Нейрохирургия негізі
Ұлттық нейрохирургия орталығында елдің кез келген аймағындағы науқастар квота арқылы тегін емделе алады. Әрине, орталыққа екінің бірі емес, диагнозына қарай ауруы асқынғандар барады. Тіпті көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан да еміне шипа іздеп келіп жатқандар бар. Бірақ елде оларға тек ақылы қызмет көрсетіледі. Қалай дегенде де бізде операцияның құны Ресеймен салыстырғанда екі-үш есе арзан екен. ТМД елдерінде бай-бағландар Ресейге, бізге, жағдайы келіп жатса, Израиль, Еуропа асады немесе Кореяға барады. Өйткені онда менеджмент, маркетингке көбірек көңіл бөлінген.
Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін еліміздің нейрохирург мамандары Ресеймен байланыс орнатқан. Себебі Ресейде 90 жылдық тарихы бар әйгілі Н.Бруденко атындағы нейрохирургия институты бар. Институттың бірінші басшысы – екі рет Кеңес одағының батыры атанған Николай Бруденко деген азамат. Ол Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес әскерінің бас дәрігері болыпты. Негізі сол соғыстың алдында Америка мен Германия да нейрохирургияны дамытуға көңіл бөлген. Бұл ХХ ғасырдың 30-жылдарымен, яғни әлемде нейрохирургия бөлек сала ретінде зерттеле бастаған кезеңмен сәйкес келеді. Көп ұзамай 1950 жылы Алматыда нейрохирургия травматология, хирургиядан бөлініп, өз алдына бөлімше ашылған. Ол заманда қазіргідей микроскоп, жетілдірілген құрылғылар болмаған. Өлім-жітім көрсеткіші де қазіргімен салыстыруға келмейді. Елдегі дәрігерлердің Н.Бруденко институтымен байланысына қайта оралайық. Негізі нейрохирургияда елдегі тәжірибелі мамандардың көбі сол институтта білім алған. Егемендік алған жылдан беріде нейрохирургияның дамуына тікелей себепкер болған медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, Ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма Төрағасы Серік Ақшолақов та Тәуелсіздік жылдарында Н.Бруденко институтынан келген. Институт басшылығы әуелде білікті маманға Ресейде қалуды ұсынып, қолқалапты. Бірақ дәрігер отандық медицинаны дамытуды ойлап, елге оралғанын білеміз. Негізі, Кеңес өкіметі тұсында нейрохирургияда оқыған қазақ дәрігерлері аса көп те болмаған. Ал қазір осы салада білім алып, тәжірибесін шыңдап жүрген жастар көп. Олардың аяқалысы да жақсы.
Сәулелі емнің септігі мол
Сонымен, 2000 жылдары ел еңсесін тіктей бастаған тұста Ұлттық нейрохирургия орталығын ашу жайы жоспарлана бастаған. Осы жоспар араға 8 жыл салып орындалып, 2008 жылы Астанада Ұлттық нейрохирургия орталығы ашылды. Міне, осы сәттен нейрохирургия саласының жаңа кезеңі басталды деп айтуға болады. Өйткені биыл мамандандырылған еңселі орталықтың құрылғанына 15 жыл толып отыр. Осы аралықта орталықта 57 мыңнан аса адам ем алған. 39 мың адамға операция жасалған. Операциялардың 70-тен аса түріне жаңа технологиялық әдіс-тәсілдер енгізілген. Нәтижесінде, қазір нейрохирургиядағы науқастардың ішінде шетелге барып емделетіндер азайған. Мұның себебі орталықтың әлеуеті әлемдегі барлық операцияны жасауға жетеді. Қарап отырсақ, ми патологияларының нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты нейрохирург дәрігер Нұржан Рыскелдиев айтқандай, медицинадағы жетістіктеріміз – тәуелсіздік жемісі.
