Кен ауылы – етек-жеңі кең пішілген елді мекен. Бүгінгі күні 200-ден астам отбасы тұрады. Әйтсе де, шалғайдағы ауылдың бағып отырғаны – небәрі елуге жетер-жетпес қара мал. Қамбар ата тұқымы да көп емес, жүз басқа жетеғабыл. Ауыл тұрғындары өз төлі есебінен мал басын көбейткісі келгенімен, мүмкіндік жоқ. Ол – жоғарыда айтқанымыздай жайылымның тарлығы, шүйгін шабындықтың жоқтығы.
Әуел баста ауылдық кеңес әкімдері, жерге қатысты мәселені шешетін аудандық мекемелер серіктестіктерге егіндік алқаптарды берген кезінде елдің жайын ойлап қоғамдық мал жайылатын алқаптарды бос тастауы керек еді. Табалдырыққа дейін жыртып, жан-жағын қусырып тастағаннан кейін қазір аз ғана малдың өзін бағу қиынға айналған. Малдың тісіне ілігер шөбі бар тоқымдай жайылым ауылдан тоғыз шақырым жерде. Осыншама қашықтыққа қыруар малды топтап айдап апаруға тура келеді. Айдың-күннің аманында жортуылға түскен малға қоң біте ме, оның үстіне малшы табудың өзі кәдімгідей қаны шығып тұрған мәселеге айналған. Олар да айнала егін болған соң мал бағуды қиынсынады. Әйтпесе, бақташы жалдаудың бағасы да арзан емес. Мәселен, жылқының бір басы айына – 4000, сиыр 5000 теңгеге бағылады. Соның өзінде 200 отбасы тұратын үлкен ауылдан қолына құрық іліп шығатын бақташы таппайсыз. Осыншама бейнетпен өсірген малдың игілігін көру де оңай-оспақ шаруа емес. Ауыл тұрғындарынан мал өнімдерін жинау мәселесі ақсап тұр. Егер сүт молайған жаз айларында мал иелері азын-аулақ сүттерін өткізіп, апта аралатып, ай аралатып қолма-қол ақшасын алып тұрса, қыруар еңбек толайым өтелмегенімен, таңдайлары аққа тиер еді. Бірақ бұл төңіректе сиыр сүтін сатып алып өңдеуден аспандағы ай жақын.
Жазда көрген қиындық осы болғанда, қысқы бейнет бұдан да ауыр. Әуелі солтүстіктің қысы алты-жеті айға созылатындығын тағы бір еске сала кетейік. Шабындық жер болмағандықтан, малсақ қауым сонау Торғай даласынан мал азығын әкеліп сататындарға жалынышты. 350 килолық, сапасы күмәнді шөптің бір бумасы 10 мың теңге төңірегінде. Құрама жем қасқалдақтың қанындай таптырмайды. Бәрін қоса есептегенде, оған өз еңбегіңді үстемелесең мал азығына жұмсалған қаражат қара малдың өз құнына жетеғабыл. Міне, сондықтан да ауыл тұрғындары мал ұстауға ұмтыла бермейді. Ал онсыз ауылдағы ағайынның тұрмысын қалай жақсартуға болады?
Ендігі бір мәселе – ел іргесін баса өтетін теміржол. Әрине, қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуға тиісті. Дәл осы ауылда болмағанымен тілсіз малдың теміржолға шығып кетіп, сан мәрте оқыс оқиғаның орын алғандығын жалпақ жұрт жақсы біледі. Егер қараусыз мал жүрсе, учаскелік инспектор мал иелерін тәртіпке шақырып, қолданыстағы заңға сәйкес шара қолданады. Мал иелері қаншама шығынданып, оның үстіне айыппұл төлегеннен кейін бұл тараптағы кәсіпті амалсыздан тиімсіз санап отыр. Өзге өңірде жыл бойы далада жүретін жылқы жарықтық бұл ауылда қамап бағылады екен. Ал оған қаншама жемшөп қажет.
«Маусым айы туысымен ауыл төңірегі қу тақырға айналады, – дейді Кен ауылының тұрғыны Ерғазы Нұржанов. – Бар малды алақандай жерде иіріп баққан соң осылай болады да.
Біздің тараптан ендігі бір ұсыныс, ауылдың іргесіне дейін тақап егін егетін серіктестіктерге мойны қашық жерден егістік алқабы бөлініп, ретке келтірілсе дейсің. Сонда арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, тығырықтан шығуға болар еді. Оған қоса жердің игілігін көріп отырған серіктестіктер мен шаруа қожалықтары тозығы жеткен шабындық пен жайылымды бағзы қалпына келтіру үшін екпе шөп егіп, құнарын молайтса. Міне, осындай бірлескен шаруа жүзеге асқан кезде дәл қазір мал баға алмай, жүген ұстап қалған біздің өңірдегі жүздеген ауылдың жағдайы көп-көрім түзеліп қалар еді».
Әйтпесе ауылдың ажары келетін емес. Малсақ қауымға да шыр бітірмей отырған мәселе – осы төңіректе.
Ақмола облысы,
Жарқайың ауданы