АСТАНА. 13 шілде. Бүгін түн ортасы ауа Бразилиа қаласында Бразиия жәге Голландия құрамалары үшінші орынды сарапқа салды. Матч 3:0 есебімен голландиялықтардың пайдасына шешілді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Голландия құрамасы өзінің тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының қола медаліне қол жеткізді. Бұл үшін Луи ван Гал шәкірттеріне алаң иелері қақпасына жауапсыз үш гол соғуға тура келді. Екі командада да үшінші орын үшін өліспей беріспейтін себеп болды. Соның ішінде жартылай финалда Германиядан 1:7 болып күйрей жеңілген бразидиялықтар үшін бұл ұтыс ауадай қажет еді. Ал Голландия бұған дейін бірде-бір чемпионатты көтеріңкі нотада аяқтап көрмеген болатын. Олар тіпті финалда шайқасқан 2010 жылы да оны жеңіліспен аяқтаған. Осының алдында «қызғылт-сарылар» ұстазы әлем чемпионатында үшінші орын алудың ешқандай мәні жоқ екенін мәлімдегеніне қарамастан, бұл ел командасының аталмыш матчқа барынша жоғары дайындықпен келгені бірден байқалды.
Бразилия – Голландия 0:3 (0:1).
13 шілде. Бразилиа. Ұлттық стадион. Төреші - Джамель Хаймуди (Алжир).
Бразилия: Жулио Сезар, Дуглас Майкон, Тьяго Силва, Давид Луис, Андраде Максвелл, Луис Густаво (Фернандо Фернандиньо, 46), Жозе Паулиньо (Лима Эрнанес, 58), Сантос Рамирес (Халк Живанилдо, 73), Боргес Виллиан, Оскар дос Сантос, Жоао Алвес Жо.
Голландия: Яспер Силлессен (Мишель Ворум, 90+4), Стефан де Врей, Рон Влаар, Бруно Мартинс Инди, Йорди Класи (Йоэл Велтман, 90), Джорджиньо Вейналдум, Дирк Кёйт, Дэйли Блинд (Дэрил Янмат, 72), Джонатан де Гузман, Арьен Роббен, Робин ван Перси.
Голдар: Робин ван Перси (4, пенальти), Дэйли Блинд (17), Джорджиньо Вейналдум (90+2). .
Ескерту: Тьяго Силва (3), Оскар дос Сантос (70) – Арьен Роббен (10), Джонатан де Гузман (37).
Мұны «қызғалдақтар елі» құрамасының кездесуге негізгі құрамымен шыққаны да айғақтап берді. Тек матч алдындағы дене қыздыру кезінде сіңірін созып алған Уэсли Снейдер мен жарақатынан толық айықпаған Найджел де Йонг екеуі ғана ойынға қатыса алмады. Бұлардың біріншісін Джонатан де Гузман алмастырса, екіншісінің орнына Йорди Класи шықты.
Бразилиялықтардың бас бапкері Луис Фелипе Сколари күтпеген жерден экспериментке барып, старттық құрамға бұрын назарға ілікпеген ойыншыларды енгізді. Негізгі саналған құрамнан тек қақпашы Жулио Сезар, қорғаушылар Давид Луис пен осының алдындағы ойынды дисквалификацияға байланысты жіберген Тьяго Силва, сондай-ақ Оскар ғана алаңға шықты. Шабуыл шебінде жарақат алған Неймарға ғана емес, сонымен қатар бақуатты Фред пен Халкқа да орын табылмады. Бұл жолы селесао бір ғана айқын форвард – Жоны алға салып ойнады.
Нәтижесінде кездесу жартылай финалдың жалғасы іспетті болып басталды. Бразилия 3-минутта-ақ гол жіберіп алды. Оның айып алаңында Арьен Роббен әдемі құлай білді. Оның шынайы екеніне сеніп қалған алжирлік төреші Джамель Хаймуди 11 метрлік нүктені нұсқады. Алдын ала айтып қояйық, бұл арбитр да турнирдегі көптеген төрешілер тәрізді ойын үстінде «қалқып» жүрді. Ол көп ретте оның тізгінін уысынан шығарып ала берді. Ал пенальтиді Робин ван Перси өте жақсы соқты – 1:0. Осымен пентакампеондар бұл біріншілікте өткізіп алған голдары санын 12-ге толтырды. Бұған дейінгі чемпионаттарда олардың бұл жөніндегі көрсеткіші 11-ден асып көрмеген еді. Оның өзін құрама алыстағы 1938 жылы тіркеген-ді. Демек, сары жейделі команда тағы бір антирекордқа қол жеткізіп отыр.
Ойынның 17-минутында Голландия есепті 2:0-ге жеткізді. Сонымен бірге бразилиялықтар өткізген доп саны 13-ке асты. Гол Джонатан де Гузманның қиялатып жеткізген пасын Дэйли Блиндтің қақпаға туралап ұруы арқылы түсті. Шыны керек, бұл гол да тым «таза» болған жоқ. Гузман Роббеннен пас алған кезде нағызь офсайдта тұр еді. Осының өзі кездесудегі бас төреші мен лайсмандардың осал болғанын көрсетеді.
Осылай алғашқы екі голды да күмәнді жағдайда соққан Голландия бұдан әрі де аса сақ қимылдай отырып, қарсы шабуылдың шырайын шығаруға тырысып бақты. Ал Сколари командасының бір тәуір жері, матчтың бірден өздері үшін қырын сипатта өрбігеніне қарамастан, немістермен ойындағыдай салы суға кетіп, бәрін тағдырдың тәлкегіне тастай салмады.
Голландиялықтар бұдан бұрын, 1998 жылы Францияда өткен әлем біріншілігінде бір рет үшінші орынға таласып көріп еді. Бірақ сол жолы хорваттарға 1:2 болып ұтылып қалған. Бұларға қарағанда, бразилиялықтардың үшінші орынға таласта біршама бай тәжірибесі бар. Олар мұндай шайқастарды 1938, 1974 және 1978 жылдары бастан өткерді. Соның ішінде селесао үшін 1938 және 1978 жылдар сәтті болды.
Кездесудің екінші жартысында Бразилия территориялық және ойын басымдығына ие болды. Алайда, таблодағы есеп өзгере қоймады. Команда 68-минутта бір доптың қарымтасын қайтаруға өте жақын қалды. Себебі, қарсыластар айып алаңына құстай ұшып жеткен Оскарды Блинд шалып құлатты. Ал төреші пенальти белгілеу орнына бразилиялық шабуылшы осыны қасақана істеді деп есептеп, оған «сары қағаз» көрсетті.
Бразилиялықтар бұдан кейін де шабуылды жалғастырды. Бірақ бірде-бір рет қарсы қақпаны дәл көздей алмады. Мұның есесіне ойынның негізгі уақытына қосылған 2-минутта Джорджиньо Вейналдум күтпеген жерден үшінші голды да салып кетті.
Осылайша ойын 3:0 болып аяқталды.
Чемпионаттың шешуші матчы 13 шілде күні түнде Рио-де-Жанейрода өтеді. Алаңға Германия және Аргентина құрамалары шығады.
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: egemen.kz.
Фото: ИТАР-ТАСС.