– Иә, елде денсаулық сақтау саласының барлық бағытына көңіл бөлінді. Шетелде білімін жетілдіруге барып жатқан дәрігерлер көп. Медицинада «бірінші кезекте – науқасқа зияның тимеуі керек» деген қағида бар. Тағы, алтыннан да бағалы саналатын уақытты бос өткізбеу керек. Мысалы, халі мүшкіл науқастарды шетелге алып барғаннан шетелдегі дәрігерлерді осында шақырғанымыз тиімдірек. Себебі науқас ем-домын алғанның өзінде, елге қайтарда жағдайы күрт нашарламайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Біздің орталыққа барлық өңірден науқастар келеді. Оның ішінде кейбір операцияларды жүргізу үшін науқасты апта немесе тіпті екі-үш ай дайындау қажет. Ал оқыс жағдайлардан кейінгі жедел операцияларда барлық сараптаманы түгендеп отыруға уақыт тапшы болады. Қарбаласта науқастың туыстары бауырының жағдайын сұрап жатады. Мұндайда біз науқастың жағдайы «елу де елу» деп қана түсіндіреміз. Өйткені пациент операцияға түбегейлі дайын емес. Оның үстіне жарақат алғаны тағы бар. Сондықтан пациенттер әр кез дәрігермен кеңесе отырып шешім қабылдағаны абзал, – дейді нейрохирург дәрігер.
Ұлттық нейрохирургия орталығы Израильмен де берік байланыс орнатқан. Ондағы білікті мамандар бізге келіп, жоғарыдағы 70 түрлі жаңа технологиялық операцияның шамамен 10-15-ін енгізуге ықпалдасқан. Қазір Ұлттық нейрохирургия орталығында ми поталогиясы, жұлын патологиясы, қан-тамырлары функционалдық нейрохирургия, балалар нейрохирургиясы және нейрооңалту деп аталатын бес бөлімше бар. Қала берді орталықтың базасында нейрохирургияның жаңа салалары – микронейрохирургия, эндоваскулярлық, эндоскопиялық және функционалдық нейрохирургия енді. Ендігі соңғы жаңалықтардың бірі – мүмкіндігі мол Гамма-пышақ радиохирургия кешені. Осы радиохирургиялық қондырғы мидың ісіктерін, мидың тамырлы және функционалдық ауруларын емдеуге арналған. Сәулелік терапияға қарағанда, Гамма-пышақтың көмегімен емдеу кезең-кезеңімен жасалады. Дәрігерлер қондырғы арқылы қазірдің өзінде 800-ден аса науқасқа көмек көрсеткен. Білсеңіздер, радиохирургия – ағзаға бойлап жасалатын операция. Мысалы, танау арқылы эндоскоппен мидың астындағы ісіктерді жоюға болады. Егер науқастың жағдайы мұндай операцияға келмесе, амал жоқ, бас сүйекті ашуға тура келеді. Радиохирургияда 2-3 сантиметрлік ісіктерді жоюға болады. Тарқатып айтсақ, мида негізі адамның жүйке жүйесінің 12 тармағы бар болса, солардың барлығы мидың астыңғы бөлігінде орналасады. Ал адамның жүйке жүйесі зақымданса, қайта қалпына келуі қиынның-қиыны болуы ықтимал. Әлемдік көрсеткіш бойынша сәулелік емнен кейін науқастардың орта есеппен 80% -ында ісік қайта өспейді екен. Егер өссе, онда амал жоқ, операция жасалады. Орталықта радиохирургтермен бірге физиктер де бар. Олар сәулені программалап, жан-жақтан келетін сәулені есептеп, ісік пайда болған тұста қиылыстырады. Бұл – бас сүйекті ашпай жасайтын операция. Орталық Азияда мұндай ем тек бізде ғана бар екен.
Қатерлі ісік қайдан пайда болады?
