Қасен Төлегенов 1901 жылы Ұзынкөл ауданындағы Казанка деген ауылда дүниеге келген. Соғыс басталғанда прокуратурада жұмыс істеп жүрген білікті маман басшылары арнайы броньмен елде қаласың деп майданға жібермепті. Бірақ 1942 жылы қаңтар айында өзі сұранып соғысқа аттанады. Артында шиеттей төрт баламен қалған жары Күлдірайхан жеті айдан кейін, яғни тамыз айында «Жолдасыңыз із-түзсіз кетті» деген суық хат алады. Содан бері 79 жыл бойы жауынгерден ешбір хабар болмаған. «Мемориал», «Поиск» деген сайттар шыққанда майдангердің немересі Талғат Қасенов атасының аты-жөнін жазып іздеп көріпті, бірақ одан ешбір нәтиже шықпаған.
– Сонымен мен тоқтап қалдым. Менен кейін 2013 жылы шөбересі – ағамның Венера есімді қызы әлеуметтік желі арқылы соғыста із-түзсіз кеткендерді іздеумен айналысатын еріктілерге шығып, атам туралы бар мәліметті беріп, табуға көмектесуін өтініпті. Осылайша, 2021 жылы «Атаңыз Ржев қаласынан 8 шақырым жердегі Глебово деревнясындағы қаруластар қабірінде жатыр» деген жауап алады. Бұл қабірде 3500 адам жатыр екен. Жалпы, мұндай қаруластар қабірі Ржевтің маңайындағы 42 елді мекенде бар. Жаңағы жауапты алған соң, дереу Ржев қаласының әскери комиссариатына қоңырау шалып, «Ржев үшін болған шайқаста қаза тапқандардың тізімінде Қасен Төлегенов деген жауынгердің бар екені рас па?» деп сұрадық. Комиссариат өкілінен: «Иә, бар. Біздегі дерек бойынша, Қостанай облысының Пресногорьковск ауданданының әскери комиссариатынан соғысқа аттанған Қасен Төлегенов 220-атқыштар дивизиясының құрамында шайқасқан. Жұбайының есімі – Күлдірайхан. 1942 жылдың 10 тамызында қаза тапқан» деген жауап алдық. Атамыз жатқан жерге былтыр 9 мамырда бардық. Бізді Ржев қаласының басшысы өзі күтіп алып, бүкіл қаланы аралатып, ең жақсы қонақ үйіне орналастырып, меймандостық пейілін көрсетті. Жергілікті жұрт қаруластар қабірін жыл сайын бояп, жан-жағын сыпырып-тазалап, жақсы күтім жасап отырады екен. Музыка даусы саңқылдап тұр. Содан мерекені ұйымдастырушылардың біріне «Кешіріңіз, музыканы өшіре тұруға бола ма? Біз құран оқып алайық» деп едік, «Әрине, қазір-қазір» деп бүкіл музыканы өшіріп тастады. Біз құран оқып болып, қабірдің бір шетіне өзіміз арнайы жасатып әкелген атамыздың портретін ілдік. Қабірдің басына туған жерден өзімізбен бірге ала барған бір уыс топырақ тастадық, – дейді Талғат Қасенов.
Майдангердің ұрпақтары Глебово деревнясындағы боздақтар қабірінен де бір уыс топырақ ала келіп, Рудный мен Қостанайдың ортасындағы Семилетка ауылының жанындағы зиратқа ескерткіш орнатты. Ржевтен әкелінген бір уыс топырақ сол ескерткіштің басында жер қойнына табыс етілді.
– Қайтып келгеннен кейін мен Ұзынкөл аудандық әскери комиссариатының архивінен атамның қаза тапқаны туралы қара қағазды тауып алдым. Қара қағаз келген екен. «Төлегенов Хасен 1942 жылдың 10 тамызында Бельково деревнясында қаза тапты. Хабарлама жауынгердің отбасына жәрдемақы ресімдеу және тағайындау үшін берілді» деп жазылыпты. Әжеміз төрт баламен қалып отыр ғой. Ол кезде хабар-ошарсыз кеткендерге жәрдемақы берілмейді екен. Жоқшылық кезең, қара қағазды сол жәрдемақыны бермеу үшін жасырып қалды ма, кім білсін? – дейді майдангердің немересі.
Қостанай облысы