Пікір • 08 Мамыр, 2023

Жиһаз жасаудың «шеберлері»

766 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаһандық індет бүкіл әлемді уысында ұстаған кезеңде үйінде жатып-ақ жұртты сазға отырғызып кеткен алаяқтардың түр­лері көп болғанын білеміз. Интернет ар­қылы жүзеге асатын қылмыстық эпизод­тардың белең алғаны соншалықты, құқық қорғау органдары оның «үздік ондыққа» кіретін түрлерін жариялауға мәжбүр болғаны да есте.

Нақты деректерге сүйенсек, 2021 жылы елімізде Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша 30 мыңнан аса қылмыстық іс тір­келіп, алдыңғы жылдан 40 пайызға жоғары болды. Елді орасан шығынға батырған алаяқ­тықтардың ішінде төлем картасынан ақша сыпырып алу, азаматтардың мойнына несие ілу, жоқ тауарлар мен пәтерлерді сату, білім саласындағы делдалдық жасау сияқты қылмыстық әрекеттер болса, солардың ішінде жиі кездесетіні жиһаз «шеберлері» еді.

Сол кезде Polisia.kz жариялап отырған мәтіндердегі оқиғалардың көпшілігі бір-біріне ұқсас болатын. Мәселен, «Алматыда жиһаз жинаудың маманы ондаған азаматты алдап кетті» деген хабарға көз салсаңыз, негізгі сценарий шығады. «Жұмыссыз 1983 жылы туған Е. есімді азамат оңай баюдың жолдарын іздеп, алаяқтыққа негізделген қыл­мыстық жоспар құрды. Қазіргі уақытта оның шаһар аумағында 10-нан аса алаяқтық әрекеті бар. Күдікті интернетте тапсырыс бойынша жиһаздың әр түрін жасайтыны туралы жарнама таратқан. Араға уақыт салып З. деген азаматша өзінің тіркеуі бар ЖК-мен бірге жұмыс істеу туралы ұсыныспен оған жүгінеді. Әйел адам клиенттерді тауып, келісімшарт жасайды, ал «жиһаз жасаушы» ағашпен жұмыс істей алатынына сендіреді. Сондай-ақ «маман» екеуара мәміледе шығын материалдары үшін тапсырыстың 80%-ын алдын ала алатынын көрсетеді. Серіктестер қол алысып, тапсырыс­тар тұрақты түрде түсе бастайды да, клиенттерден кемі 200 мың және одан да көп сомаға тапсырыстар қабылданған», деді Бостандық аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Еділхан Байғараев.

Айналып келгенде, алаяқ ешқандай шығын материалдарын сатып алмаған және ештеңе жасамаған. Күдікті клиенттерден алған ақша­ны жеке басының рақатына жұмсап жүре бер­ген. Ал клиенттер көп ұзамай тапсырыс­ты жылдамдатуды сұрай бастады. Өкінішке қарай, алданған клиенттердің ешқайсысы жиһаздарын алмақ түгілі, көрмей кетті десек те болады. Өйткені «жиһаз жасаушы» алаяқтың қолынан келгені, яғни тек көздегені – адамдардың сеніміне кіріп, ұрмай-соқпай-ақ ақшаларын алу. Ал бұл ақпарат әдеттегідей: «Қазіргі уақытта ұсталған адам Алматы қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу әрекеттері ҚР ҚК-нің 190-бабы бо­йынша жүргізіліп жатыр.

Ал біздің айтпағымыз, алаяқтық осы түрі әлі де өркендеп тұр. Тіршілік болған соң жұрттың бәріне бірінші кезекте ас-суымен бірге жиһаз да керек. Ал «жиһаз жасайтындар» оң мен солын ажырата алатын ең сақ адамдардың өзін де сазға отырғызып кете алады. Оны айналамыздағы көршілерден де көріп отырғандықтан, пандемия кезінде «Жиһаз шеберлері» деген файл ашып, оған қатысты қылмыстық эпизодтарды жинастыра берген екенбіз. Ал мұны төмендегідей жағдай қайта еске түсіріп отыр.

«Дап-дардай болғанда алаяқтардың қар­мағына түстім. Жиған-тергеніме жиһаз жаса­туға тапсырыс бергенмін. Енді жиһаз да жоқ, ақша да жоқ. Сәрсенбінің сәтінде хард-кол­лекшен операциясын бастаймын. Әрі қарай күтудің мәні жоқ. Достар, абай болыңыздар, мына алаяқтардан сақ болыңыздар», деп жазып отырған замандасымыз «Izumrud mebel» деп аталатын компанияның әлеуметтік желілер­дегі парақшалары мен сол адамдардың жеке куәлігін салып отыр.

Ал алаяқтардың кезекті құрбаны «компания өкілдерімен» кездескен, олар екі рет өлшеп, керекті жиһазды жеті рет пішіп, материалдар мен басқа да керек-жарақтарын (фурнитура) алуға келісілген соманың жартысын алып, ізім-қайым жоғалған. Қарап отыр­сақ, жаңадан үй салған көршілердің де жиһаз шеберлеріне алданбағаны аз. Керек болса, қомақты қаражатты алдын ала қалтасына басып, қашпай-ақ темір тордың ар жағынан шыққандары бар. Бұл жердегі эпизод мынадай: жиһаз жасаушы біраз адамнан тапсырыс алып, ақшаларын жинап алған соң, әйелінің ақылымен шетелге демалуға кетеді. Қайтып келген соң материал алуға, әрине, ақша жоқ, бірдеңесі болар деп тапсырыс үстіне тапсырыс жамап, ақырында қарызға белшеден батып, «ал қайтара алмаймын, қайтесіңдер» дегеннен кейін сотталып отыр.

Айналып келгенде, күйетін де, шығын шегетін де – момын халық. Миллион теңгенің баспалдағы да, суреттегідей әдемі асүй жиһазы да жоқ. Өз ісінің нағыз майталмандарына, адал адамдарға деген сенімді жоғалтпау үшін сенімді жерге жүгініңіз.