Ол 1925 жылы Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Ленин ауданына қарасты Жамбыл ауылында өмірге келген. Ауыл мектебінде білім алған. Балғын балалық шағы тәтті басталғанымен жасөспірім кезі ауыртпалыққа толы қасіретті кезеңге тұспа-тұс келді. 1942 жылы 17 жасқа толған сәтте Қызыл әскер қатарына шақырылады. Владивостокта оқу-жаттығу жиынына қатысқан. Содан кейін Беларусь майданына аттанады. Соғыс жағдайына байланысты әскери бөлімдері жиі ауысқан. 742-атқыштар полкінде, 45-атқыштар полкінде автоматшы, 6-атқыштар бригадасының бригадир-автоматшысы болып әскери борышын өтеген. Бұл уақыт кеңес одағының фашист әскерімен жан алысып, жан берісіп жатқан кезі еді. Жас жігіт екі жыл қан майданда болып, жеңістің куәгері болады. Соғыстан кейін бірден үйіне қайтпай, әскери борышын өтеуді жалғастырады. 1945-1948 жылдары Суворов пен Кутузов бөлімінің 44-Қызыл тулы Полоцк мотоатқыштар құрамында минометшы болып қызмет етеді.
1948 жылы елге келгеннен кейін көрші ауылдың Кәмен есімді қызымен шаңырақ көтереді. Екеуі 5 бала тәрбиелеп, өсіреді. Ауылда бухгалтерліктен бастап бірнеше лауазымды қызметтер атқарады. Сондай-ақ туған жерінде ауыл шаруашылығымен шұғылданған. 1984-1986 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облысы ІІБ ЕС-164/4 мекемесінде Мәскеу ауданына қарасты Горный ауылындағы орталық қойманың меңгерушісі болып еңбек етеді. ІІІ дәрежелі «Ерлігі үшін», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. Сондай-ақ ол «Германияны жеңгені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» медальдарын иеленген. «Әкем нағыз патриот болатын. Соғыс туралы көп айтпаса да бірді-екілі оқиғаларын баяндап отыратын. Іске мығым, жауапты адам еді. Елге сыйлы, мәртебелі азаматтардың алды болатын», деп еске алады майдангердің ұлы, запастағы прапорщик Марат Дүйсенов.
Ал батырдың немересі, ефрейтор Рахат Дәуренбектің айтуынша, атасы «Қызыл Жұлдыз» орденіне де ұсынылыпты. Ол жауынгерді марапатқа ұсынған құжатты көрсетті. Онда «Дәуренбек Дүйсенов 1945 жылдың 17-18 ақпанында Мильзам ауданында орналасқан неміс қорғанысын талқандау кезінде өз пулеметінен жаудың пулеметшілері орналасқан нүктені жойып, қарсылас төрт фашистің көзін жойғаны үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылады» деп жазылған.
Сондай-ақ құжатта Д.Дүйсенов көзін жойған төртеудің екеуі жау мергендері екені айтылған. Ол осылайша әскерінің лайықты позицияға орналасып алуына ықпал еткен. Құжатқа 346-жеке пулемет бригадасының командирі Рудич қол қойған. Сол жылдың жазында соғыс аяқталып, ұсыныстың жауабы белгісіз күйде қалған.
Cоғыс ардагерінің ұрпақтары арасында Рахат Дәуренбек Ұлттық ұлан сапында қызмет етіп жүр. Ол әскер қатарында өзін жауапты әрі үлгілі сарбаз ретінде көрсетіп, ефрейтор атағын алған. Ал майдангердің өмірлік жары Кәмен бүгінде Петропавл қаласында тұрып жатыр
Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,
журналист