Қоғам • 09 Мамыр, 2023

Астаналықтар соғыста қаза тапқан сарбаздарды еске алды

404 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қайтыс болған жауынгерлердің қабіріне «Даңқ гирляндалары» мен гүл себеттерін қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астаналықтар соғыста қаза тапқан сарбаздарды еске алды

Рәсім кезінде үрмелі оркестрдің орындауында салтанатты марш орындалды. Ескерткішке гүл қою рәсімі бір минут үнсіздікпен басталды.

«9 мамырдың төл тарихымыздағы орны ерекше. Бұл – жанқиярлықпен ел қорғаған аталарымыз бен әкелеріміздің, әжелеріміз бен аналарымыздың рухына тағзым ететін күн. Осыдан 78 жыл бұрын қанды майдан аяқталып, жеңіс туралы жаңалық келген күн. Елдің азаттығы мен ұрпақтың жарқын болашағы үшін жанын пида еткен боздақтарымызды мәңгі есімізде сақтау – қасиетті борышымыз», деді Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Медет Жалпыбаев.

Іс-шарада тыл еңбеккерлері мен Ауғанстан соғысының ардагерлері гүл шоқтарын қойып, қаза болғандарды еске алды.

«Біз сол қайсар, батыр ұрпақтың жалғасы ретінде соғыста қаза тапқан әрбір майдангердің рухы алдында тағзым етеміз», деді Ауғанстан соғысының ардагері Ғалым Қожабеков.

«Шейх Кунта қажы» мешітінің имамы Данияр Байдуллаев құран оқып, Орыс Православ шіркеуінің діни қызметкері Архимандрит Иоасаф алғыс сөздерін, құттықтауларын айтып, денсаулық, бейбітшілік пен жақсылық тіледі.