Елордамыздағы Екінші дүниежүзілік соғыс жауынгерлеріне арналған монументалды кешенге гүл шоқтарын қою рәсіміне Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов қатысты. Қаза тапқан батырлар ерлігіне құрмет көрсету үшін монументке Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Ақмола гарнизонының әскери қызметшілері, Қарулы күштер мен соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері келді. Іс-шараға қатысушылар қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Рәсім соңында Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов жиналғандарды Жеңіс күнімен құттықтады.
– Бұл мереке – әлемді фашизмнен қорғап қалған аға буынның ерлігін еске алып, ризашылық білдіретін күн. Бүгінгі ұрпақ бейбітшіліктің қадірін сезініп, бірлік пен ынтымақты сақтауға үлесін қосса, ел ертеңі жарқын, келешегіміз кемел болары сөзсіз, – деді министр.
Қазір елімізде 222 соғыс ардагері бар болса, солардың 9-ы Тараз қаласында тұрады. Мереке қарсаңында өңірлік гарнизон қызметшілері әрбір ардагердің үйіне барып, сый-сыяпаттарын табыстады. Олардың шаңырақтарына облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те бас сұқты.
Бүгінде майдангерлердің бәрі де ғасыр жасаған ата-әжелер. Соғыс басталғанда кәмелет жасына, яғни 18-ге толған бозбалалардың өзі биыл 100-ге келеді екен. Солардың бірі – Қарағанды қаласында тұратын 97 жастағы Исмагил Галиуллин. Ол майданда әйгілі Т-34 танкісін айдаған. Құттықтай келген Қарағанды гарнизонының әскері қызметшілеріне майдангер 2014 жылы «Спасск» полигонына барғаны жайында айтып берді. Сол кездің өзінде оның жасы 88-де келіп қалса да, қазіргі Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал Сұлтан Камалетдиновпен бірге Т-72Б танкісіне отырып, жүргізу нормативтерін «өте жақсы» деген бағаға орындағанын еске алды.
Қонаев қаласында жасы 103-ке қараған Оксана Бетебаева есімді ардагер тұрады. Бүгінде қаланың құрметті азаматы. Ол 1941 жылы 20 жасында өз еркімен әскер қатарына сұранып, Шуя қаласының әскери госпиталінде еңбек етіпті. Қонаев гарнизоны әскери полиция бөлімінің әскери қызметшілері оның шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтап қайтты.
Алматы қаласында тұратын 102 жастағы Адиш Әбдірайымов та бұл күні құрметтен кенде қалған жоқ. Ардагер 9 мамырда дүниеге келген. Майданға аттанған ол тұтқынға түсіп, Германиядағы «Нойенгамме» концлагерінде отырған. Алматы облысы Қарасай ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің әскери қызметшілері ардагерді туған күнімен және Жеңіс күнімен құттықтады.
18 жасында өз еркімен майданға аттанған өскемендік Евгений Федорович И.В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында соғысқан. Фашизмді жеңуге өз үлесін қосқан ардагерді Өскемен гарнизонының әскери қызметшілері арнайы барып құттықтады.
Ал Қорғаныс министрлігінің Гвардейск гарнизонында Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған салтанатты жиында аты аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова қонақта болды. Ол әскери қызметшілер алдында сөз сөйлеп, бейбітшіліктің қадірі, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары жайында сөз сөйледі.