Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларын қамтыған «Мерейлі отбасы» байқауының
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жеңімпаздары
Бимаханбетовтер отбасы байқаудың бірінші бәйгесін алды
Түркістан тағылымы – тектілік
Оңтүстік Қазақстан облысында өткен байқаудың жеңімпаздарын марапаттау салтанаты Опера және балет театрында өтті. Жүлдегерлерге облыс әкімінің Алғыс хаты және бағалы сыйлықтар тапсырылды. Бірінші орынды Түркістан қаласындағы айтулы әулет Бимаханбетовтер, екінші және үшінші орындарды Шымкент қаласында тұратын Досболовтар мен Ташқараевтар отбасылары иеленді. Түркістандық Елтай Бимаханбетовті жұртшылық жақсы біледі. Оның отбасы туралы да жан-жақты хабардар. Елтай аға ел ағасы. Жасы сексеннің сеңгірінен асқан абыройлы ақсақал. 1957 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогика институтының филология факультетін бітірген. Түркістан ауданы мен қаласының оқу-ағарту, білім беру және мәдениет салаларына ерен еңбек сіңірген ардагер. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмай, Саттар Ерубаев музейін ұйымдастырушылардың алдыңғы қатарында жүрді. Алғашқы директоры болды. Түркістан қалалық «Қазақ тілі» қоғамына да жетекшілік жасап, белсенділігі мен байсалдылығын егіз-қатар ұстай білген Елтай Бимаханбетұлы отбасындағы тәлім-тәрбиеге өзгеше мән беруімен белгілі тұлғаға айналған. Зайыбы Елена Төлеуліқызы екеуі сегіз ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. 33 немере мен 10-нан аса шөбере сүйіп отыр. Елтай мен Еленаның махаббаты, отбасылық үлгі-өнегелері туралы жұрттың бәрі ыстық ықыласпен әңгімелейді. Елтай ағаның өзі жастайынан-ақ жазумен, сурет салумен, ән айтумен айналысқан. Кемелденген кезеңінде ақындығы да шарықтай түсіп, балаларға арналған, тәрбиелік мәні үлкен шағын прозалық дүниелерді де өндірте өрнектеп, тіпті драмалық дүниелері сахналанып, қаламгер ретінде жан-жақты танылды. Сөйтіп, жетпіс жастан асқан шағында Елтай Бимаханбетұлы Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. «Құрмет» орденімен марапатталып, Түркістан қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. Ал енді Елекеңнің зайыбы Елена жеңгейге келсек, ол кісі 78 жаста. Білім беру саласының ардагері. Неміс тілінің маманы. − 1957 жылы ҚазПИ-ді бітіріп, жолдама бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының Ильич ауданына жұмысқа баруым керек болды. Қазіргі Мақтаарал ғой,− дейді Елекең күлімдеп қойып. – Елена мен біржарым жасар балам Бақытжанды Ескі Саурандағы ағамның үйінде қалдырып, жолға шықтым. Біртүрлімін. Келіншегім мен баламды айналшықтап кете алмай біраз жүрдім. Түркістаннан Ташкент жаққа пойыздың жүруіне де шамалы уақыт қалған. Ақырында баламның ұйықтап жатқанына қарамастан, екі бетінен кезек-кезек сүйіп, Еленамен де құшақтай қоштасып, түн ішінде теміржол стансасына кеттім. Кенет балам да ілесе шыққандай болды. Қарасам, алдымда, үш-төрт метрдей жерде ақ көйлекпен кетіп барады. Алғашқыда жай елес шығар деп мән бермедім. Бірте-бірте балам мені ертіп келе жатқандай күйге бөлендім. Содан 