Ұстаз • 11 Мамыр, 2023

Ыбырай мектебінің шәкірті

422 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кім-кімнің де балауса шағынан бастап, есейіп ер жеткенге дейін жүрегіне шуақ, жанына адамдық дәнін егіп, білім қорегін беретін ұстаз дейтін рухани бағбаны болады. «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» дегенді осыған қарап айтса керек. Мектепте ұзақ жыл бала оқытып, бой қуаты мен ой қайратын ұрпақ тәрбиесіне арнаған мұғалімнің бірі – Қостанай қаласының құрметті азаматы Беген Көпеш ақсақал.

Ыбырай мектебінің шәкірті

Ардагер ұстаз біраз жылдан бері құр­метті демалыста отырғанымен, мектептен әлі де қол үзген жоқ. Өзі еңбек еткен да­рынды балаларға арналған Ыбырай Ал­тын­сарин атындағы мектеп-интернатқа ап­тасына, айына бір бас сұғып, мұғалім-шәкірттермен кездесіп, ақыл-кеңесін айтып кетеді.

Қазіргі Алтынсарин көшесі мен Әл-Фараби даңғылының қилысқан тұсы – Қостанай қаласының қастерлі де, қасиетті орындарының бірі. 1984 жылы Ыбырай Алтынсарин дәл осы жерде тұңғыш рет орыс-қазақ мектебін ашты. Беген Қаженұлы осы мектепті тәмамдап, осында 40 жыл бала оқытты. Өкінішке қарай, Ілияс Омаров, Спандияр Көбеев сынды ұлт зиялылары оқыған білім ошағының ескі ғимараты өткен ғасырдың 60-жылдары сүріліп кеткен. Қазір мектептің орнында облыстық прокуратура ғимараты тұр. Дегенмен ұлы ағартушы салдырған алғашқы мектепте еңбек еткен ұстаздарының ұлағат-тағылымы Беген Қаженұлының күні бүгінге дейін көз алдында.

– 1954-55 жылдарғы тың көтеру кезінде ескі мектептегі екі қабатты жатағымызды қала басшылығы орыс мектебіне беріп жіберді. Сол кезде ұстаздарымыздың ішінде Мырзахмет Шайхин деген ағамыз жалғыз өзі қарсы шығып, «Социалистік Қазақстан» газетіне бүкіл басшылардың атын атап тұрып «Ыбырай ашқан мектеп неге жабылады?» деген мақала берді. Газет редакциясы да ағайдың пікірін қолдап, қосымша пікір жариялаған еді. Бірақ не керек, жергілікті басшылар түрлі желеу тауып, ұстазымызды мектептен кетуге мәжбүр етті. Қазір тарих, уақыт біздің пайдамызға шешілгеніне тәуба деймін. Сүріліп кеткен білім ғимаратының жанында Ыбырай атамыздың атында мектеп те бар, мұнда дарынды балалар білім алады, – дейді ардагер ұстаз.

Беген Қаженұлы балалық шағын со­ғысқа ұрлатқан ұрпақтың өкілі. 1944 жы­­лы алты жасында алғаш ауылдық мек­тептің табалдырығын аттады. Ал 1948 жылы Ыбырай мектебінің шәкірті атанды. 1960 жылы педагогика институтын тәмамдап, қазіргі Әулиекөл ауданындағы Сұлукөл ауылында мұғалім болып жұмыс істеп жүргенде әскер қатарына алынды. 1964 жылы Қостанайға оралып, кезінде өзі түлеп ұшқан қара шаңырақ – Ыбырай мектебіне мұғалім болып орналасты. Беген Қаженұлының бүкіл ұстаздық қыз­меті осы мектепте өтті. Еңбек жолын қа­ра­пайым ұстаздықтан бастаған ол білім шаңырағында ұзақжылдар бойы оқу ісінің меңгерушісі болды. Кейін 10 шақты жыл мектеп директоры қызметін атқарды.

