15 Шілде, 2014

Тәуелсіздік – ата тарихымызды қайта зерделеуді қажетсінеді

1016 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
00001305 Қазақ мемлекеттілігі және оның тарихы қай заманда да зерттеушілердің назарынан тыс қалған емес. Кешегі Ресей империясы тұсында аталған мәселе орыс тарихының аясында, оның құрамдас бөлігі ретінде қарастырылды. Сәй­кесінше аласапыран замандағы қазақтардың тарихы бұрмаланып, Ресейдің Азияны отарлау жолын­дағы саясаты бүркемеленді. 1832 жылы жарияланған еңбегінде-ақ А.И.Левшин қазақтардың XVII ғасырдың соңында батысында Еділ қалмақтары, солтүстігінде башқұрттар мен Сібір казак-орыс­тарының, шығыста оның қауіп­ті жауы жоңғарлардың шап­қын­шылығына ұшырағанын жаза келе, «қазақтар тек қана Ұлы Петр­ден көмек күте алатындығын алға тартып», тарихи жағдайда қазақ­тардың болашақ тағдырын алып ел Ресеймен байланыстырған-ды. Мұндай саясат кейінгі орыс зерттеушілері Л.Мейер, А.И.Доб­росмыслов еңбектерінде де жалғасын тапты. Кеңестік заманда осы саясат айтарлықтай өз­ге­ріске ұшырады деу қиын. Өйт­кені, Алаш зиялылары көтерген қазақ мемлекеттілігі, оны сақтау жолындағы ұлт азаттық қозғалыстар өткен ғасырлардағы тарихи тұлға­ларымыздың қоғамдық-саяси қыз­меттері мәселелері кеңестік жүйе талабымен өлшене бастады. 1949 жылы қазақ мемлекеттілігі мәселесінің маңыздылығын ескерген Е.Бекмаханов өзін сынаушы­ларға өмірін қатерге тіге батыл жауап берген болатын. Еліміздің тәуелсіздігі ғана хал­қы­­мыздың негізгі мемлекеттілік мәселесіне тарихи шындық тұрғы­сы­нан қарауға мүмкіндік берді. Бұл бағытта қазақ тарихшы­лары Х.Әбжанов, З.Қинаят, Б.Кәрі­баев­тың пікірлері құнды. Сонымен, Қазақ мемлекеті өз бастауын ұлан-байтақ Еуразия аралығын еркін жайлаған түркі­тілдес халықтардың еркімен, тағ­дыр ортақтығымен, рухани бір­лігі­мен, аумалы төкпелі заманда ұрпақтар үйлесімділігімен дүниеге келді. Мемлекет ешқашан негізі, тамыры жоқ жерде пайда болмайтынын ескерсек, Қазақ мемлекеті сақ, ғұндардың заңды мұрагері түркі­тілдес халықтар құрған қағанаттар, қыпшақтар иелігі, Ақорданың жалғасы болды. Ол Қазақ атауымен алғаш рет пайда болған мемлекеттің құрылуына ықпалын тигізді. 1465-1466 жылдары құрылған Қазақ мемлекеті – ұзақ жылғы табиғи дамудың заңды нәтижесі. Тарихшы Зардыхан Қинаятұлы: «Ал Қазақ мемлекеті, қазақ ұлты – Жошы ұлы­сының әскери сол қанаты, Ақорда дәуі­рінде «Алаш елі», билеушісі Орыс хан – «Алаш хан» атанды. «Алаш» атауы – қазақ атауының тікелей баламасы. Бұл мен аш­­қан жаңалық емес, оны Қадырғали Жа­­лайыри, Шоқан Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп Кө­пеев әлдеқашан айтып кеткен. Бұл туралы парсы, моңғол, орыс деректерінде жет­кілікті материалдар бар. Бірақ Қазақ хандығы қазақ мемлекеттілігінің бастауы да, соң­­­ғысы да емес. Сақ, Үйсін дәуірінен бас­тап, бүгінге дейін өсіп-өніп келген ди­на­микалық құ­былыс», – деп түйіндеген-ді. Соны­мен, қазақ мемлекеті қайнар бастауын – бүгінгі Қазақстан терри­ториясын сонау көне заманнан көшіп қонып, тұрақты мекенге ай­нал­дырған тайпалардан, олар құра­ған мемлекеттерден алады. Мемлекетіміз түрлі тарихи жағдайларға қарамастан, біздіңше, өзінің біртұтастығын 1780 жылы қазақ ханы Абылай қайтыс болғанға дейін толық сақтады. Абылайдан кейін ғана Ресей отарлау жоспарын батыл жүргізуге кірісті. Орыс әскерлері