200 метрдей жердегі суханаға дейін Бақытжаным жетелеп апарғандай болған. Су бөлетін үйде Төлеген Ескеевпен жолығып, амандастым. Әлдебір қиялға берілгендей күйде: «Жаңағы менің балам қайда кетті?» дедім. Төкең таңырқап: «Қайдағы бала? Кімді айтып тұрсың?» деді. Содан ол да, мен де мазасыздандық. Мен, бәрібір, баламды іздейтіндеймін. «Балам, көзіңе әлдебір елес көрінген шығар», деп қояды Төкең. Сухана мен вокзал арасы бір шақырымдай еді. Асығып, қорқынышты басу үшін «Қараторғай» әнін, сонсоң «Жылқышы» әнін айқайлап айтып, жүгіре жеттім. Вокзалға. Ильич аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі ықыласпен қарсы алды. Иманқұл Ыбыраев деген кісі екен. Елена екеуміз бір мектепке орналасатын болдық. Интернаттан бөлмелер де берілді. Жолым болды. Ауылға оралған соң Әбубәкір Сандыбаев дейтұғын ескіше де, жаңаша да сауатты ағайымыздан Мақтаарал жаққа барардағы Бақытжанның ақ жейдемен біраз жерге дейін «жетелегенін» айтып, мәнісін сұрадым. «Елтайжан, мұндай елес кім болса соған көріне бермейді және ондай оқиғаны кім болса соған айта берме, − деді. – Құдай қаласа, келешегің жақсы болады екен. Озық боп жүреді екенсің. Жас періштенің жебегені ғой ол». Осыны айтқан Әбекең батасын беріп, құран оқыды. Міне, Елекең елу екі жылдан кейін еске алып отырған осы оқиға шынында да қайран қаларлық еді. − Өзім ата-анамнан екі жасымда жетім қалғанмын,− дейді Елекең.− Бірақ, ес білгеннен Түркістанның тектілігіне, осы қасиетті қаладағы текті кісілердің ақыл-кеңестері мен өнегелі істеріне құлақ қойып өстім. Киелілікке сендім, имандылықтың биіктігіне иландым. Әуелі Алла тағала, одан кейін Құдай қосқан қосағым Елена Төлеуліқызы менің, отбасымның ел қатарынан қалмай, еңбекте озық, ізденгіш, ізетшіл болуымызға себепкер десем, артық айтқандық емес. Қорқыт баба бүй деген: «Сұлу әйелге үйленсең, оның күзетшісіне айналасың. Атақты әйелге үйленсең, оның атағына телінесің. Бай әйелге үйленсең, оның көп мүлкінің біріне айналасың». Көрдіңіз бе? Қазақ халқында ерлі-зайыптылық, отбасылық өмір туралы небір даналықтар бар. Мысалы: «Бейнетің сорға айналмасын; Әзизің қорға айналмасын; Қасірет зарға айналмасын; Сау басың шарға айналмасын; Жанжалың дауға айналмасын; Жан-жарың жауға айналмасын» дейді қазекең. Жасыратыны жоқ, әйелім анамдай ақылшы, әкемдей қамқоршы бола білді. Татулықтың, сүйіспеншіліктің, сыйластықтың арқасында ел-жұрттың арасында лайықты абырой-беделге ие болдық. Осындай отбасымыздың барына, үбірлі-шүбірлі екендігімізге шүкіршілік етеміз. Ең алғашқы ұстаздық сапарыма бастап шыққан балам Бақытжан бейнесінде, ақ жейдемен көрінген «Жас сәби» періште желеп-жебеп келе жатыр-ау деймін. Аллаға мың да бір шүкір. Елекеңнің үлкен ұлы Бақытжан Елтайұлы бүгінде 58 жаста, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінде сектор меңгерушісі болып қызмет істейді. Одан кейінгі Бейбітжан 56 жаста, халықпен жұмыс жүргізу бөлімінде бас маман. Бауыржан 54 жаста, ішкі істер басқармасынан зейнеткерлікке шыққан. Батыржан 52 жаста, медицина колледжінде суретші-дизайнер. Гүлмира Елтайқызы 50 жаста, дәрігер болып істейді. Бағлан 47 жаста, ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет еткен, қазір жеке кәсіпкер. Ерлан 44 жаста, теміржолда машинистің көмекшісі. Нұрсұлтан 42 жаста, психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі басшысының орынбасары. Елтай ақсақалдың барлық балалары түркі жұртының текті төрі Түркістаннан табан аудармай өмір сүріп, өнегелі еңбектенуде. Түркістан.