Испанияның бас шаһары – Мадридте мәресіне жеткен «Мастерс» турнирінен кейін халықаралық Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) теннисшілердің жаңартылған рейтингін жария етті. Жаңа рейтингке сәйкес Мадрид додасында екінші айналымға дейін жеткен Елена Рыбакина жетінші орыннан алтыншы сатыға көтеріліп, Қазақстан теннисі тарихындағы жаңа рекордты орнатты. Яғни бүгінге дейін ел теннисшілерінің бірде-бірі жекелей сында мұндай нәтижеге қол жеткізіп көрген емес.
Ал ұлттық құраманың өзге өкілдеріне келер болсақ, Юлия Путинцева рейтингтегі орнын сақтап қалды. Қазіргі таңда ол әлемдік рейтингте 51-орынға жайғасқан. Елена Рыбакина бүгін Италияның Рим қаласында жалауы желбірейтін «Мастерс» турниріне қатысады. Отандасымыз жарысты екінші айналымнан бастайды.