Спорт • 10 Мамыр, 2023

Бұқаралық спорт және ұлт саулығы

461 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түр­лерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфра­құры­лымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқа­ралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мық­ты ұлтты қалыптастырамыз» деген болатын.

Бұқаралық спорт және ұлт саулығы

Осы орайда мегаполистің 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында спорт саласын дамыту мәселесі қамтылған. Осыған байланысты нақты көрсеткіштер мен индикаторлар белгіленген. Соның тізбесінде халықты жалпы спортқа тарту жоспары 4 бағытқа негізделген.

Біріншіден, дене шынық­тыру­мен және спортпен айналыса­тын азаматтардың санын жалпы халықтың елу пайызына дейін жеткізу мақсаты тұр. Екін­ші­ден, қала тұрғындары мың адамға арналған спорттық инфра­құрылымдармен қамтамасыз еті­луге тиіс. Үшіншіден, дене шынық­ты­румен және спортпен жүйелі түрде айналысатын мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарын арттыру көзделіп отыр. Төртіншіден, спорт­қа құмар жастар (14-18 жас) са­нын көбейту жоспары тұр.

Меженің орындалуына келсек, былтырдың қорытындысы бойынша қаладағы дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылданушылар саны 498 852 адамды (42%) құрады. Сондай-ақ өткен жылы «On Fit» спорт кешені, «World class-2» спорт кешені, «Urpaq» спорт ныса­ны, «Turan ГXA» спорт нысаны пай­далануға беріліп, халықты спорттық инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету көрсеткіші 60 пайызға орындалды. Қазіргі уақытта қала аумағында дене шынықтыру және спортпен айналысуға қарсы көрсетілімі жоқ 15 644 мүгедек тұрады, оның 2 036-ы спортпен шұғылданады. Соңғы жоспарға сәйкес бүгінде 45 мыңнан аса жас спорт үйірмелеріне барады.

«2023 жылдың І тоқсанында өткізілген бұқаралық спорттық іс-шаралар туралы айтсақ, қала мек­тептері арасында футбол, волейбол, баскетбол, шахмат сияқты спорт түрлерінен наурыз-маусым айлары аралығында 526 коман­да құрамындағы 6 240 бала қа­тысатын «Шымкент жастар лигасы» өтеді. Сондай-ақ биыл заманауи атшабардың ашылуына және «Наурыз Шымкенттен басталады» атты ауқымды мерекелік іс-шараға орай спорттың 9 түрінен (қазақ күресі, бәйге, көкпар, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, асық ату, теңге ілу, аударыспақ және тоғызқұмалақ) «Great qazaq games» ұлттық ойындары өткені белгілі. Ұлттық ойындарға еліміздің әр өңірінен және шетелдерден жалпы мыңнан аса спортшы қатысты. Оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия, Қы­тай, Ресей, Тәжікстан, Поль­ша, Сауд Арабиясы, Түркия мемле­кеттерінен де өрендер болды» деді қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ба­уыржан Тұманбаев.

Шымкентте жалпы 34 спорттық ұйым жұмыс істейді. Осы спорт ұйымдарында 18 242 спортшы мен штаттағы 906 жаттықтырушы оқу-жаттығу сабақтарын жүргізуде. Ба­лалар мен жасөспірімдер аталған меке­мелерде спорттың 75 түрі бо­йынша жаттығады. Оның 37-і олимпиадалық, 28-і олимпиадалық емес және 10-ы ұлттық спорт түр­ле­ріне кіреді. Жоғары спорттық же­тістіктер бойынша 2023 жылдың 3 айдағы жеткен нәтижелері жайлы баяндасақ, қала спортшылары Қазақстан Республикасының бірнеше чемпионаттарына қатысып, 185 алтын, 182 күміс, 180 қола медаль жеңіп алды. Жалпы медаль саны – 547. Азия чемпионаттарында шымкенттік өрендер 6 алтын, 9 күміс және 10 қолаға қол жеткізсе (жалпы 25 медаль), осы уақыт арасында Әлем чемпионаттарында 1 қола медальға ие болды. Мәселен, 2023 жылдың 16-27 қаңтары ара­лығында Бангкок қаласында бокс­тан 22 жасқа дейінгі жастар арасында өткен Азия чемпионатында 57 кг салмақта Сабырхан Махмуд 1-орын, 67 килода өнер көрсеткен Абзал Серік 2-орын және 75 кг сал­мақта шаршы алаңға шыққан Ди­дай Дана 3-орынды иеленді. Осы салаға жауапты басқарманың берген мәліметіне сәйкес биыл 3 айдың қорытындысы бойынша Еңбегі сіңген 1 спорт ше­бері, 5 Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 29 Қазақстан Респуб­ликасының спорт шебері, 46 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды. Сонымен қатар Ұлттық құрама сапындағы ересектер құра­масына – 427, жастар құра­масына – 353, жасөспірімдер құра­ма­сына 331 спортшы енді. Жалпы, 1 111 спортшы Ұлттық құрама ішін­де ел на­мысын қорғайды.

