Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ «EQ»
Бұл жауынгердің өмір тарихы туралы бертінде бірнеше кітап жарық көрді. Атап айтқанда, Павел Александровский мен Алексей Егоров екеуі жазған «Партизан Фриц» атты 230 беттік туынды 1971 жылы жарық көрсе, атақты қаламгер Борис Полевой 1942 жылы жазған «Партизан товарищ Ш» атты шағын баяны автордың 1980 жылы жарық көрген «Самые памятные: Истории моих репортажей» жинағына енген екен.
Жоғарыдағы деректерде «1942 жылдың 1 ақпаны күні Смоленск облысы Курганово қалашығына жақын жерден кеңес партизандары 26 жастағы Герман әскерінің кіші сержантын қолға түсірді» деп жазса, келесі бір деректе: «Фашистер наразы неміс жауынгері партизандарға қосылу үшін 1941 жылы қараша айында Вермахт сапынан қашып шығып, бой тасалап жүрген болатын» делінген. Соңғы дерек шындыққа бір табан жақын. Қалай десек те, бұл азамат шынайы ниетімен кеңес өкіметін жақсы көргені анық. Оған себеп те бар.
Фриц Шменкель 1916 жылы 14 ақпанда Германияның Штеттин қаласында туған екен. Бұл қала соғыстан кейін Польшаның құзырына өтіп, қазір «Щецин» деген атымен танымал. Әкесі Германияның коммунистік партиясының мүшесі, сонымен қатар Тельманның жақтаушысы болыпты. Өкініштісі, әкесі 1932 жылы фашистерге қарсы қақтығыста қаза тапқан. Бұл оқиға жас Фрицтің көзқарасын өзгерткен. Әкесін өлтірген фашистерді жек көретін жағдайға жеткен.
Ол 1938 жылы Вермахт әскері сапына шақырылғанға дейін қаладағы шағын кірпіш зауытында жұмыс істеген. Фашистік Германия әскерінде қызмет етуден бас тартқан. Осы әрекеті үшін екіжылдық «еңбекпен түзеу» жазасын жүктеген. Бір қызығы, соғыс басталған тұста майданға өзі сұранған. Ондағы мақсаты: шайқас кеңес әскері қатарына өтіп, фашистерге қарсы күресу еді дейді.
Сөйтіп, ол Вермахтың 186-жаяу әскер дивизиясы сапында соғысып жүріп, жақын маңда кеңес партизандарының жасағы бар дегенді естиді. Дереу соларға қосылуды ойлайды. Ең қиыны, орысша тіл білмейді. Оған да қарамай қашып шығып, Смоленск облысы Ярцевский ауданының Подмошье кентіне келіп, шеткі үйдің есігін қағады. Үйден шыққан кексе әйелге «Ленин! Сталин! Тельман!» деп осы үш сөзбен іштегі зарын төгеді. Ана әйел де көпті көрген сұңғыла болса керек, жүзі жылы немісті үйіне кіргізіп паналатады. Фриц бұл жерде үш ай бой тасалап, партизандарды күтеді. Ақыры оларға қосылады.
Бірақ партизандар алғашында бұған сенбейді. Жатқан-тұрғанын қатаң бақылайды. Уақыт өте келе, адалдығына көзі жеткен партизандар оған қару беріп, қатарға қосады. Фриц 1942 жылы тамыз айында неміс офицерінің формасын киіп, фашистерге қолшоқпар болып жүрген жергілікті 11 сатқынды жалғыз өзі айламен қолға түсіреді. 1943 жылы тағы да неміс офицерінің кейпіне еніп, фашистердің азық-түлік артқан колоннасын алдап әкеліп, партизандардың тұзағына түсіреді. Ашыққан партизандар ас-суға кенеліп жырғап қалады. Шменкель бұл әдісті бірнеше рет қолданып, фашистердің ірі-ірі әскери құрылымдарын қапы қалдырады. Айлалы азаматтың айрықша әрекетіне риза болған партизандар оған Иван Иванович деп ат қояды.
Батырдың жоғарыдағы әрекеттерінен құлағдар болған неміс жағы «Әскери қылмыскер, сатқын Фриц Шменкельді өлтірген адамға сыйлық бар. Ол адам орыс болса, оған 8 гектар жер тегін береміз, ал неміс сарбазы өлтірсе, оған екі мың марка толық екі ай демалыс береміз» деп жариялайды.
Партизандар қызыл әскермен қауышқан тұста Шменкельді Мәскеуге шақырып, оған «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапаттап, барлау мектебінде арнайы жаттығудан өткізеді. 1943 жылдың желтоқсан айында қазіргі Беларусь жерінде фашистерге қарсы партизандық жорық жасау үшін құрылған арнайы топқа командир етіп тағайындайды.
Жүктелген міндетті атқара жүріп, Фриц 1944 жылдың қаңтар айында фашистердің қолына түседі. Оған себеп, жоғарыдағы арнайы топтың ішінде немістердің жансызы барын аңғармай қалады. Бұл сатқын тек Фрицті ғана емес, небір мықтыларды орға түсіреді.
Әбден ызасы өткен фашистер Фриц Шменкельді 1944 жылдың 22 ақпаны күні ату жазасына бұйырады. Оған 1964 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Қазіргі таңда Ресей Федерациясының Нелидово және Белый қалаларында Фриц Шменкель атында көше болса, Минск қаласындағы батырды атуға үкім шығарған ғимарат қабырғасында ескеркіш тақта орнатылған.
Екі Германия бірікпей тұрғанда Берлин қаласында Фриц Шменкель атында көше бар еді, кейін немістер тұтас Германия құрамына қосылған соң бұл көшенің атын «Rheinsteinstraße» («Гауһар көше») деп өзгертті.