Досболовтар отбасы – екінші бәйге иегері
Еңбек – бәрін де жеңбек
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы кезінде де Әбілқасым Досболов және оның отбасы мүшелерінің бүкіл болмыс-бітімдерінен, мінез-құлықтарынан еңбексүйгіштік ерекше байқалып тұрды. «Отбасыдағы балаларды тәрбиелеу ерекшелігі» деген сұрақнама тармағында атап көрсеткен қасиеттері де мынадай: еңбексүйгіштік, мейірімділік, адалдық, әділдік, қарапайымдылық, үлкенге құрмет, кішіге ізет. Ал, мына қызыққа қараңыз. Әбілқасым Үсіпбайұлы «Отбасы өмірінен қызықты оқиғалар» деген тұсқа төмендегі оқиғаны келтіріпті: «Жердің жүзі дөңгелек» деп бекер айтылмайды. Бірде, осыдан 20 жыл бұрын Қытайдың Харбин қаласында өткен шетелдік өнімдер жәрмеңкесінде танысқан, бірнеше рет Оңтүстікте болып, облыстың құс шаруашылығы саласына жаңа технология енгізуге қолұшын беріп, қиыншылық кезде көмегі тиген Николай Николаевич Люксенбург (әлемнің қайсар қызы Роза Люксенбургтің інісі) үйде қонақ болғаны бар. Бүгінде 94 жасқа келген, әңгімесі де түзу, жадында сақтау қабілетінен, денесін тік ұстайтын қалпынан да айнымаған ақсақал бұл жолы да өзінің ұзақ жылдар бойы аңсап жүрген, бала кезінде қазақ елінде дәмін татқан бір сусынды ешбір елден әлі кезіктірмегенін айтады. Қонақжай халықпыз ғой, қонағымыздың жағдайын жасап, аңсаған сусынын іздестіре бастадық. Бал татыған қымыздың түрлерін, тіл үйірер қымыранның да, жалпы қазақтың төрт түлігінің сүтінен әзірленетін алуан-түрлі сусындардың бәрінен дәм татқыздық. Алайда, сол бір сусынды таба алмай-ақ қойдық. Енді қазақтың қандай сусыны қалды деп үй-ішімізбен ойланайық. Сөйтіп отырғанда Дарбаза ауылынан келген нағашымыз: «Осы бозаның дәмін татырдыңдар ма?» деді. Жоқ, дедік. Табан астында бозаны қайдан табамыз деп ойланып қалдық. Үнсіз орнынан тұрып кеткен Жәкең жолға ала салып ем деп, (Жәкеңнің бозаны тәуір көретіні сол кезде еске түсті) жарты шиша бозаны әкеліп, стол үстіне қойды. Николай Николаевич шишаның қақпағын ашып, иіскеп көрді де, қойнына тығып, бізге бір қарап алып, көрші бөлмеге кіріп кетті. Біз аңтарылып отырып қалдық. Сол кіргеннен Николай Николаевич таңертең бір-ақ шықты. Сөйтсек, таңертеңге дейін шишаның оймақ-қақпағына аңсап жеткен сусынын құйып ішіп, дәмін ұрттап қана татып отырып, өмірдің рахатын сезінгенін айтып, ризашылығын білдірді. Осылайша, отбасымызбен жердің бір қиырында жүрген нидерландылық ақсақалдың өмір бойы аңсаған сусынының дәмін сезгендегі қуанышына куә болдық. Әбілқасым Досболов – небәрі отыз ғана жұмыс орны қалып, жойылуға жақындаған «Шымкентқұс» фабрикасын сол бір қиын-қыстау кезде өз қолымен қайтадан