Өз кезегінде халықты саламатты өмір салтын ұстануға бейімдеу мақсатында қала тұрғындарының қатысуымен ауқымды спорттық іс-шаралар ұйымдастыру жоспарда бар. Мұнан өзге, шаһардағы танымал спортшылардың жастармен кездесуін өткізу, спорттық бейнероликтер дайындап әлеуметтік желілерге жариялау жұмыстары жүргізілмек.

«Басқармаға спорт саласына қатысты түскен хаттамалық тап­сырмалар бақылауға алынып, барлық жоспарды тұрақты орындап келеміз. Өз кезегінде қала әкімі М.Әйтеновтің халықпен кез­­десуінде осы салаға қатысты бір­неше мәселе көтерілген болатын. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азамат, спортшы Е.Қалымбетовке 1-қабаттан 2 бөлмелі пәтер алып беру керек болған. Бүгінгі таңда бұл мәселе өз шешімін тапты», деді басқарма басшысы Б.Тұманбаев.

Сондай-ақ биыл 17 қыркүйек күні 5 мыңнан аса қала тұрғынының қатысуымен «Шымкент марафон» спорттық іс-шарасын өткізу жос­парланып отыр. Сонымен қатар қала жасөспірімдері арасында футболдан чемпионат, мемлекеттік қызметшілер, медицина, құқық қорғау, бұқаралық ақпарат құрал­дары қызметкерлері арасында спартакиада, ұлттық спорт түрлерінен мектеп оқушылары арасында жарыс, Шымкент қаласының қыздар арасында футболдан чемпионат өткізу жоспарланып, аталған спорт­тық іс-шараларға 42 мың қала тұрғыны мен спортшылар қатысады деп күтілуде.

Биыл халықаралық және рес­публикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған 3 спорттық нысан ашылады деп жоспарланған болса, жыл басынан бері екі нысан ашылып, пайдалануға берілді. Солардың бірі – үстел теннисі спорт кешені. Құрылысты «Отау Строй» компаниясы жүргізді, нысанның жалпы аумағы 2 мың шаршы метрді алып жатыр. Жобаның жал­пы құны – 1,2 млрд теңге. Ма­ман­дандырылған залда 12 үстел қа­растырылған және тек аймақта ғана емес, республика көлеміндегі теннисшілер жарыстарға дайындалып, оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, турнирлер ұйымдастыра алады. Жобадағы үшінші нысан – «Металлург» стадионы. Қазіргі таңда стадионның реконструкция­лау жұмыстары аяқталуға таяу. Жоба құны – 3 813,5 млн теңге. Жа­ңар­тылған нысанда спортшылар үйі, ойын түрлеріне арналған 2 спорт зал, жекпе-жек спорт түр­ле­ріне арналған 2 спорт зал, 1 504 орын­дықты футбол стадионы қарас­т­ырылған.

Қайта қалпына келтіру жұмыс­тары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында өткен жылдың наурыз айында қолға алынған. Мердігер мекеме – «Югстройсервис-Н» ЖШС. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұ­мыстары аяқталуға жақын қалды. Нысанның құрылысына 60 жұ­мысшы, 5 техника жұмылдырылған. Құ­рылысты жыл соңына дейін тап­сыру көзделуде. Айта кетейік, спорт кешені өткен ғасырдың 70-жы­л­дары салынған және 2017 жылы әкімдік балансына өткен. Жос­парға сай мұнда тек футбол ғана ойнап қоймайды. Сонымен бір­ге спорттың 11 түрімен айналы­сады. 1500 адамға арналған мінбер бар, сондай-ақ әкім­шілік-тұрмыстық корпус, ко­мандалық ойындарға арналған спорт залдар мен Шымкентте тұң­ғыш рет Спортшылар үйі ашылады.

«Бұқаралық спорттың даму қажетті спорттық инфрақұрылымға байланысты. Қалада статистикалық есеп бойынша 1 077 спорттық нысан болса, соның 150-і – жекемен­шікте. Биыл 6 спорт нысанының құры­лысы жүргізіледі. Бұл – Тұ­ран шағын ауданындағы «Тен­нис орталығы», №15 спорт мекте­бінің спорт кешені және жеке кә­сіп­­керлер есебінен салынатын спорт­тық нысандар. Бұдан бөлек, мега­полистегі Қажымұқан атын­дағы орталық стадион қайта жаң­ғыртылады. Шымсити аумағынан көпфункционалды «Шымкент арена» спорт кешені бой көтереді. Кейінгі екі жобаның жүзеге асырылуы келешектің еншісіне қалып отыр. Ал әзірге  шаһардың 5 ауда­нын толық спорттық секциялармен қамтамасыз ету бойынша арнайы карта әзірленді. Соның нәтижесінде, тиісті спорттық ин­фра­құрылымы жоқ аумақтар анық­талды. Олардың қатарында Дос­тық, Асар-2, Қайнарбұлақ, Сәу­ле, Текесу, Бадам, Оңтүстік, Мая­тас, Тоғыс, Сұлтанрабат, Тұр­ды­­абад, Базарқақпа, Жұлдыз, Қа­ра­бастау секілді елді мекендер бар. Қа­зіргі уақытта аудан әкімдік­тері­мен бір­лесіп спорт нысаны құ­рылыс­тарын жүргізу үшін жер телім­дерін қарастырып жатырмыз», деді басқарма басшысы Б.Тұманбаев.

 

ШЫМКЕНТ