Қаржы • 12 Мамыр, 2023

Ақша аударымы арта түсті

420 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл қаңтар-ақпан айларында ақша аудару жүйелері (ААЖ) арқылы шетелден түскен қаражат көлемі 53,4 млрд теңгеге жетті, бұл 2022 жылдың қаңтар-ақпанымен салыстырғанда бірден 69,1%-ға артық. Бұған дейін осы кезеңдегі ақша аударымдарының көлемі үш жыл қатарынан төмендеген еді.

Ақша аударымы арта түсті

Ақша аудару жүйелерінің ішінде ресейлік «Золотая Корона» көш бастап тұр, ол арқылы биыл қаңтар-ақпан айларында 28,1 млрд теңге аударылған. Олардан кейін Western Union (10,8 млрд теңге), MoneyGram (6,1 млрд теңге), «Юнистрим» (5,5 млрд теңге) және Contact (2,6 млрд теңге) тұр. Ақша аудару жүйесі арқылы ең көп ақша аударылған елдердің ішінде Ресей бірінші орында: биыл қаңтар-ақпан айларында 21,7 млрд теңге: 2022 жылдың қаңтар-ақпанындағы 3,8 млрд теңгемен салыстырғанда 5,7 есе өскен.

вап

Одан кейін Өзбекстан: 6,1 млрд теңге, бір жылдағы өсім – 1,3%. Алғашқы үштікті Оңтүстік Корея түйіндеген. Атал­ған елден 5,2 млрд теңге аударылған. Бір жыл ішіндегі өсім – 14,7%. Содан кейін АҚШ (5,2 млрд теңгеден сәл аз), Түркия (3 млрд теңге), Қырғызстан (2,6 млрд теңге) және Германия (2,5 млрд теңге) орналасқан.

Ranking дерегі бойынша биыл қаңтар-ақпан айларында ААЖ арқылы елімізге аударылған ақшаның 40,7%-ы Ресейден келіпті. Былтырғы көрсеткіш 12,2% бол­ған. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларында РФ үлесі – 20,2%, 2020 жылдың сәйкес кезеңінде – 30,9%, ал коронадағдарыс алдындағы 2019 жылдың қаңтар-ақпа­нын­да 42,3% болды.

Ай сайынғы көрсеткішке қарар болсақ, Ресейдің ААЖ арқылы Қазақстанға аударымдарының үлесі 2019 жылдың ортасынан бері 40%-дан төмен түсті. 2020 жылдың тамыз айынан бастап бұл көрсеткіш 30%-дан жоғарылаған жоқ, ал 2021 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың наурызына дейін 12%-дан 18%-ға дейін өзгерді. Алайда 2022 жылдың сәуірінен бас­тап, Украинада соғыс басталғаннан кейін елімізге ауда­рым­дардың жалпы көлеміндегі РФ үлесі 34,9%-ға дейін өсті және өткен жылдың соңына қарай ол 47%-дан 73%-ға дейін ұлғайды. Нәтижесінде, егер жалпы 2021 жылы Ресейдің біздің елге ауда­рымдардағы үлесі небәрі 18,7%-ды құраса, 2022 жылы 52,6%-ға жетті.