Қоғам • 11 Мамыр, 2023

Мал азығының ерекше түрі

436 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мал азығы ретінде пайдаланылатын кәдімгі жемнің сапасын арттыра отырып, сүттің өнімділігін 20-40 пайызға ұлғайтқан ғалым Юрий Балджи мал денсаулығын сақтаудың жолын да ұсынып отыр.

Мал азығының ерекше түрі

­­Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу универ­ситетінің ғалымдар тобы ерекше құрама жем әзірлеп, мол пайдаға кенеліп отыр. Мал азығы ауыл шаруашылығы сала­сындағы өзекті мәселенің бірі екені анық. Оның жыл өткен сайын құзырлы органдардан бастап қарапайым шаруаның бас ауруына айналуы да сондықтан. Еліміздің жер көлемі үлкен болғанымен мал азығының жетіспеушілігі және оның сапасының төмендігі анық байқалып отыр. Өкініштісі мәселе жыл өткен сайын күрделеніп барады. Мұның қандай шешімі бар? Отандық ғалымнан сұрап білдік.

чсм

– Біз Астана маңынан үш бірдей құ­рама жем өндіру цехын ашып, жұмыс істеуді бастадық. Өнімімізді «BioFeed» деп атадық. Бұл – фитобиотикалық жем қос­пасы. Негізінен ірі қара малдың өнім­­­­ділігін арттыру үшін дайындалады. Өздеріңіз білесіздер, кез келген мал кү­йіс қайтарады. Біздің өнім олардың ас қоры­туының физиологиялық үдерістерін ын­таландыруға арналған биологиялық бел­сенді заттардың көзі болып саналады. Екінші жағынан биологиялық белсенді азық қосымшасы малдың иммуните­тін арттыруда септігі мол, – дейді Юрий Балджи.

Кейде біз отандық ғалымдардың жасап шығарған өнімдеріне сенімсіздік, немқұрайдылық танытатынымыз бар. Біз ғалымнан аталған жем қоспасының мал үшін, оның өнімін тұтынушы адам үшін зияны бар-жоғын сұрап білдік. Аталған азықтың құрамы мен жасалу жолдарына да қызығушылық таныттық.

– Бұл – биологиялық белсенді компоненттер. Біз өнімдерімізге химиялық заттар қоспаймыз. Химияның адам мен жан-жануар үшін тіпті экология мен тағам са­ласында да аса қауіпті екені белгілі. Егер өнімдерімізден химиялық құрам анық­­талса, жағдай қиын болады, – дейді ғалым.

Қысқасы, жаңа азық түрін жеген мал түлігі ас қорытуға артық энергия жұм­са­майды. Осылайша, өнімділік қасиеттері жақсара түседі.

вап

– Құрама жемді дайындау жолы да өзгеше. Жем дайындау үшін әкелінген қа­рапайым тауарлық астық ең алдымен ға­лымдар тарапынан тексеріліп, анализ жа­салады. Егер шикізаттан қандай да бір зиянды әсерлер байқалатын бол­са, ал­дымен сол зиянкестің мал организ­міне түсіп кетпейтіндей етіп шаралар ұйым­дастырылады. Яғни экструдтау әдісі қол­да­нылады. Экструдтау дегеніміз – жем­нің та­ғамдық құндылығы мен қауіп­сіз­дігін арт­тыратын баротермиялық үде­ріс. Экс­трузия екі үдеріске негізделген – температура және аса жоғары қысымның әсері. Өнімге осы екі әдісті қолданған сәт­те жем құрамындағы мал организмі мен өніміне әсер ететін барлық зиян­кес жойылады. Осыдан кейін барып қажетті мал азық­тық дәрумендер мөлшерлемелері аса дәл­дікпен енгізіледі. Бұл үдеріс аяқталған сәт­те барып құрама жемді ширатып кеп­тіріп дайын өнім алынады. Бұдан бө­лек бұл дайын жемнің органолептикалық, физикалық және химиялық көрсеткіште­рін реттеуге мүмкіндік береді, – дейді Ю.Балджи.

Егер экструдтау әдісі қолданылмаған жағ­­дайда малға берілген азықтың 50-55 па­йы­зы қалдық ретінде сыртқа шыға­рылады. Ал экструдтау әдісі қолда­нылған құрама жем жеген малдан тек 5 пайызы ғана сыртқа шығады. «Біздің ғылыми дәлеліміз бойынша жемнің 95 пайызы азық ретінде малдың бойына дариды. Бұл өз кезегінде мал өнімінің ұл­ғаюына және етті малдың салмақ қосуына ерекше мүмкіндік береді», дейді ол.

Ғалымның айтуынша, жаңа өнімді пайдалана білген шаруа қожалықтары мал азығын екі есе үнемдейді.

Ғалымдар құрама жемді дайындау барысында оның құрамына фитобиотик қосатынын айтты. Фитобиотиктер дегеніміз – организмге ерекше әсер ететін әртүрлі өсімдіктердің сығындыларынан тұратын мал азығына пайдалы қоспа. Оның құрамында май қышқылдары (55%); флавоноидтар (6,78%); органикалық қышқылдар (2,5%); фенол қышқылдары; көмірсулар; А, С, Р, В12 витаминдері; йод, мырыш, марганец, мыс, кобальт микроэлементтері; амин қышқылдары және фенолгликозидтер бар.

– Бұл қоспалардың барлығы дәлел­денген және нақты пайдасы бар. Бұл жануарлардың сау болуына және төлінің сапалы болып қалыптасуына да кепілдік береді, – деп нақтылады ғалым.

Қазіргі таңда ғалымдарымыз ойлап тапқан өнімді жеке кәсіпкерлер көптеп сатып ала бастаған. Сонымен бірге сатып алған шаруа қожалықтарына ғалымдар тобы сынақ мерзімін бекітіп, белгілі бір уақытқа дейін шаруашылықтың мал азығы мен мал өнімділігін бақылап, зерттеулер жүргізіп келеді. Алғашқыда ірі қара мал үшін дайындалған азық өнімі қазір ұсақ малдар мен өзге де үй жануарлары үшін әзірленіп, ғылыми дәлелдер, тұжырымдар жасалып жатыр. Бұл біз үшін жаңа қадам, жаңа мүмкіндік, – дейді Ю.Балджи.

 

Бердібек ХАБАЙ,

журналист