Көпшілікті қатерлі ісік қайдан пайда болады деген сауал алаңдатса керек. Қатерлі ісіктің негізгі, дәлелденген себеп-салдарының бірі радиоактивті заттар екен. Асқынған вирусты инфекция, дұрыс тамақтанбау, созылмалы стресс, химиялық бояғыштармен қоса, жанармаймен немесе мұнайда жұмыс істейтіндердің әлсіз ағзасы сыр беруі мүмкін. Дәрігерлердің айтуынша, кез келген вирус уақытында дұрыс емделмесе, кейін қайта ышқынуы әбден мүмкін. Сондықтан иммунитетті түсірмеу керек. Медицина мамандарының таңертең, жатарда су ішу керек дейтіні тегіннен-тегін емес болса керек. Осы ретте дәрігер Нұржан Рыскелдиев вирусты клеткалар жайында тарқатып айтып, тақырыпты түсіндіріп берген еді.
– Вирус түскенде ағзадағы «бұзық клеткалар» бағынбай кетеді. Пандемияның салдары қазір де шығып жатыр. Бұл әуелден, пандемия басталғанда күтілген еді. Өйткені ол вирус бұған дейін анықталмаған. Ағзаға қалай әсер ететінін ешкім білмеді. Екі жыл бұрын пневмония көп болса, былтыр, инсульт пен инфаркт көбейіп кетті. Өйткені жастардың көбі вирусты симптомсыз өткізді. Алайда вирус ағзаға түсті ғой. Ағза оны жеңді. Ал вирус клеткаларда екі-үш жыл тұрады екен. Иммунитет түскенде, оянуы әбден мүмкін. Өкінішке қарай, қазір ісікпен туып жатқан балалар бар. Мұндай жағдайға да созылмалы вирусты инфекция әсер етеді. Қазір интернет тарататын wi-fi бар. Ел соны денсаулыққа кері әсер етеді деп жатыр ғой. Бекер емес, одан да радиатолқындар шығады. Қазір гаджеттердің де адамға зияны бар. Бірақ оны ешкім айтпайды. Кейбір елдерде 15-18 жасқа дейінгі балаларға қымбат телефон ұстатпайды. Жаңа технологиялардың денсаулыққа зияны болғанымен, нақты дәлел болмаған соң ұсыныс-пікірлер айтылған жерде қалады. Адам ауырмау үшін ең әуелі ауырмаймын деген ой, ниет болуы керек. Суды тиісті мөлшерде көбірек пайдалану керек. Мен мұны айтудан жалықпаймын. Ауасыз, сусыз өмір жоқ қой. Жаңбыр жаумаса, жердің өзі жарыла бастайды. Ағзаға да солай су керек. Қимыл қозғалыс керек, – дейді дәрігер.
Орталықтағы бір ғана ми патологияларының нейрохирургиясы бөлімшесінде жылына 800-900 адам жатады екен. Жылдан-жылға науқастар көбейіп, операция саны өскені байқалады. Осы бөлімшеде дәрігерлер ми ісіктері, ми жарақатының асқынулары, паразитарлық инфекциялар, эпилепсия, ми іші ісіктері, ми сыртындағы ісіктер сияқты дерттерді емдейді. Яғни аталған бөлімшеде жасалатын операциялардың 90 пайызы ісікпен байланысты. Орталық ашылғалы бері жасалған өте күрделі операциялардың тізімінде мидың астындағы тамырланып кеткен үлкен ісіктерді жою болыпты. Ісіктердің кейбірінде осылай қан тамырлар өршіп кеткен болады. Оны операцияда алып болғанша қан көп кетуі ықтимал. Мысалы, ер азаматтар 3 литрден артық қан кеткенде, оны құйғанда көтере алмауы мүмкін. Ол ағзаға стресс түседі. Ал әйелдерде қан сәл көбірек кетсе, ағзасы шыдай біледі. Мұндай жағдайларда қауіптің алдын алу үшін дәрігерлер операцияны екі кезеңге бөліп жасайды екен. Кеңес өкіметі тұсында мұндай операциялар атымен болмаған. Ал қазір өңірлердегі дәрігерлер де жасайтын болған. Бірақ күрделі ісіктерді Ұлттық нейрохирургия орталығына нұсқайды. Оның көбі қан тамырланып кеткен ісіктер деп айттық. Кейінгі жылдары әйелдерде жүктілік кезінде ісіктер жиірек пайда болуда. Осындай жағдайларда науқастардың басым көпшілігі Ұлттық орталыққа келеді. Ал мұндағы дәрігерлер Ана мен бала орталығындағы мамандармен бірлесіп, кеңесіп жұмыс істейді. Өйткені ана мен бала өмірі аса маңызды. Биылдың өзінде жүкті кезінде қатерлі ісікке шалдыққан аналардың саны 10-ға шамалап қалыпты. Бұл бұрыннан бар диагноз болғанымен, кейінгі 2 жылда көбейгені байқалады.
