Әдебиет • 08 Мамыр, 2023

Ақынның жүрегі – батырдың мінезі

258 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соғыс туралы өлеңдердің ішінен Сырбай Мәуленовтің жырларын ұнатып оқысам да, алдымнан Қасым Аманжолов шыға береді. Сұрапыл жылдардың рухын сезінгің келсе, бәлкім сәп-пәл жақындағыңыз келсе, Қасым мен Сырбайды қатар оқу керек шығар деп білемін.

Ақынның жүрегі – батырдың мінезі

Бұл ақындар ұрыс даласынан репортаж берді. Жан-жүрегінен өткеріп, қан тамшылап тұрған өлімнің өзін өр рухпен жырлады. Соншама қанды қырғынды келістіріп жырлаудың өзіне ерлік керек қой. Адам баласының басы денесінен бөлініп домалап бара жатқанның өзін өрнектеп беру үшін жүрегіңнің түгі болмаса, білмеймін. Жасып, шошып, қашып кетуі керек еді. Қанды көрген, қан тамшылап дірдектеп барып өлген жанды көрген ақын. Бұлардың кеудесіндегі рухқа қайран қаласыз. Ақынның жү­регі – батырдың мінезі көрінеді. Олай дейтініміз, соғыста дірдектеп жатқан денеге зеңбірек оғы түскенде парша-паршасы шығып, шашырап кеткенін аянышпен жазған батыс авторларын білеміз. Мұндай сұмдықтарды майдандағы қазақ ақындары көрмеді дейсіз бе? Көргенде қандай?!

«Қасиет күші ұлы Отанның,

Қанатын бер қыран құстың,

Ашуын бер арыстанның,

Жүрегін бер жолбарыстың!

Күллі әлемнің ашу-кегі

Орна менің кеудеме кеп!

Жау жолына атам сені,

Бомба бол да жарыл жүрек!»

деп жазды. Автоматта атар оғы тау­сылғанда жау танкісінің астына гра­натымен қоса түсіп жарып жібер­ген Абдолланың ерлігін жырлады Қасым. Қайсыбір батыс жазушылары мұндай оқиғаларды аянышты әсермен суреттегені есімізде. «Ша­шылып жатқан еттерін окоп қабыр­ғаларынан қасықпен қырып алдық» дегендей сөйлемдер есімде қалыпты. Ұмытпасам, Эрих Ремаркта болуы керек.

Қателеспесем, басы дене­сі­­нен бөлініп түскенде немесе­ өліп­ бара жат­қанда аяқтары тыпыр­лап қалған жан иесінің азабы­нан түршіккенін Толстой да жазып, қатты қапаланады. Мұны адамзатқа тән әрекетке мүл­де сыйдыра алмадым деген­ сы­ңайда ой айтады. Әрине, Толс­той бұл жерде соғысты жа­зып отырған жоқ. Соғыс я басқа болсын, қырып-жою мен қантөгістің аты қантөгіс қой. Сонда қалай болғаны? Қа­сым­ның­ өзі айтпақшы:

«Өмір гүлін жан­шып, таптап,

Шаштан сүйреп махаббатты,

Жерімізде жындай қаптап,

Найзаға іліп ар-ұятты –

Келе жатты сұм жендеттер,

Жиіркеніп, жиырылды жер»,

болып жатса да ерлікті жыр­ла­ған қа­зақ ақындары қатыгез бол­ғаны ма де­ген сұрақ көл­де­нең­дейді. Жоқ, әрине. Бұлай ет­песе, ол ақындардан ке­йінгі ұр­пақ құрдымға кетер еді ғой. Бұл сұрақтың жауабын Сырбай өлең­дерінен табамыз:

«Өлтірмек болды ұлымды,

Дүниеге әлі келмеген.

Өлтірмек болды жырымды,

Линотипистер термеген».

Бұдан артық не деуге болады?

Тіршілікте адамның өзін оятудан асқан күш жоқ екені айтылады. Рух көтеру! Қазақтар аруақ шақыру деп те айта береді. Соғысқа бір қолын бе­ріп келген Сырбай Қасым жаза алмай кеткен сұмдықтар мен қасіреттерді жыр­лады.

«Кетерде солдат жарының,

 Ішінде қалған ана жыл.

Көкемді айтпай танырмын

Деп бір сәби бала жүр.

Қайрылмай қалай кетерсің,

Хабарсыз қалай ол тоқтар.

Көрдің бе оның көкесін,

Соғыстан қайтқан солдаттар».

Кетіп бір қиналған солдат келіп екін­ші қиналамын деп ойлады ма екен?

Өтежан Нұрғалиев айтпақ­шы, «Соғыс» дейтін сөзді тү­сін..­. түсінбе, Талай бомбы жатты істеген ісінде» деп қазір әде­биет­тен­ ғана парықтай аламыз.