Ауылды сақтап қалды
Тоқсаныншы жылдары халық қалаға қарай үдере көшті де, көптеген елді мекендегі еңселі кірпіш үйлер мен әлеуметтік ғимараттар, жылу қазандықтарына дейін бұзылып, қаладағы құрылысқа жұмсалып кетті. Осылайша, ауылдың халқы ғана емес, қалауға жарайтын кірпіші де қаладан орын тапты. Науырзым өңірінде бір кірпіші де кертілмей, бүкіл үйі, әлеуметтік ғимараты түгелдей бүтін қалған жалғыз ауыл – Шолақсай ғана.
1994 жылы Өмірзақ Ихтиляповтай алдын аңғарғыш білікті басшы келмегенде, кім білсін, бүгінде облыстағы ең үлгілі елді мекендердің қатарында тұрған Шолақсай да тоз-тозы шыққан өзге ауылдардың кебін киер ме еді? Тәжірибелі басшы алдымен шатқаяқтап тұрған шаруашылықтың еңсесін тіктеп, халыққа керек әлеуметтік нысандардың жұмысын жандандырды. Елдің мұқтажын түгендеп, әне-міне деп жолға шығуға бел буып отырған көштің алдын іркуге қам жасады.
«Ол кезеңде өте қиын болды ғой, жұрттың көбі қалаға қоныс аударды. Халықтың ауылда қалуы ең алдымен мектепті сақтап қалу керек болды. Мен келгенде мектептің жылу жүйесі жұмыс істемей қалыпты. Оқушыларға контордың ғимаратын босатып беруге тура келді. 2004 жылы өзіміздің қаражатымызбен мектептің жылу жүйесін жаңартып, балалар жылы сыныпқа кірді. Дәретханасын жөндеп, есіктерін ауыстырдық. Мәдениет үйінің де шатырын көтердік. Спорт залы, кітапханасы жұмыс істеп тұр. Өзіміздің жекеменшік балабақшамыз бар. Оны да жөндеуден өткіздік. Бұрынғы ескі асхана да қазір заманға сай, қандай қонақ келсе де ұялмай қарсы алуға болады. Ел болған соң, онда түрлі қуаныш тойлары мен ас беріліп тұрады. Ауылдың ФАБ-ы, жедел жәрдем қызметі жұмыс істеп тұр. 2004 жылы жедел жәрдем көлігін алып бергенбіз. Былтыр мемлекет жаңа көлік берді», дейді тәжірибелі диқан.
Ауылдың өз музейі де бар. Мұнда Шолақсай тарихынан сыр шертетін байырғы тұрғындардың, еңбек және соғыс ардагерлерінің, егіздердің фотосуреттері, көне жазу мәшинкесі, машинка, арифмометр, иінағаш, келі, көне қазандар секілді жәдігерлер сақталған. Мұражайда тұрған ескі пулеметтің лентасы кезінде Шолақсай, Торғай өңірін кесіп өткен Колчак әскерінен қалған деседі. Көне жәдігер ауыл тұрғыны Жақсылық Байбосыновтың бақшасынан табылыпты. Шолақсайдың ескі мектебінің өзі – бір тарих. 400 шаршы метрлік мектеп ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің бастамасымен 1903 жылы салынып, 1983 жылы жабылған. Шаруашылық басшысы құлауға шақ қалған ғимаратты бұзып тастамай, күрделі жөндеуден өткізіп, сақтап қалған. Бүгінде ауыл тұрғындары намазхана ретінде пайдаланып отыр.
Нан бағасы – 50 теңге
Өмірзақ аға өзі негізін қалаған «Шолақсай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тізгінін ұлы Мәдиге табыс еткен. Шаруашылық бүгінде 18 мың гектар жерге дән егеді. Мал да бар. Уақытында ешқандай несие алмастан, өз қаржысымен техника паркін жаңартты. Ресейден, Канададан жер өңдейтін, егін себетін кешен, германиялық комбайндар алынды. Өйткені заманауи озық техника болмай, жерді күтіп-баптап, еткен еңбегіңе сай жоғары өнім алу қиын. «Шолақсай» – облыстағы өз ұшағы бар санаулы шаруашылықтың бірі. Серіктестік бүгінде ауылдың 140 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
«Ауылдастарды жұмыспен қамту аз. Халық ауылға тұрақтап қалу үшін алдымен олардың әлеуметтік тұрмысын жақсарту керек. Адам тұрмаса ауыл қалай көркейеді? Бізден қыс бойы 140 адам жалақы алады. Ал көктемгі дән сіңіру, күзгі егін орағы науқанында жұмысшы саны 250-ге дейін барады. Былтыр қырық күндік күзгі науқанда комбайншылар 1 млн 400 теңгеден жалақы алды», дейді шаруашылық басшысы.