ашықтан-ашық Кіші жүзді ойрандады, хандық басқару жүйесін жоюға батыл кірісті. Орта жүз ханы Уәлидің соңына әскер салды. Мұның өзі «бодандық» қысымының жаңа кезеңінің бастал­ғанын анық дәлелдеді. Оның арты ашықтан-ашық Нұралы ханның Уфа қаласына, Арынғазы ханның Калуга қаласына жер аударылуына, Сырым, Исатай, Махамбет батырлардың, Кенесары ханның, Наурызбай сұлтанның өліміне ұласты. Соңы Қазақ мемлекетінің орыс империясының құрамына зорлап енуіне әкелді. Соған қара­мастан, халқымыздың бойын­дағы азаттық рухын, жарқын болашаққа ұмты­лы­сын ешкім өшіре алмады. Біздіңше, әу бастан Қазақ мем­лекеті дала демократиясының үлгісімен құрылды. Ол сая­си-экономикалық егемендікті сақ­таған қазақ рулары, олар құр­ған рулар федерациясы, одан әрі тайпалық конфедерация­лар одағымен ерекшеленді. Конфедерациялар одағы – Ұлы, Орта, Кіші жүзден құралған Халық кеңесіне, Құрылтайға тоғысты. Халық кеңесінде ұлт мәселесі, тұтас елдікті сақтау, жайылым мәселелері талқыланды. XVIIІ ғасырдағы қазақтар жайымен жақсы таныс П.Рычков: «Қазақ рулары емін-еркін көшіп жүреді, бастары сырттан жойқын қауіп төнгенде немесе олжаға аттанғанда ғана қосылады», – дейді. Қазақ тарихында Тәуке хан заманындағы Сайрам маңындағы Мәртөбе, Күлтөбе, 1710 жылғы Арал теңізі маңындағы Қарақұм, 1729-1730 жылғы Ордабасы жиындары туралы мәліметтер сақ­талған. Халық кеңесінде ел сені­мін ақтайтын хандық басқару жүйесінің тірегі, оның басшысы Аға хан көпшілік дауыспен сайланды. Бұл арада 1767 жылы 14 желтоқсанда Абылай ханның Омбы әкімшілігіне жолдаған хатындағы қазақты басқарған Аға хандар туралы «менің ата-бабаларым Барақ хан, Жәнібек хан, Жәдік хан, Шығай хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Болат хан, Қайып хан, Әбілқайыр хан, Әбілмәмбет хан, олардан соң енді мен Абылай ханмын», деген жолдарды атап өтуге тиіспіз. Әрине, тізімде қазақ хандығының құрылу, қалыптасу кезеңіндегі Керей, Қасым, Тәуекел хандар аталмағанымен олардың қазақ тарихындағы сіңірген еңбек­тері тарихи деректерде толық­қанды хатталған. Біз үшін осы дерек­тің маңыздысы алғаш рет Аға хандардың ретімен көрсетілуі және оның Абылай атынан жазылуы дер едік. Тарихымызда Аға хандармен қатар оларға бағынған кіші хандар да болған. Бір ғана XVIII ғасырдағы аты тарихта қалған Ұлы жүздегі Жолбарыс, Орта жүздегі Сәмеке, Көшек, Кіші жүздегі Нұралы, Батыр, Қайып және өзге де хандар, сөз жоқ, Аға хандарға бағынған. Бұл арада кейбір ғалымдар жазғандай, қазақ тарихындағы Ұлы, Орта және Кіші жүздер «үшеуі үш мемлекет болған» емес [Нәсенов Б. Қазақта жүз болмаған // Нәсенов Б. XVIII том-XXXIII кітап. Әбілқайыр хан (ІІІ тарауы). Мәскеу мұрағаттары сөйлейді. Санкт-Петербургтің кітапханасы сайрайды. –Алматы-Новосибирск, 2011. -11 б.]. Иә, болуы да мүмкін емес. XVIII ғасырда қазақ халқы бірлігі мен ішкі тұтас­тығы арқылы ғана анталаған көр­шілері – Ресей бағыттаған қал­мақ, башқұрт, орыс-казактардан, жоңғардан, парсыдан, қытайдан, оңтүстіктегі хандықтардан аман қалды. Қытай мұрағатынан табыл­ған 1762 жылғы Қайып, Батыр, Нұралы хандар хатын жария­лап саралаған Бақыт Еженханұлы: «Билеушілердің данышпандығы мен патриоттығына тиісті баға­сын беруіміз керек. Олардың дип­ломатиялық жолдау хаттары «біз, қазақ билеушілері өз бастауымызды Шыңғыс ханнан аламыз»; «қазақ халқы үш жүзге бөлінгеніне