қалқайтып қатарға қосқан іскер азамат. Бірте-бірте отыз жұмыс орны бес жүз жұмыс орнына дейін жетті. Қазір әрбір еңбеккердің айлық жалақысы сексен мың теңгені құрайды. «Шымкентқұс» фабрикасы облысқа, республикаға ғана емес, әлемнің талай елдеріне белгілі болды. Кәнігі кәсіпкер, ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Әбілқасым мырза Голландияның «Мейн», Германияның «Ломанн», «Меллер», Бельгияның «Петерсиме», Ресейдің «Свердловская птицефабрика» фирмаларымен тығыз іскерлік байланыста жұмыс істеуге қол жеткізді. Өзінің білімі мен біліктілігін жетілдіру мақсатында тыным таппай шетелдерге шығады. Оқиды. Тоқиды. Өзге мамандар мен басшыларды да Германияға, Ресейге, Израильге жиі-жиі жібереді. Әбекең республикада бірінші болып 2004 жылғы қарашада халықаралық сапа менеджменті жүйесі – ИСО 9001-2000-ды енгізді. Досболовтың облыстағы қиындау жағдайларда, тұрмысы төмендерге, ардагерлерге, мәдениет ошақтары мен мектептерге, балабақшаларға аянбай жәрдемдесетінін, мешіт, мектеп, мәдениет үйін, балабақша салғанын ел жақсы біледі. Бағалайды. Алғыс айтады. Досболов біраз жыл облыстық мәслихаттың хатшысы болып қызмет атқарды. Қазір де мәслихат депутаты, ірі-ірі, беделді комиссиялардың төрағасы немесе мүшесі. Ондаған шетелдермен байланысы бар. Еліміздің біраз жерінде фабрикасының филиалдары немесе шағын кәсіпорындары ашылған. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру жөнінде де Германия, Франция сияқты елдерге барып, тәжірибе алмасып, заңнамалық құжаттарға ой-пікір, ұсыныс білдірген кісі. Бай-бақуат, танымал тұлға. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Шетелдік наградалары да толып жатыр. Сонда да кейбіреулер сияқты шіренбейді. Мақтанбайды. Мастанбайды. Қарапайым. Кішіпейіл. Деседі. Жұрт. Зайыбы Зүбәйра Нәшірқызы да мәдениеті мінәйі, болмысы шынайы, кішіпейіл жан ретінде белгілі. Отбасының ұнасымды ұйытқысы. Ел-жұртқа сыйлы. Инабаты мен ибасынан айнымайтыны аңғарылып тұрады. Әбекең мен Зүбәйраның қыздары Айман да жеке кәсіпкер ретінде танылып үлгерді. Ұлдары Айдар «Шымкентқұс» ЖШС бас директоры болып жеті-сегіз жылдан бері істеп келеді. Ал, Айгүл «Қызылжар» ЖШС директоры. Перзенттерінің бәрі дерлік шырайлы Шымкент шаһарының шет жағындағы шағын ауылдарда тұрады. Әбілқасым мырза мен Зүбәйра ханымның ұл-қыздары да, келіндері мен күйеубалалары да өздері секілді іскер, еңбексүйгіш, ізденгіш, кішіпейіл, мейірбан. Осындай отбасылар көбейе бергей де.Ташқараевтар әулетіне үшінші бәйге берілді
Арнайы отбасы күнін белгілеген
Әбдіғани Ташқараевтың өзін де, отбасын да оңтүстікқазақстандықтар жақсы біледі. Әбекеңнің өзі майталман маман. Қолы алтын құрылысшы. Небір үлкен мекемелерді басқарған. Облыстық деңгейдегі басшылық сатысына дейін көтерілген. Кейіннен кәсіпкер болған. Кеңестік кезеңде облыс орталығы Шымкентті, басқа да қалалар мен аудандарды көркейтуге үлкен үлес қосқан. Тәуелсіздік алғаннан кейін де егемендікті нығайтуда, жас ұрпақ тәрбиесінде ерен еңбектеніп жүргеніне ел риза. 1941 жылғы 1 қаңтарда дүниеге келген. Әкесі 1942 жылы 21 