Концлагерь тұтқынында болған Екатерина Абсатырова 1931 жылы Мордовияда дүниеге келген. Оның отбасы концлагерь тұтқынынан 1944 жылы бостандыққа шыққан. «Содан екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін әртүрлі жұмыс істедім. Асханада аспаз, әскери госпитальда санитар секілді жұмыстарды атқардым», дейді Екатерина Абсатырова.
Соғыстан кейін атыраулық Вагаф Абсатыровпен отбасын құрған. Ал 1968 жылы отбасымен Атырауға көшіп келген. Жергілікті локомотив депосына жұмысқа орналасып, машинистердің демалыс үйінде кезекшілік атқарқан. Сол деподан зейнетке шыққан.
– Сын сағатта елін қорғаған ардагерлерімізді құрметтеу – біздің парызымыз. Сол бір қиын күндер тарих қойнауына енді. Алайда майдангерлердің ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Соғыста жеңімпаз болмайды. Біз сол кездің ауыртпалығын көрген жоқпыз. Қазір бейбіт заманда ғұмыр кешіп жатырмыз. Жақсылықтарға тез үйренеміз. Соғыс жылдарында халыққа өте ауыр болғанын білеміз. Сіз де қиындық көрдіңіз. Бірақ мойыған жоқсыз, – деді кейуананың отбасына арнайы келген облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, Жеңістің 78 жылдығына орай тыл еңбеккерлеріне, соғыс зардабын тартқандар мен олардың жұбайларына жергілікті бюджеттен бір жолғы қаржылай көмек көрсетіліп отыр.
– Соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО-ның ордендерімен және медальдарымен наградталған 29 ардагерге 100 мың теңгеден бір жолғы қаржылай көмек берілді. Оларға ай сайын 10 мың теңге жәрдемақы төленіп отыр. Ал 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген, КСРО-ның ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған 1157 адамға 30 мың теңгеден біржолғы ақшалай көмек беріліп келеді. Соғыс кезiнде фашистер мен одақтастарының мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындар қатарында болған Екатерина Абсатыроваға 1 млн теңге берілді, – дейді Азамат Мәмбетов.
Оның мәліметіне сүйенсек, қайтыс болған майдангерлер мен соғыс мүгедектеріне теңестiрiлген адамдардың 25 жесірі бар. Оларға 30 мың теңге көлемінде біржолғы ақшалай көмек тағайындалған. Ал өзге мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан 1130 адамға 150 мың теңгенің көмегін беру ұйғарылған.
Өңірде майдангерлер есімін есте қалдыруға басым бағыт беріліп отыр. Соның бірі – көше атауын беру. Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ономастика бөлімінің басшысы Жеміс Дияшеваның айтуынша, облыс әкімдігі жанындағы ономастика жөніндегі комиссияға осыған байланысты 170-ке жуық ұсыныс түскен.
«Комиссия отырысында Жылыой, Исатай аудандарының елді мекендері мен Атырау қаласының маңындағы Еркінқала, Қайыршақты округтерінің көшелерге атау беру туралы ұсыныс қаралды. Оның ішінде Алаш қайраткерлері мен батырлардың есімімен атау жөніндегі ұсыныстар да бар. Ал Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангерлердің ерлігі, «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталғаны ескерілді. Ономастика жөніндегі комиссияның мүшелері 29 көшеге майдангердің есімін беру жөніндегі ұсынысты мақұлдап, шешім шығарды», дейді Жеміс Дияшева.
Атырау облысы