Қоғам • 11 Мамыр, 2023

2023 жылғы жаһандық сын-қатерлер

570 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алдағы онжылдықта күллі әлемді қандай сын-қатер күтіп тұр? Көптеген ақыл-ой орталықтары осы сұрақтар төңіре­гінде зерттеу жүргізіп келеді. Мәселен, 2023 жылы Дүние­жүзілік экономикалық форум 1 200-ден астам жетекші сарап­шының қатысуымен Жаһандық сын-қатерлер туралы есеп дайындаған.

2023 жылғы жаһандық сын-қатерлер

Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»

Осы тақырыпты «Eurasia Group» консалтинг компаниясы да қарастырған екен. Зерттеу деректері бойынша, келесі онжылдықта технологиялық даму, қазіргі геосаяси және экономикалық жағдай экологиялық және әлеуметтік дағдарыстарға алып келуі мүмкін.

яап

Алдағы уақытта жедел және кең тарайтын сын-қатердің бірі – «өмір сүру құнының дағдарысы». Аты айтып тұрғандай, бұл инфляцияға байланысты халық кірісінің күрт төмендеп, азық-түлік пен жанар-жағармай сияқты күнделікті игіліктер бағасының жылдам өсімін білдіреді. Расында да, әлемнің барлық елінде «электр энергиясымен қамту», «инфляцияның артуы» және «азық-түлікпен қамтамасыз ету» ең өткір мәселеге айналып, домино эффектісі бойынша ең алдымен әлеуметтік осал топтарға ықпал етеді. Зерттеуде осы ахуал­ды тұрақтандырудың бірден-бір жолы ретінде «адам дамуына жұмса­латын инвестиция көлемін арттыру» деп көрсетіледі.

Жер бетінде тез белең алуы мүмкін тағы бір мәселе – биоалуандылықтың жоғалуы және экожүйенің күйреуі. Аталған есеп көрсетіп отырғандай, жасыл технологияға қомақты инвестиция құюға кейбір мемлекеттердің ғана шамасы келеді. Ауыз судың тапшылығы да жүйелі жаһандық проблемалар қатарына кіргеніне қарағанда, барлық үкіметтер бұл мәселені уақытша дағдарыс ретінде қарастырмауға тиіс.

Зерттеуде технология дамуының киберқауіпсіздік пен қоғамдағы теңсіздік аспектілеріне кері әсері айтылған. Киберқылмыстың өсетіні мәлім болса, саяси акторлар (қатысушылар) өзге елдердің технология ресурстары мен қызметтеріне жиі шабуыл жасауы әбден мүмкін. Мұндай әрекеттер әсіресе ауыл шаруашылығы, сумен қамтамасыз ету, қаржы жүйесі, қоғамдық қауіпсіздік, энергетика, ғарыштық және су асты коммуникация жұмысына да кедергі келтіруі ықтимал.

Әлемдегі сауда-экономикалық теке­тірес, санкциялар жалғаса берсе, инфляциялық қысым тудырушы фактор болып есептелетін логистикалық тізбектер әлсірей түседі. Зерттеу дерек­теріне сүйенсек, алдағы 10 жылда жаһандық экономикалық фрагментация мен геосаяси шиеленіс тоқтамаса, қарыз дағдарысы ушыға беретіні анық.

Дамыған және дамушы елдердің табиғи ресурстарды шамадан тыс, әрі тиім­сіз қолдануы әсерінен азық-тү­лік пен су үшін күрестің күшеюі бы­л­ай тұрсын, металл мен минерал­дар­дың жетіспеушілігіне байланыс­ты гума­нитарлық және экология­лық дағ­­да­рыс тереңдейді. Алайда дағ­да­рыс атаулы дамушы және дамы­ған на­рық­тарға әркелкі ықпал етеді. Дағда­рыс­тар қоғамдық инфрақұ­рылымның құлды­рауына өз ықпалын салыстырмалы түрде тигізеді.

Жоғарыда аталған және кестеде көрсетілген мәліметтер мен болжамдарды негізге ала отырып, мұндай сын-қатер­лердің алдын алу шараларын іске асырып, олардың қоршаған ортаға әсері мен әлеуметтік салдарын мейлінше зерделеуді қолға алған маңызды. Жаһандық сын-қатерлер бәрінен бұрын адами капиталдың дамуына өте жойқын әсер ететінін ескеру қажет.

 

Айдана АМАЛБЕКОВА,

Қазақстан қоғамдық

даму институтының сарапшысы