Серіктестік ауылда бірнеше дүкен ұстайды. Бұл дүкендердегі азық-түлік бағасы облыс орталығындағыдай. Өйткені ауылдағы тауардың арзан, не қымбаттығы шаруашылықтың экономикасына еш әсер етпейді. Қайта арзан бағамен жұртты көшіп кетуден тежеп отыр. Еліміз бойынша ең арзан нан да осы Шолақсайда. Ауыл наубайханасы тәулігіне 400 бөлке нан пісіреді. Иісі бұрқыраған 850 грамдық әлеуметтік бөлке нанды жергілікті тұрғындар небәрі 50 теңгеден алады. Бұл – Қостанай дүкендеріндегі наннан 3 есе арзан.
«Өзіміз егін егеміз, сондықтан ауыл халқы таза экологиялық нан жеуі керек. Өзіміздің бидай, өзіміздің диірмен, өзіміздің наубайхана бар. Өткен ғасырдың 60-70-жылдары Горькийден (Нижний Новгородтан) әкелінген диірмен еді, өзімізге жарайды. Екі диірменші бар. Ауылдың ана шеті мен мына шетінен екі табын мал шығады. Жайылатын жерді біз өзіміздің жерден береміз. Оған көк тиын сұрамаймыз. Қай жерге жаямыз деген мәселе жоқ. Ауылдың іргесінде бөгет те бар. Содан су ішеді», дейді Өмірзақ аға.
Шаруашылық халықтың жем-шөбін де арзанға түсіріп береді. Елдің қысқы отын-су мәселесі де оңтайлы шешілген. Былтыр «Шолақсай» жұмысшыларының бәрі шөп пен көмірді тегін алды. Шаруашылық басшысы мол өнім алған жылдары Құдай есесін берер деп елге де қарасуды үрдіске айналдырған.
Үлгілі оқушылар шәкіртақы алады
Қостанайдан 200 шақырым қашықта жатқан 350 үйлі Шолақсайда 1100 адам тұрады. Ауыл мектебінде 130 бала білім алып жатыр. Былтыр бірінші сыныпқа 14 бала барған. Мектепке дейінгі орталықта да 14 бала тәрбие алып жатыр.
Осыдан біраз жыл бұрын серіктестік Шолақсай мектебін 12 миллион теңгеге қайта жөндеуден өткізген. Былтыр мемлекет тарапынан 80 млн теңге қаржы бөлініп, білім ордасына бастан-аяқ күрделі жөндеу жүргізілді.
«Терезесі ауыстырылды, шатыры жоқ еді, бұрын қара қағазбен жабылған. Ол күннің ыстық-суығында жарылып, су ағып, соны жөндеумен әлек болатынбыз. Шатыры көтеріліп, жанымыз жай тапты. Әртүрлі пән кабинеттері ашылды. Қазір, тәубе, мемлекет жақсы көңіл бөліп жатыр», дейді Өмірзақ Ихтиляпов.
Серіктестік бұрын қаңқасы қалған балабақшаны қайта жөндеп, қатарға қосты. Мектептің компьютер сыныбын жабдықтап, интерактивті тақтасын алып берді. Бір сөзбен айтқанда, ауыл балалары өркениет жетістіктерінен кенже қалып жатқан жоқ. Шаруашылық көпбалалы отбасыларға, жетімдерге қарасып отырады. Өмірзақ аға осыдан 5-6 жыл бұрын 8-сыныпта оқитын физикаға қабілеті бар жетім баланы жоғары оқу орнына түсіріп, 4 жыл бойы оқу ақысын төлеп берген. Талапты жас бүгінде мұғалім болып жұмыс істеп жатыр. Шолақсай мектебіндегі озат оқушылардың есімдері соңғы қоңырау салтанатында ерекше аталып, жылына бір рет 30-40 мың теңге көлемінде шаруашылық тағайындаған шәкіртақы алады.
«Бұл – сонау қиын заманнан келе жатқан дәстүр. Соны әлі үзбей жалғастырып келеміз. Жақсы оқу – ол да еңбек. Еңбекті бағалау керек. Күллі жұрттың көзінше баланың арқасынан қағып, мерейін асырсаң, қанат бітіп құлшынысы артады. Өз немерем де биыл жақсы оқығандардың қатарына ілігіп, келесі жылы стипендия алам деп тырысып жүр», дейді Өмірзақ аға.
«Әке көрген оқ жонар» деген сөз бекерге айтылмаған. Әкесі сеніп тапсырған шаруашылықты дөңгелетіп әкеткен Мәди Өмірзақұлының шарапатын бүгінде тек Шолақсай ғана емес, бүкіл Науырзым өңіріндегі елді мекендер сезініп отыр.
