12 Шілде, 2014

Ақпараттар ағыны

273 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
● Үстіміздегі жылы моно­қалаларды дамытуға 1,4 млрд. теңге қаржы жұмсалады. Оны «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес компаниясы – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бөліп отыр. Ал бағдарламаның осы елді мекендер тұрғындарын жұмыспен қамтуға бағытталған басымдығы бойынша рес­пуб­ликалық бюджеттен 1,9 млрд. теңге бөлу жоспарланған. ● Егістіктерді шегірткеден қорғау мақсатында 440 мың гектарды қосымша өң­деу үшін препараттар бө­лін­ді. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі агроөнеркәсіптік ке­шендегі мемлекеттік инспек­ция комитетінің төрағасы Сақ­таш Хасеновтің айтуынша, жаб­дықтар шегірткелердің Ресейден Қазақстанға трансшекаралық ауысуына байланысты Қостанай облысында – 400 мың, Ақтөбе облысында 40 мың гектар алқапты өңдеу үшін алынады. ● Оңтүстікте 2,3 млн. тұр­ғын ауыз сумен қамтамасыз етілді. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 929 елді мекеннің 665-і, яғни 71,5 пайыз бөлігі орталықтандырылған ауыз су құбырына қосылды. Биылғы жылы бағдарлама бойынша 8,6 млрд. теңге қаржы бөлініп, тағы 29 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. ● Астаналық оқушылар кеше «Бәйтерек» монументі­нің алдында өлең оқыды. Ша­раны ұйымдастырушылар хабар­лағандай, мұның «Жас көшбасшы мектебі» бағдар­ла­масының өзіндік шешуші емтиханы болып табылатынын айтты. Оның мақсаты балаларды өмір сындарынан өтуге және тәуелсіз қалып ұстауға үйрету болып табылады. ● Оралда «Қарағанды» атты кеме суға түсірілді. Ке­ше қаладағы Шаған өзенінің жаға­сында «Айбар» жобасы бойынша Шекара қызметінің тапсырысы бойынша жасалған жылдам жүретін «Қарағанды» күзет катерін суға түсіру рәсімі болды. Онда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев атап өткендей, бұл – «Орал «Зенит» зауыты» АҚ мемлекеттік тапсырысқа сәйкес жасап шығарған 22-ші кеме. ● Қызылорда қаласында айтыскер ақын Мұхтар Ния­зовқа үш бөлмелі пәтер берілді. «Алтын домбыра» иеге­рі атанған шығармашылық иесі­не жаңа қоныстың кілтін табыс еткен облыс әкімі Қырым­бек Көшербаев рухани құн­ды­лықтарды биікке көтеруші тұлғаларға ұдайы қамқорлық жасалып тұратынын жеткізді. ● Астана көшесінде шекіл­деуік шаққандар 10 тәулік­ке қамалды. Елорданың қа­ла­лық соты мұндай шешімді тәртіпке бағынбаған 60-тан ас­там адамға қатысты шығарды. «Тәрбиелік мәні бар осындай ашық сот процестерін енді жоғары оқу орындарында жиі өткізіп тұратын боламыз», – деді мамандандырылған ауданаралық сот судьясы Қанат Иманәлиев осыған орай. Хабарлар «ҚазАқпарат», Egemen.kz агенттіктері мен облыстық әкімдіктер сайттарының деректері бойынша дайындалды.