Соқырлықтың алдын алу жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, бүгінгі таңда дүние жүзінде 284 млн адамның көру қабілеті нашарлаған. Оның ішінде 39 млн-нан аса адам мүлдем көрмейді. 19 млн бала түрлі көз ауруына шалдыққан. Ғалымдардың зерттеуінше, әлемдегі осы есеп 2050 жылға қарай 115 млн-ға жетуі мүмкін. Оған, әрине, тәуліктің көп уақытын жұмсайтын смартфон-планшеттер себеп. Ал Қазақстанда 86 мың зағип адам бар. Оның ішінде нашар көретін балалар – 7 934 болса, 320 бала мүлдем көрмейді.
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде есту қабілеті нашар және мүлдем естімейтін 30 мыңнан аса мүгедек азамат бар. Оның ішінде 5 782 адам мылқау. Бүгінде осы санаттағы балаларға арналған он жеті мамандандырылған мектеп-интернат жұмыс істейді. Онда қазір үш мыңға жуық бала білім алуда. Ал Астана қаласында есту қабілеті бұзылған мүгедектер саны – 1 208 адам болса, оның ішінде 18 жасқа дейінгі 405 бала бар.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың шынайы өмірден, күнделікті тіршіліктен алыстамауы үшін бар жағдайды жасау – мемлекеттің міндеті. Әсіресе олардың мәдени орындарға – театрлар мен музейлерге еркін бара алуларын қоғам бар мүмкіндігімен қамтамасыз етуі керек-ті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында дамудың бірден-бір жолы – білім саласы, сондықтан бұдан ешкім тыс қалмау керектігін баса айтады. Осы мақсатта елорда төріндегі Ұлттық музейде барлық жастағы ерекше жандар үшін олардың қалыптасуына, дамуына бағытталған әртүрлі іс-шаралар мен сабақтар, тарихи жәдігерлерді жақын тануға тактильді экспозициялар ашылған.
2020 жылдан бастап аталған музейде «Дара» қайырымдылық қорының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі келушілерге арналған «Қолжетімді музей: әлеуметтік жобасы аясында зағип және нашар көретін келушілерге арналған «Саусақ ұшындағы өнер» қанатқақты жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында 16 музейлік жәдігер, сондай-ақ Ұлттық музей залдарының ішкі және сыртқы көрінісі кәсіби дыбысталып сипатталды және аудиогидтерге жазылды.
Еліміз үшін бірегей археологиялық және тарихи маңызға ие жәдігерлерді шебер-реставраторлар мен мүсіншілер 20-дан астам музей жәдігерлерінің тактильді модельдерін жасап, көру қабілеті нашар келушілерге «қолмен ұстап көруге» мүмкіндік берді. Осылайша, қолжетімді музей – мүмкіндігі шектеулі жандардың мәдениетін қалыптастыру мақсатын көздейтін әлеуметтік-мәдени жобасына айналды.
Әлемдік музейлер тәжірибесінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мұндай жобалар кеңінен қолданылып келеді. Мәселен, Франциядағы Лувр музейінде арнайы тактильді галереяда музей қорынан мүсіндердің миниатюралық көшірмелері жиналған тұрақты жұмыс істейтін экспозиция бар. Ал Нью-Йорк қаласындағы заманауи өнер музейінде зағип және көзі нашар көретін жандарға арнайы қолғаппен мүсіндерді «зерттеуге» рұқсат етілген. «Гараж» музейі (Мәскеу) зағип жандар үшін тактильді экскурсияларды тұрақты түрде ұйымдастырады, сондай-ақ есту қабілеті шектеулі жандар үшін сурдоаудармамен экскурсия өткізеді.
Өскелең ұрпақтың дамуы мен балалардың бақытты балалық шағын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық музей бұл бағыттағы іс-шараларды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Айта кетсек, 2017 жылдан бастап «Мейірім» әлеуметтік жобасы іске қосылды. Жоба аясында өткізілетін барлық іс-шаралар музей қызметімен тығыз байланысты болғандықтан түрлі фестивальдар өтеді. Соның бірі – Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен «Бақытты бала» атты ерекше білім алуды қажет ететін балалардың шығармашылық қабілетін арттыру мақсатындағы IV инклюзивті музейлік фестиваль 2022 жылға дейін 4 рет ұйымдастырылып, 60 адам қатысқан. Сонымен қатар әкімшілік қарамағындағы «Жансая» әлеуметтік қоры және Ұлттық музейдің қолдауымен ерекше балалармен бірқатар табысты жұмыс жүргізілді. Биыл қордан қызмет алушы өнерпаз балалардың қатысуымен «Өнерлінің қолы алтын» тақырыбында сурет көрмесі өтті. Үздік шыққан 30 баланың ішінен 10 баланың жұмысы көрмеге қойылып, алғысхаттармен марапатталды.
Ерекше жандардың түрлі фестивальдарға, көрмелерге, шеберлік сабақтарына қатысып, жәдігерлерді көз жанарымен көрмесе де, қолмен ұстап, сипап, ішпен сезіп, балаша шаттанған жүздерін көру музей қызметкерлерін ғана емес, барша адамзатты қуантады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәдени өмірден алыстамауына мүмкіндік тудыратын осы бағыттағы жобалар көбейген сайын қоғам да ізгілене түспек.