– Менің негізгі өмір белестерім осы мектептің тарихымен сабақтаса өріліп жатыр. 1966 жылы Ыбырай атамыздың 125 жылдығына орай, республикалық педагогика оқулары өтті. Сол кезде облыс билігі Ыбырай Алтынсаринге ескерткіш орнату туралы шешім қабылдады. Мұны төрт жыл күтуге тура келді. 1970 жылы 7 ма­мырда ұлы ағартушының өзі салдырған ескі мектептің орнына Ыбырай атамыздың ескерткіші тұрғызылды. 1971 жылы ақпан айында, мұны енді республика бойынша бірінші рет деп айтуға болады, Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ орта мектеп-интернаты «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды, – дейді Беген ағай.

1972 жылы Ыбырай Алтынсарин атын­дағы білім шаңырағының іс-тәжірибесі жоғары бағаланып, мектеп бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көр­ме­сіне мүше болып қабылданады. Ал Беген Қажен­ұлы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

Беген Қаженұлы шәкірттерін туған жер тарихымен, ел шежіресімен сусындап өсіп, отаншыл азамат болып қалыптасуына мол күш жұмсады. Бір ғана мысал, ол мектеп-интернат табалдырығын жаңа аттаған қазақ балаларын ең алдымен ұлы Ыбырай кесенесіне алып барып, ұлы ұстаз жатқан жердің тарихымен танысты­рып, ағартушының ел үшін еткен өшпес еңбегі туралы ұзақ әңгіме айтуды әдетке айналдырған. Өйткені өзі интернатта оқыған кезде Мырзахмет Шайхин ағайы балаларды ұлы ағартушы жатқан жерге алып барғаны бар. Сол оқиға есінде жатталып қалған Беген ұстаз енді өзі де Ыбырай мектебінде сабақ беріп жүрген соң, ағартушы кесенесіне бала апармау дегенді үлкен күнә деп түсінген. Беген Қаженұлы оқушыларды ұлы ағартушының кесенесіне, әдетте, қыркүйектің ең алғашқы демалыс күнінде апаратын. Мырзахмет ағайы апарғанда қатты шөлдегені есінде қалыпты. Содан балалар шөлдеп қалмасын деп су алып жүретін болды.

– Біз сонау қаланың шетіндегі кесенеге жаяу барып, жаяу келетінбіз. Сол маңайды жинап, құран оқытып, сынып сағаттарын өткізетінбіз. Ағай бізге Ыбырай атамыздың өмірі мен ұстаздық қызметі туралы, Инспек­тор көлінің тарихы туралы көптеген қы­­зық­ты әңгімелер айтып беретін, – дейді Бе­ген ұстаздың көп шәкірттерінің бірі, бүгін­де Ыбырай атындағы дарынды ба­ла­­лар­ға арналған мектеп-интернаттың мұға­лім болып қызмет атқаратын Қалима Есімханқызы.

Көп жылдар бойы қасиетті қара шаңырақ Ыбырай мектебінде мұғалім, Беген ағаймен әріптес болған ардагер ұстаздың бірі – әйгілі Меңдіқара педагогика училищесінің түлегі Күнжамал Шәкірқызы. Бүгінде құрметті зейнет демалысында отырған халық ағарту ісінің үздігі сол кездегі мектеп басшысының адами қасиеттері туралы «Беген Қаженұлы қазақ балаларының ешкімнен кем болмай, жан-жақты тәрбие алуы үшін көп жұмыс атқарған азамат. Мұғалімге оқушының назарын аудару үшін жайлы үн керек, кестелі сөйлеп, шәкірттеріне келелі ой тастай білуі керек және терең білім мен табиғи дарын керек. Беген Қаженұлының бойында осы қасиеттердің бәрі бар еді. Сонымен қатар өзі өте қарапайым кісі. Оқушыларым шахмат үйірмесіне қатысты. Содан алдыңғы бос партаға шахмат қойып қоятын болдым. Үзі­лісте балаларым ойнайды. Өзі директор бо­ла жүріп, үлкен үзілісте біздің сыныпқа келіп, балалармен шахмат ойнап кететін», дейді.

Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатта 40 жылға жуық ұстаздық еткен Беген Қаженұлының тәлімін көрген жүздеген шәкірт бүгінде еліміздің әр өңірінде түрлі салада абыройлы еңбек етіп жүр. Олардың көбі – өз саласында жоғарғы жетістіктерге жетіп, табыс биігін бағындырған елдің қалаулы азаматтары.

 

Қостанай облысы