Мереке • 10 Мамыр, 2023

Батыр ауылындағы мереке

372 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Фашизмге қарсы соғыста жеңісті жақындата түсуге себепкер болған қазақтың хас батырларының бірі, керекулік Серікбай Мүткеновтің туғанына биыл 110 жыл толды. Небәрі 23 жылдық ғұмырында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарманның есімін жерлестері ұлықтап, Жеңіс күніне орай туған жерінде ұлан-асыр той өткізді.

Батыр ауылындағы мереке

Серікбай Мүткенов 1913 жылы қазіргі Павлодар облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Еңбекке ерте араласып, Пав­лодар педучилищесін тәмамдаған соң, ауылда бала оқыта бастайды. Соғыс басталған жылдары Ертіс ауданындағы Қарақұдық ауылында мұғалімдік қызмет атқарған. Соғыс оты өршіп тұрған уақытта аудандық комиссариатқа барып, майданға өз еркімен аттануға өтініш жазады. Сөйтіп, 1942 жылдың қаңтарында қызыл әскер қатарына шақырылып, батареяның командирі болады. 1943 жылы кеңес әскері Днепрден өту кезінде фашистердің қатты қарсылығына тап болғаны белгілі. Сол тұста ол ерлігімен көзге түседі. Жаудың 40-қа жуық жауынгерінің көзін жойып, өз батальонына әрі қарай жүру үшін жол ашты. Алайда даңқты жерлесімізге өз қаруластарымен бірге Жеңіс күнін көру бақыты бұйырмады. 1944 жылы 15 қаңтарда ерлікпен қаза тауып, сол жылдың 9 ақпанында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен аға сержант Серікбай Мүткеновке Кеңес Ода­ғының Батыры атағы беріледі.

Туыстарының айтуынша, Серікбай Мүткенов атамыз ақынжанды азамат болған. Алапат майданда жүрсе де, жұбайы Орынтайға, туыстарына өлеңмен хат жолдап отырған екен. Бүгінде батырдың есімін мәңгі есте сақтау мақсатында Ақтоғай ауданындағы ауылға, жергілікті мектепке және облыс орталығы мен Ақтоғай ауылындағы көшелерге есімі берілген.

Мүткенов ауылында өткен батырдың 110 жылдық мерейтойында 14 киіз үй тігіліп, ауыл маңында ұлттық спорт түрлерінен облыстық деңгейде жарыстар ұйымдастырылды. Тойға жиналған жұртшылық ең әуелі Мүткенов орта мектебіндегі батырдың бюсті жанында өткен салтанатты жиынға қатысып, білім ордасындағы мұражайды тамашалады. Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов, батырдың жақын туысы Балғабек Әлежанов, ауданның құрметті азаматты Олжабай Аралов даңқты жерлесіміздің ерлік істері мен оның есімін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында жүзеге асып жатқан игі іс-шаралар жайында әңгімеледі.

Айтып өтейік, Жеңістің 63 жылдығына орай Украинадағы Ризино елді мекенінде Серікбай Мүткеновке гранитті ескерткіш орнатылып, ашылуына Павлодар облысы патриоттық экспедиция өкілдері қатысты. Ал 2020 жылы туған ауданы орталығында бюст қойылды.

 

Павлодар облысы