Қазір Ұлттық нейрохирургия орталығының әлеуетін көпшілік біледі. Білген соң кейбір операцияларды облыстық орталықта емес, Ұлттық орталықта жасатуды жөн көретіндер көп. Мұндағы мамандар жылдан-жылға тәжірибесін арттырып, толысып жатыр. Қысқасы, барлық шаруа бір жүйеге қойылған. Операция – бастан-аяқ дәрігерлердің жіті бақылауында. Аймақтан келген науқасты қабылдаған дәрігерлер бас салып операцияға кіріспей, науқастың денсаулығын жіті тексереді. Арнайы құралдар арқылы қай жерден кескен қолайлы, қай тұстан миды зақымдамай ісікке баруға болатынын анықтап алады. Себебі науқастың операциядан кейінгі жай-күйі, қалыпты өмір сүруі маңызды. Сол себепті операция барысында нейромониторинг арқылы мидың өмірге аса қажетті бөліктерін біліп отыруға мүмкіндік бар. Демек, операция кезінде нейрофизиологтердің болуы заңдылық.
Шетел емінің жарнамасы басым
Әлеуметтік жағдайы келетіндер туған-туысы шетелге барып емделсе, жағдайы жақсарып кетер деп үміт артады. Іштей сенеді. Бір қызығы, көптеген аурудың емі шетелде, бізде бірдей, айырмашылығы шамалы. Шетелге барып емделуді құп көретіндер ондағы дәрі-дәрмек сапасын, операциялар уақыт оздырмай тез арада жасалатынын айтады. Бұл шетелде медицина бизнеске айналғанын білдірсе керек. «Медициналық туризм» деген де бар. Осы бағыт қазір Корея, Қытай, Түркияда қазір жақсы дамып жатыр. Ондағы мамандар науқас келе қалғанда жылдам әрекет етеді. Бизнестің қағидасы – осы. Неге десек, бір аурухана жылдам әрекет етпесе, екінші, тағы бір ақылы медициналық орталық дайын тұр.
– Мұндай орталықтар пациентке таласады. Бірақ шетелге барғандардың ішінде көңілі толмай келгендер де баршылық. Өйткені онда өз еліңде тексерілдің бе, жоқ па қарамайды. Өздері қайда тексереді. Оның барлығы ақылы. Ал бізде науқастар біраз уақыт жіті қаралып, тексеріліп, операцияға дайындалады. Протокол бойынша әрине. Елден шетелге барып емделетіндер көбіне сол жекеменшік емханаларға барады. Онда да күтпеген жағдайлар болады ғой, жан сақтау бөлімінде көбірек жатып қалса, шығындалып, елге, үкіметке қолқалап жатқандар баршылық, – дейді Нұржан Рыскелдиев.
Операцияның оңайы жоқ. Саладағы жас мамандар да осы сөзді құлағына құйып жетілуде. Өйткені нейрохирургияда кейде үлкен ісікке қарағанда кіші ісікті алған күрделірек болуы мүмкін. Себебі наркоздың өзі ағзаға салмақ салады. Заман ілгерілеген сайын аурудың себеп-салдары көбейіп, «ауру айтып келмейді» демесек жарар. Сондықтан қазір саламатты өмір салтын ұстану арқылы кез келген сырқатқа тосқауыл қоюға болады деген дәрігерлердің ұстанымымен жүргеніміз абзалырақ.