12 Шілде, 2014

Өскемендік жігіт америкалық иллюзионистің трюгін қайталады

349 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Шығыста кеңінен танылып келе жатқан жас иллюзионист бар. Антон Росс есімді өскемендік сиқыршы соңғы кезде жиырма метр биіктікте орындалатын америкалық Гарри Гудинидің трюгін қайталап жүр. Шілденің шыжғырған күніне қарамастан, Россты қолпаштаушылар, ерекше сиқырға еліткен жастар жас жігіттің өнерін тамашалауға күн сәскеден ауа жиналды. А.Росс 1995 жылы туған. Өскемендегі №9 орта мектепті тәмамдаған. Сиқыр өнеріне ден қойып жүрген 19 жасар жігіт бұл жолы заңғар биікте аяғынан байланған арқаннан салбыраған күйі үстіндегі жейдесі мен темір шынжырын шешуге тиіс болатын. Әрине, жерден көкке көтерерде трюкшінің қолын мықтап тұрып айқастырып, үстінен бітеу жейде кигізіп, оның сыртынан темір шынжырмен шандып байлап тастады. Бұл өте қауіпті әрі жауапты трюк болғандықтан, Жеңіс даңғылының бойындағы көрініске төтенше жағдайлар департаменті мен жедел жәрдем қызметкерлері де арнайы келді. А.Росс бұл іске саналы түрде барып отырғандығын, ешқандай қан қысымы жоқтығын, денсаулығының қалыпты екенін баяндаған қолхат жазып берді. Жедел жәрдем фельдшері Галина Вейцельдің айтуынша, 20 метр биіктіктен төмен қарай салбыраған адамның жейде шешуі тұрмақ, артериалды қан қысымы көтерілуі, өміріне зор қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан, дәрігерлер трюкті көрсетерден бұрын трюкшінің қан қысымын өлшеп, тексеруден өткізді. – Бұл – бес қабатты үйдің биіктігіне шамалас. Сондықтан, арнайы кигізілген көйлекті үш-төрт минуттың ішінде шешіп, босап шықпасам, басыма қан құйылып кетуі де мүмкін, – деді жас иллюзионист. Ол бұған дейін аталған трюкті үш метр биіктікте сынап көрген екен. Шараны ұйымдастырушылар оған кигізілетін жейде мен темір шынжырды жиналған қауымға тексертіп те алды. Міне, ыстық күнде дегбірді алған трюк те басталды. Алаңға арнайы алдырылған 25 тонна жүкті көтеруге қабілетті кран Антонды аяғынан байланған арқанымен зәулім биікке көтере жөнелгенде жиылған жұрт іштен тынып қалған еді. Сонау көкте тұрған трюкшіге қараудың өзі үрейлі. Ол болса, аз-маз бұлқынғандай қалып танытып, кеудесін матаған шынжырдан оңай құтылды. Ал жейдені шешуге біршама уақыт кетті. Біршама дейміз. Бар-жоғы бірер минут. Асса, екі минут. Бірақ, түу көкте аяғынан ілініп тұрған адам үшін бір секундтың өзі бір сағат сияқты болатын шығар. Бұл жағдайды, әрине, А.Росс жақсы біледі... Әп-сәтте жейде де шешіліп, төмен қарай ағып түсті. Сәлден соң трюкшіні көтеріп тұрған кранның көтергіші де төмендей берді. Оны жерден төтенше жағдай қызметкерлері мен дәрігерлер күтіп алғанымен, ол өзінің жағдайы қалыпты екенін айтты. Жұрт ду етіп, қошемет көрсетті. А.Росстың айтуынша, мұндай өнер оған атасынан дарыса керек. Ол атасының қолын кері қайырып, қайта қалпына келтіретін қасиеті болғанын өз қимылымен жеткізді. Бұл трюкке бес жыл бойы әзірленген трюкші әлі де көптеген жоспарлары бар екенін айтты. Сәтін салса, жас жігіттің өнерімен тәнті ететін күндері алда. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН. А.Росс трюк жасаған бейнекөріністі газеттің сайтынан көре аласыздар. http://youtu.be/R6At_s17YlI