қарамастан, біз барлық қуаныш пен қиындықты бірге бөлісеміз» деген жалғыз ғана жоғары идеямен суғарылған еді. Хандар мен сұл­тандар өз күштерінің бір ғана нәрседе – Қазақ елінің бірлігінде екенін өте жақсы түсінді», – деген пікірлер біздің мемлекеттік түсінігімізді сөзсіз кеңейте түседі. Бұл арада Аға хандарға лайықты бағасын беретін уақыт жеткендігін атап өтеміз. Аға хандардың өзі кіші хандармен, ру, тайпаларды басқарған би, сұлтандармен, мемлекеттік құрылымдағы батыр, жасауыл, төлеңгіттермен, мұсылман діни өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста болған. Билеушілердің өзі елден бөлектене алмады, халқына тәуелді еді. Ендігі үлкен мәселе Қазақ мемлекетінің сыртқы саясаттағы көп векторлы ұстанымы. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің көп векторлы саясаты, біздіңше, өз бастауын өткен тарихтан алады. Оған қазақ халқының Еуразияның ортасында орналасып, әлемдік мемлекеттер – Ресей мен Қытай тәрізді ірі мемлекеттермен көршілес болуымыз әсер етті. Сонау XVII-XVIII ғасырларда Қазақ мемлекеті саяси тұрақтылықты сақтау мақсатында Ресей мен Қытайдан басқа өзімен көршілес Иран, Ауғанстан империяларымен де байланыс орнатты. Өз шекарасын қорғау, кеңейту мақсатында жан беріп, жан алыс­ты. Қазақтардың көп векторлы саясатының бір көрінісі ретінде 1731 жылғы қазақ-орыс келіссөздерін атауға болады. Әбілқайыр ханның осы бір саясатын Ресеймен жасал­ған уақытша келісім ретінде қара­ған дұрыс. Ресейде сақталған хан­ның хатын тарихшы А.Исин 2001 жылы Абай журналының №2 санында «Әбілқайыр ханның хатын қалай оқыған дұрыс?» атауымен қайтадан аударып, жаңа мәтінде ұсынғанымен, тарихшылар арасында еленбей, ғылыми айналысқа кеңірек енбей қалды. Сондықтан Әбілқайыр хан, оның жанындағы тарихи тұлғалар атынан жазылған түпнұсқа хаттарды қазақстандық мамандарға арнайы аудартуды қолға алған жөн. Өйткені, ханның кейінгі барлық әрекеттері орыс саясаткерлері тық­па­лаған «бодандық» қамытынан мүлдем алшақ екенін дәлелдейді. Әбілқайыр ханның Ресейге қаратып: «Мені қан майданда жаулап алған жоқсың, «орыс бодандығын» өз еркіммен қабылдадым, Түркістанға көшіп кетсем, орыс үкіметі мені қайтара алмайды», – деп жар салуы [Есмағамбетов К. Алғы сөз. Әбілқайыр хан: Аңыз бен ақиқат // Әбілқайыр хан. Жинақ. Құрастырған К.Есмағамбетов. – Алматы: «Арыс», 2004. -16 б.], Еділ қалмақтары, Жайық казак-орыстарымен соғыстары, башқұрттарды өзіне қосуға және оларға қазақтан хан сайлауға күш салуы, Иран шахы Нәдірмен 1742-1746 жылдардағы өзара елші алмасулары, 1746 жылы Нәдірге «орыстар жағынан қысастыққа ұшыраған шақта паналау үшін Бесқала қалашығын беруді» сұрап хат жазуы, осы аралықтағы Жоңғар мемлекетімен құдандалы болу саясаты, оны жалғастырған Әбілмәмбет, Абылай хандардың Ресеймен байланысты үзбей Қытаймен, Ауғанстанмен елшілік алмасулары, өзара тиімді сауда-саттықты дамытуы қазақтың Аға хандарының тәуелсіз сая­сатын айқындайды. Аға хандар Әбілмәмбет, Абылайдың көп век­­торлы сыртқы саясатын жүзхан­дары толықтай қолдады деуімізге болады. Абылайдың 1757 жылы Қытай генералдарына: «Мен Орта жүздің ханымын. Кіші жүз бен Ұлы жүзді де менің тумалас бауырларым билейді», – деген пікірінің өзі ішкі тұтастықты білдіреді [100 құжат. (Қазақ хандығы мен Чиң империясы арасындағы қарым-қатынасқа байланысты құжаттар). – Алматы: «Санат», 1998. -176 б.]