03 Маусым, 2010

ӘН ӘУЕНІ ӘЛДИЛЕП...

1288 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
“Айтшы жаным, қайдан келдің, Семей, Жамбыл, Алматы ма, Әлде Шымкенттен бе едің. Қызылорда, Гурьев, Орал, Қостанайдың көгінен бе, Әлде әсем қазақ қызы, Дархан Торғай жерінен бе?” – әнші-сазгер Бақытжан Сәуекеновтің көкшелік Лайық Шалдыбаевтың сөзіне жазған қазақтың қызына деген құрметі сөзі мен әуенінен бірдей есілген “Қазақ қызы” әнінің жер-жерде шырқалып жүргенінің талай куәсі болдық. Жуырда Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында Қостанай облысының Меңдіғара ауданында ауыл мәдениетін көтеруге өз үлесін қосып жүрген әнші-сазгер ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Бақытжан Сәуекеновтің шығармашылық кеші өтті. Астана қаласы мемлекеттік филармониясының Нұрлан Хамзин жетекшілік ететін “Сарыарқа” ансамблінің сүйемелдеуімен кеш бойында шырқалған әндердің дені туған жерге, оған деген перзенттік махаббатқа, сыр мен сазға толы болды. Сарай ішінде бос орын қалдырмай лық толған көрермен, сахнаға шыққан әрбір өнер иесін кемерден асқан қошеметіне бөлеген. Бақытжан Сәуекеновтің Тұманбай Молдағалиев, Серік Тұрғынбеков, Таңатқан Сәтбаев, Хамитбек Мұсабаев, Ғалымбек Әбілқайыров сөздеріне жазған әндерін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова, өнердегі де, өмірдегі де досы ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қалибек Деріпсалдин орындағанда жұртшылық алақандары қызғанша қол соқты. Ал кештің беташарын айтыс ақыны Айбек Қалиев ашты. Астаналық көрермен қауым назарына сондай-ақ, бірқатар қостанайлық, оның ішінде меңдіғаралық өнерпаздар сазгер әндерінен сый ұсынды. Б. Сәуекеновтің өнерге баулыған шәкірті, Алматы консерваториясының студенті Мирас Қинияров меңдіғаралық ақын Мырзалы Оңайбаевтың сөзіне жазылған кеш иесінің Астанаға арналған “Бәйтерек” әнін әуелете шырқады. Шәмші Қалдаяқов әндеріне арналған байқаудың жеңімпазы Жанатбек Қадыров пен Азамат Мұқатов, Жанұзақ Айсағалиев орындаған сазгер шығармаларын әнсүйер қауым өте жылы қабылдады. “Туған жер Торғайым” атты бұл өнер кешінің көпшілік көңілінен шығуында жүргізуші Жасұлан Айсағалиевтің де еңбегін атаған орынды. “Қостанай облысының Меңдіғара ауданына биыл 80 жыл. Соның 60 жылында аудан мәдениетіне, ондағы дәстүрлі өнерге еш көңіл бөлінбепті. Бүгінгі көріп отырғандарыңыз тәуелсіздіктің жемісі. Ел экономикасы дұрысталған сайын ауыл мәдениетіне көңіл көбірек бөліне түсуде. Соның айғағы – ауыл өнерпаздарының Астана төрінде өнер көрсетуі. Меңдіғара тарихында тұңғыш рет Мәдениет министрінің бұйрығымен екі өнер тобына “халықтық ұжым” атағы күні кеше берілді. Бірі–Сәуекенов басқаратын “Домбыра сазы” фольклорлық-этнографиялық ансамлі де, екіншісі – “Жұлдыз” би ұжымы. Осы биікке көтерілуде кеш иесінің үлесі мол”, деді Меңдіғара ауданы әкімінің орынбасары Сәңкібай Киікбаев концерт соңында. Көпшілік атынан сазгерге деген құрметін ардагерлер Кеңес Әубәкіров, Кәрімжан Бекболатов, Әмірбек Қапақов жеткізсе, шығармашыл орта атынан ақын Серік Тұрғынбеков білдірді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, “Егемен Қазақстан”.