұратын мұң мен ой «өткеннің қателігі қайталанбаса екен» деген тілекпен ғана үндеседі.