. Олай болса өткен тарихымызды жазу­ға ерекше ықпал жасаған 1731 жылғы Әбілқайыр хан бастаған, кейін оны Әбілмәмбет, Абылай хандар жалғастырған қазақ-орыс келіссөздер тарихын отарлаушы Ресей көзқарасымен емес, жаңаша ұлттық пайыммен саралайтын уақыт жетті. Кезінде орыс тарихшысы, академик Н.И.Веселовский Қазақстанның Ресейге қосылуы тарихын зерттей келе: «Көш­пен­ділердің келісім туралы түсінік­терінің біздің түсінігімізден әлде­қайда айырмашылығы бар. Олар үшін бодандық дегеніміз, ешкімді белгілі бір мемлекетке ештеңеге міндеттемейтін, сондай-ақ қазақ­тар­­дың пайдасына шешілген сауда-саттықтың бір келісімі сияқ­ты әсер етті» [Унковский И. Посольство к Зюнгарскому хун-тайчжи Цэван Рабтану капитана от артиллерии Ивана Унковского и путевой журнал его за 1722-1724 годы. Документы, издание с предисловием и примечанием Н.И.Веселовского. -СПб. 1887. -С.4] десе, ал академик В.В.Бартольд: «Орта Азия билеу­шілері «бодандықты» күш­тінің әлсізге қамқорлық жасауы деп есептеді. Олар оны тек қана тиім­ді мәміле ретінде қабыл­дап, сол кезеңде мойындарына еш­қандай да міндеткерлікті ал­ған жоқ», – деген қорытынды жаса­ған [Бартольд В.В. Сочинения ІХ т. -C. 405]. Орыс ғалымдары пікірлерін Е.Бекмаханов қазақ елінің Ресейге бағыныштылығын ағаның ініге қамқорлығы іспеттес дей келе, «Ресей патшасы Анна Иоановнаның іргетасында «бодан болу» («подданство») деген термин қолданылған. XVIII ғасыр­дың бірінші ширегінде бұл сөздің мағынасы қазіргіден бөлек. Ол кезде «подданство» деген сөзді қамқорлық деп түсінген, яғни бұл сөзді өзіне қаратып алу немесе отарлау деп түсінбеу керек», – деп орынды ескерткен-ді [Бекмаханов Е.Б. Собрание сочинений в семи томах. Том 3. (Присоединение Казах­стана к России). Павлодар: ТОО НПФ «ЭКО», 2005. –С. 189]. Тарих қазақтардың болашағы үшін қанша қымбатқа түссе де, Ресей­мен осылайша келісімге кел­генін, ол арқылы солтүстік пен ба­тысымыздағы жайылымдарды иеленгенімізді, Азияда ірі империяға айналған парсы шахы Нәдірмен елші алмас­қаны­мызды, Жоңғарияны жер беті­нен жойған Қытайдың да тілін таба білгенімізді, оған қарсы Ауған шахы Ахмадты да пайдала­нып, мұсылмандар одағын құрға­ны­мызды, осындай батыл шешімдер арқылы империялар арасында өзімізді аман-есен сақтап қалғанымызды да біледі. Осынша маңызды оқиғалардың барлығы XVIII ғасырдың небәрі 50 жылын қамтыды. Жеңісі мен жеңілісі қатар жүрген, бабаларымыздың түн ұйқысын төрт бөлген тар жол тайғақ кешу жылдарының нақты нәтижесі 1991 жылы әлемдік қауым­дастыққа енген Тәуелсіз Қазақстан Республикасы болды дей аламыз. Қазақ мемлекеттілігін сақтау барысындағы халқымыздың бір­туар тұлғаларының қоғамдық-саяси қызметтерін мұрағатта бар құжаттармен шынайы зерделеу де – кезек күттірмейтін мә­се­ле. Олардың бірінің ерлігін екіншісіне таңып, одан қалса мұрағат деректерін бұрмалап, тарихи оқиғалардың уақытын әрі-бері жылжыту, тұлғаларды қолдан ұлықтау, жергілікті жерлерден үлкен, кіші батырларды қолдан жасау бүгінгі жағдайымызда тарих ғылымына абырой әкелмейді. Бұл арада ел алдында жарқырай көрінген мұрағат құжаттарында аттары мәңгіге хатталған Аға хандар Тәуке хан, Қайып хан, Әбілқайыр хан, Әбілмәмбет хан, Абылай ханды, 1710 жылы Қарақұмда даңқы шыққан, 1742 жылы түрікмендер қолынан қаза табатын Табын Бөкен­­бай