«Мәди Өмірзақұлы – осы өңірдің перзенті ретінде, шаруашылық басшысы немесе облыстық мәслихаттың депутаты ретінде де елдің жүгін арқалап жүрген аптал азамат. Халыққа қажет ұсақ-түйек дүниелерден бастап, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған ірі жобаларға дейін іске асырып келеді. Былтыр үш көше асфальттанды. Әр үйге су кіріп тұр. Душы, дәретханасы бар. Ерінбеген адам жағдайын қаладағыдай етіп істеп алып жатыр. Былтыр аудан спортшыларына спорт киімін алып берді. Ауылдың орталығындағы үш көшені асфальттау жұмыстарына да қолұшын берді. Мектепке үзбей көмек беріп тұрады. Қысқы боранда көшелер мен ауылға кіреберіс жолды тазарту жұмыстарын да осы шаруашылық атқарады. Өткен қыста қар мол түсті. Апталап қар жауып тұрып алған күндер болды. Осындай кездері шаруашылықтың техникалары күн сайын толассыз қар аршумен болды. Ауылда жүздің үстінде зейнеткер тұрады. Мәди Өмірзақұлы жыл сайын қарттар күніне орай зейнеткерлердің басын қосып, концерт қойып, ауыл ақсақалдарына шапанын жауып, бірін қалдырмай қаржылай сыйақы беріп тұрады. Бүгінде 30 шақты бала тәрбиеленіп жатқан ауыл балабақшасы да осы серіктестіктің меншігінде. Заманауи балабақшада балаға керектің бәрі бар. Тәрбиешілері де жоғары жалақы алады. Балалар үш уақыт тегін тамақтанады. Қаладағы мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерінен кем емес», дейді ауыл әкімі Татьяна Киселева.
Ауыл маманға зәру
«Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады», жұрттың бетін ауылға қарай бұрып, адамы сиреп қалған елді мекендерді сауықтыру үшін де ұзақмерзімді шынайы жоба керек. Сөзі мен ісі қабысқан Өмірзақ ағаның ауылдың жағдайын жақсарту төңірегіндегі ойы ауыл шаруашылығын дамытудың бүгінгі таңдағы ең өзекті деген мәселелерімен астасып жатады.
«Бұрын Науырзым, Арқалық сияқты оңтүстік өңірлерде өскен бидай солтүстік аудандарда өскен өнімнің бағасынан 50 пайыз қымбат тұратын. Өйткені сол кездегі өкімет бізде астық аз шығатынын біліп, қолдау көрсететін. Ол кезде әр жылғы күзгі жиын-теріннің алдында бағаны айтып отыратын. Қазір науқан біткенше ешкім ештеңе айтпайды ғой. Көп шаруалардың астық сақтайтын орны жоқ, бидайын амалсыз арзанға сатып жібереді. Азық-түлік корпорациясы науқан соңына тақаған кезде ғана бір бағаны айтады. Бұл болмайды ғой. Канада елінде диқандар қайтсем астығымды лайықты бағаға өткізем деп басын ауыртпайды. Мемлекет 300 доллардан өзі сатып алады. Әрі қарай экспортқа жібере ме, өңдей ме, әйтеуір өкімет оның жолын өзі табады. Ал бізде араға делдалдар кіріп кетеді де, бәрін бүлдіреді. Өз бидайын өзі сатып алуға мемлекеттің қаражаты жетеді. Одан кейін жеңілдікпен берілетін жанар-жағармай жанармай бекеттерінен 10-ақ теңге төмен. Оны арзан жанармай деп ауыз толтырып айту ұят енді. Жеңілдетілгенге жатпайды ол. Ауыл шаруашылығын шынымен көтергіміз келсе, оны кем дегенде 30 пайызға төмендету керек. Техниканың бағасын да тежеу керек. Былтыр біз бір комбайнды 65 млн теңгеге алдық. Бір жылдан кейін дәл сол комбайн 140 млн теңге болып кеткен. Мұны қалай түсінуге болады?» дейді кәнігі диқан.
Өмірзақ Ихтиляповтың айтуынша, ауылға қазір мамандар керек. Күллі маман қазір қалада. Механизатор да, шопыр да, тракторшы да, дәнекерлеуші мен токарь да қалада тұрады. Солардың жұмыс орындарына айтып, мына маманға еңбек демалысын беріп, көктемде бір, күзде бір ауылға жібере тұр деп, ауданға 30-40 адам тауып беруге болады. Сонда ол маман еңбек демалысының сыртында, ауылда кем дегенде 600 мың теңге табыс табады. Мұндай ұсыныстан ешкім қашпайды.
«Президент айтқан мәселелерді басы Үкіметтен бастап жергілікті атқарушы органдар қолдауы керек, оған халық өзі икемделуге тиіс. Сонда ғана ауылдың тамырына қан жүгіре бастайды. Бұрын Науырзым ауданында 10 шаруашылық болатын. Солардың бәрінде контор да, балабақша да, жылу орталығы да қирап кетті. Енді сырттан келген үлкен қонақты әкім ертіп алып, Шолақсайға жетіп келеді. Айналайын, бұл кісілер елдің жағдайын білу үшін жүр ғой, басқа ауылдарды да көрсетсеңші десем, «Ой, аға, қойыңызшы» деп қиылады. Ауданда әкімнің отбасы тұрмайды. Бұдан артық қандай сұмдық бар? Жалғыз бізде емес, көп ауданда солай. Бұл не масқара? Тұрмай ма, қызметті босатсын. Ондай әкім халыққа қандай үлгі береді? Осының бәрін дұрыстамай, ауылды дамыту деген жай бос сөз болып қала ма деп қорқамын ғой», дейді Өмірзақ аға.
Қостанай облысы