ақпанда дүниежүзілік соғысқа аттанып, майданнан оралмаған. Зайыбы Гүлбақыт екеуі Бағлан, Ғани, Жанар, Ләззат сынды ұл-қыздар тәрбиелеп өсірген. Келіндері Салтанат, немерелері Нұрсұлтан, Ерсұлтан, Айша, Елсұлтан – бәрі «Мерейлі отбасы» байқауының үшінші жүлдегерлері. Осы отбасының бір өзгешелеу ерекшелігі бар. Талай жылдардан бермен қарата Ташқараевтар әулетінде 27 қаңтар отбасы күні ретінде мерекеленеді. Отбасы күнінде ешқандай ескертусіз, шақыртусыз баршасы Әбекең мен Гүлекеңнің қара шаңырағына жиналады. Ақ дастарқан жайылады. Тілек айтылады. Алдағы мақсаттар талқыланады. Әбдіғани Ташқараев – Еңбек Қызыл Ту орденін, ондаған медальдар алған. Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Шымкент қаласының Құрметті азаматы, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы атақтарына ие. Сондай-ақ, АҚШ-тағы Калифорния штатының да Құрметті азаматы атанған. Ташқараевтар отбасында барлық мәселелер дерлік отағасының ұйғаруына сәйкес шешіледі. Әрине, алдын ала талқыланады, ой-пікірлер жан-жақты сараланады. Бірақ шешімді сөз отағасыда. Сондай-ақ, егер отағасы мен отанасы үйде болса, олар отырмай жатып дастарқан басына басқалар жайғаспайды. Әбекеңе әулеттің үлкені ретінде, ел ағасы, елтірі тонның жағасы ретінде барлық басқосуларда төрден орын беріледі. Сөз бастайды. Оңтүстік өңірінің түрлі-түрлі тойларында той ашады. Ардақты ағалардың, айтулы ақсақалдардың бірі. Ұл-қыздарына талапшыл. Әр жағдайда да адалдықты, әділдікті, шынайылықты жаратады. Гүлбақыт ана да өңірдің, облыс орталығының жұртшылығына, үлкен-кішіге сыйлы, құрметті, сыпайы жандардың қатарында. Әбдіғани мырза мен Гүлбақыт ханымның барлық перзенттері қазіргі кезде кәсіпкерлер. Бәрі де бизнестің қыры мен сырын меңгерген. Елбасы айтқан еді ғой, бизнеспен айналысу он адамның бірінің ғана қолынан келуі мүмкін. Себебі, олар үнемі ойланып, тынымсыз тірлік істеп жүреді деп. Ташқараевтардың бәрі уақыттың қадірін, әрбір сағаттың бағасын жақсы біледі. Сондықтан, көп сөйлемейді, ұзақ-ұзақ әңгімелесуге онша құмар емес. Сонда да отбасылық құндылықтарды, дәстүрлерді берік сақтайды. Жас ұрпақ, бала тәрбиесінен аянбайды. Әбекеңнің өзі әкесін жиі еске алады. Жасы ұлғайған сайын әкесі туралы көбірек айтып отыратынға айналды. Жоғарыда келтіргеніміздей, әкесі 1942 жылғы ақпанда соғысқа аттанған. Анасы 29 жаста болған. Әкесі пойыздың терезесінен басын шығарып: «Айнаш! Екі балам мен шешемді саған тапсырдым, ал өзіңді Аллаға тапсырдым», деген екен. Сол кеткеннен хабар болмапты. Есі кіргеннен-ақ әкесін ойлаған. Көп іздеген. Ақырында, 2004 жылы, 62 жыл өткенде, Воронеж маңайындағы Отрошки селосында, бауырластар зиратында жерленгені анықталған. Майданға аттанғаннан кейін алты ай өткенде қаза тапқан екен. Әбекеңдер әкесі жатқан жерге арнайы сапарлап барып, Құран бағыштап қайтқан. Жаңа мәліметтер тапқан. Әлгі зиратта Оңтүстік өңірінің 38 қазағы жерленіпті. Отбасылық қымбат та қасиетті сырдың бірі – осы. Шымкент. Мақалалар топтамасын әзірлеген «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Мархабат БАЙҒҰТ.