батырды, сәл кейін Әбіл­қайыр хан жанынан табылатын Шақшақ Бөгенбайды, Қанжығалы Бөгенбайды, Шақшақ Жәнібек пен сұлтан Жәнібекті, Барақ сұл­тан­ды, Қаракерей Қабанбай батырды, атақты билер Төле би, Қазы­бек би, Әйтеке билерді және өзге де тұлғалардың өмірі мен қыз­метін зерттеуде қазақшылық, бауыр­малдық емес, тарихи шынайы объек­тивтік көзқарас қажет. Тұл­ғалар тарихын жаза салу немесе нақты дәлелсіз ірі зерттеулерге қоса салу өскелең ұрпақты шатастырады және тарих ғылымының қадірін кетіреді. Мұндай сәтсіз тәжірибелер зардабы бүгінде ашық байқалуда. Мәселен, бүгінге дейін Әйтеке бидің өмірі мен қызметі толыққанды зерттелмеді, ұлы ханымыз Абылайдың 1780 жылы қайтыс болғаны дәлелденсе де, баспасөз құралдары оқырманды әлі де 1781 жылы деп шатастыруда, жарық көрген энциклопедияларда тұлғаларымыздың өмір сүрген жылдары да әртүрлі жазылуда. Тұлғалар арасындағы қарым-қа­тынастарда мемлекеттік мүд­де­нің басым болғанын жазатын уақыт келді. Отанды қорғау мәселелерінде олардың бірлесе қимылдағанын баса көрсетуіміз қажет. Оған мұрағаттық құжаттар да жетерлік. Мәселен, 1759-1764 жылдары аралығындағы Қытай экспациясын тоқтату үшін жасалған қазақ-ауған байланысындағы Аға хан Әбілмәмбет пен Абылай ханның Нұралы ханмен, кейін 1772 жылы қыркүйек айында Нұралы ханның Аға хан Абылайға Қабылан сұлтанын жіберіп, қазақ даласындағы қалмақ, түрікмен тұтқындарын Ресейдегі қамаудағы қазақтармен алмастыру мәселесін талқылауы ішкі бірлікті дәлелдейді. 1762 жылғы Қытай патшасына жолдаған хатында Кіші жүз ханы Нұралы: «Қазақтарда үш жүз және оларды басқаратын үш хан бар. Біз Әбілпейіз сұлтан арқылы оның және Әбілмәмбет, Абылай хандардың Сіздермен өзара сенімге құрылған қарым-қатынасын естідік. Біз, Нұралы хан, Ерәлі, Досалы, Қарағай (Әбілқайыр ханның баласы. Зерттеушілер оны Қаратай деп атап жүр – Ә.М.) сұлтандар Кіші жүзді басқарамыз. Біз үш жүзге бөлінсек те жауға қарсы соғыста болсын, бейбіт өмірде болсын әрқашан да біргеміз. Сондықтан біз де, өзге жүздердей Сіздермен қарым-қатынасымызды бекіткіміз келеді», – деп елшілерін жіберген [Еженханулы Б. Записки цяньлунского чиновника // Казахстанская правда. -17 мая.-2013]. Қытай деректерімен таныс шығыстанушы К.Хафизованың «Абылай хан Барақ сұлтан Әбілқайыр ханды өл­тір­геннен кейін де араздасушы топтар арасындағы сенімді қа­рым-қатынасын сақтай білді. Ол Цин­діктермен болған келіссөздер барысында Нұралы ханның беделін өсірді және оны үнемі Қытай бағы­тындағы қадамдарымен ақпарат­тандырып отырды. Абылай хан ішкі саяси тепе-теңдікті және көр­ші­лес алып державалар ара­сындағы сыртқы саяси байланысты сақтай білді», – деген қорытындысы тари­хымыздың беттеріне жаңа тұжы­рымдар жасауға мүмкіндік береді [Хафизова К. Посольские связи Абылая с Цинской империей // Мысль. -2013. -№11 Ноябрь. –С.35]. Қорыта келгенде, тарих ғылымы алдында еліміздің бай шежіресі мен тарихын әлемдік деңгейде қарастыру күрделі мін­деті тұр. Жаһандану заманында Елбасы көтерген Мәңгілік Ел идеясының түбінде ұлт бірлігі мен бабалар аманаты, көршілес шет елдермен бейбіт өмір сүру, өткеннен сабақ алар қатпарлы тарихымыз жатыр. Оны толыққанды өскелең ұр­паққа шынайы жеткізу тарихшы қауы­мы­ның басты міндеті болмақ. Әбілсейіт МҰҚТАР, тарих ғылымдарының докторы, профессор. ОРАЛ.

А.Дүзелхановтың суреті.