Сарыарқа мен Мұғалжардан ағылған «ақ шомшылар» күзде қаздай тізіліп оңтүстікке кетіп бара жатқан. Қайтқан құстармен қоса даланы дуға бөлеген бұл салтанатты көріністі Абайдың жырлауы тегін емес.
«Ақ шомшылар» арысы Бұхара, Самарқан, Хиуа, берісі Түркістан, Шаштан (Ташкент) «тамыр» табады да, әлгі апарған тері-терсегін астыққа айырбастайды. Әркімнің өзінің күні бұрын келіскен адамы бар. Екі жақ та өзгеге қолындағысын бермейді. Өнімдерінің сапасына сенеді. Жұт, қуаңшылық жылдары несиеге алады. Сауда мұсылман әдебімен жүргізіледі, алдау-арбау болмайды.
Ал орыс көпестері осы бір мұсылманша сауда әдебін быт-шыт қылды. Әрі өздерінің арзан саудасын жүргізу үшін «ақ шом» керуен жолын әскер күшімен жапты. Ел-жұрт еріксіз ресейліктердің сапасыз тауарын тұтынуға мәжбүр болды.
Алашшыл ғалым Тұрсын Жұртбай: «Ақ шомның» негізі есте жоқ ескі заманда қалыптасқан. Ол кезде Ресейдің қандай мәдени-экономикалық дәрежеде болғаны бір тәңірге ғана аян. Анығы, көшпелілердің тіршілік саясаты айналымға құрылған. Олар бұл түзілімді бұзғандарды аяусыз жазалап, тиісті сыбағасын сыпырып алып отырған», дейді (Тұрсын Жұртбай. «Күйесің, жүрек... сүйесің». Алматы, «Қайнар» 2009. 72-б).
Абайдың: «...Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды», дейтіні де осы («Екінші қарасөз»).