Бокс • 12 Мамыр, 2023

Белеске беттеген бесеу

275 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жер-жаһандағы бокс жанкүйерлерінің назарын өзіне аудартқан Ташкенттегі әлем чемпионаты да өз мәресіне таяп қалды. Сәрсенбі күнге жоспарланған әлемдік доданың ширек финалында 104 былғары қолғап шебері жұдырықтасып, соның тең жартысы жартылай финалға жолдама алды. Олардың қатарында Қазақстан құрамасының бес боксшысы да бар.

Белеске беттеген бесеу

Бұған дейін жазғанымыздай, Ташкенттегі әлем чемпионатының ширек финалында жеті отандасымыз жүлделі орындар үшін жұдырықтасуға мүмкіндік алған еді. Өкінішке қарай, сол жеті боксшымыздың екеуі ¼ финалда жеңілсе, бесеуі жеңісті жолдарын әрі қарай жалғастырады.

Әлем чемпионатының оныншы күніне жос­парланған ширек финалдық жекпе-жектерге тоқ­талар болсақ, күндізгі сессияда жерлестерімізден бірінші болып рингке ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов (71 кг) шықты. Бұл сында отандасымыз 22 жастағы франциялық Макано Траоремен жұдырықтасып, қарсыласынан еш қиындықсыз басым түсті. Тіпті, Асланбек қатарынан екінші жекпе-жегінде қарсыласын нокдаунға түсіргенін де айта кетейік.

Шымбергеновтің сенімді жеңісінен кейін көп ұзамай жанкүйерлер 80 кило салмақтағы Нұрбек Оралбайдың жекпе-жегін тамашалады. Биылғы әлем чемпионатында қарсыластарын бір деммен жеңіп келе жатқан Нұрбек бұл жолы да иорданиялық Хуссейн Эйшаиш Ишайшты 5:0 есебімен тізе бүктіріп, ел қоржынына екінші жартылай финалдың жолдамасын салды. Бұл жекпе-жекте Нұрбек Хуссейн Эйшаиш Ишайшты жеңіп қана қоймай, былтыр Аммандағы Азия чемпионатында кеткен есесін қайтарды. Н.Оралбай сары құрлық додасының жартылай финалында Хуссейннен жеңіліп, қола жүлдегер атанса, иорданиялық бокс­шы өз жерінде Азия чемпионы атанған болатын.

Ал кешкі сессиясының шымылдығын ең жеңіл салмақтағы Санжар Тәшкенбай ашып берді. 2021 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған отандасымыз биыл ересектер арасындағы жаһандық додаға алғаш рет қатысып жатса да, тәуір өнер көрсетіп келеді. Бірінші жекпе-жегінде шаршы алаң қожайыны Шодиер Меликузиевті өз жанкүйерлерінің көз алдында тізе бүктірсе, ширек финалда былтырғы Азия чемпионатының финалында жеңген жапониялық Казума Аротакиді тағы да алтынсыз қалдырды. Тіпті, алғашқы раундта қарсы­ласын бір мәрте есеңгіретіп алды.

Сербиядағы әлем чемпионатында 54 кило салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанған Махмұд Сабырхан мен жаһан біріншілігіне тұңғыш рет қатысып жатқан Жамбыл бокс мектебінің түлегі Дулат Бекбауов (67 кг) та бəсекені әрі қарай жалғастыратын болды. Махмұд ширек финалда ганалық Мұхаммед Амадудың жолын кессе, Дулат мексикалық Мигель Анхель Мартинестің осал тұсын таба білді.

Өкінішке қарай, әлем чемпионатының ширек финалында жұдырықтасқан Серік Теміржанов (57 кг) пен Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінді. Сербиядағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржанов ¼ финалда кубалық Сайделю Хортеден жеңілсе, Қамшыбек аса тартысты өткен айқаста өзінің ежелгі қарсыласы – өзбекстандық Баходир Жалоловқа есе жіберді.

Осылайша, Ташкенттегі әлемдік додада ел намысын қорғаған 13 боксшының бесеуі жартылай финалға шығып, ел қоржынына бес жүлде салып үлгерді. Ал жекелеген құрамаларға тоқталар болсақ, ½ финалға ең көп жолдаманы Өзбекстан боксшылары жеңіп алды – 9. Куба мен Ресейден – 6 боксшы, Қазақстан – 5, Грузия, Франция, Испания, Үндістан – 3, Армения, Моңғолия, Бразилия, Әзербайжан – 2, Иордания, Қырғызстан, Қытай, Мексика, Италия және Тәжікстанның бір-бір боксшысы жартылай финалда айқасады.

 

Жартылай финалдық жұптар:

48 кг: Сахил Алахвердови (Грузия) – Алехандро Кларо (Куба)

Санжар Тәшкенбай (Қазақстан) – Эдмонд Худоян (Ресей)

51 кг: Дипак Кумар (Үндістан) – Белал Беннама (Франция)

Хасанбой Дусматов (Өзбекстан) – Мартин Молина (Испания)

54 кг: Махмұд Сабырхан (Қазақстан) – Йосвани Вейтия (Куба)

Дмитрий Двали (Ресей) – Ойбек Джураев (Өзбекстан)

57 кг: Сайдель Хорта (Куба) – Мұхаммед Хассамудин (Үндістан)

Абдумалик Халоков (Өзбекстан) – Мунарбек Сейтбек (Қырғызстан)

60 кг: Эрисланди Альварес (Куба) – Мұхаммед Әбу Джадже (Иордания)

Всеволодов Шумков (Ресей) – Софьян Умия (Франция)

63,5 кг: Ованес Бачков (Армения) – Руслан Абдуллаев (Өзбекстан)

Баходур Усмонов (Тәжікстан) – Баатарсухийн Чинзориг (Моңғолия)

67 кг: Лаша Гурули (Грузия) – Дулат Бекбауов (Қазақстан)

Асадхуджа Муйдинхуджаев (Өзбекстан) – Баттомориин Мишиилт (Моңғолия)

71 кг: Нишант Дев (Үндістан) – Асланбек Шымбергенов (Қазақстан)

Саиджамшид Джафаров (Өзбекстан) – Ван­дерсон де Оливейра (Бразилия)

75 кг: Алохон Абдуллаев (Өзбекстан) – Вандерлей Перейра (Бразилия)

Морено Фендеро (Франция) – Йонлис Эрнандес (Куба)

80 кг: Тоқтарбек Таңатқан (Қытай) – Газимагомед Джалидов (Испания)

Имам Хатаев (Ресей) – Нұрбек Оралбай (Қазақстан)

86 кг: Лорен Альфонсо (Әзербайжан) – Георгий Кушиташвили (Грузия)

Шарапутдин Атаев (Ресей) – Роджелио Ромеро (Мексика)

92 кг: Лазизбек Мулоджонов (Өзбекстан) – Муслим Гаджимагомедов (Ресей)

Әзиз Аббес Мухийдин (Италия) – Нарек Манасян (Армения)

+92 кг: Фернандо Арзола (Куба) – Магомед Абдуллаев (Әзербайжан)

Баходир Жалолов (Өзбекстан) – Аюб Гадфа (Испания)