Жақында «Көрме» көрме орталығы мен Ұлттық академиялық кітапханада Қазақ ғылыми-зерттеу Мәдениет институты «Қазақстан Республикасының мәдени саясаты тұжырымдамасының негізгі қағидалары мен тетіктерін жүзеге асыру» атты тақырыпта дөңгелек үстелдер өткізіп, көпшілікті Мәдени құжат жобасын қоғамдық негізде талқылауға қатысуға шақырды.
Кеңестік дәуірден бері қалыптасып қалған қасаң қағида бойынша мәдениет дегеніміз әр адамның бос уақытында ғана көңіл бөлетін, сондай-ақ көбіне ойын-сауық сипатындағы шаралар болса, ендігі уақытта ол ұлттық идеологияны қалыптастырудың басты құралы ретінде қыруар қызмет атқармақ. Келешекте мұндағы өнер мен мәдени ұйымдар экономикалық тұрғыда пайда әкелетін табыс көзі деңгейіне дейін жетеді деген пайымдар жаңа кезеңге аяқ басқан саланың ендігі кезекте тыныс-тіршілігінде де көп өзгерістер орын алатынын нақтылайды. Мысалы, киноиндустрия, балаларға, үлкендерге арналған мультфильмдер, цирктік өнер, концерттік және театр шығармашылығы сияқты сандаған сала тап осы таңда мемлекет қаржысымен ғана жан сақтап тұрса, ал әлемдік тәжірибелер бұған мүлде кереғар жағдайларды алдымызға тосуда. Әсіресе, ондай басымдықтар жаһандану заманында барынша айқындала түсетіні заңды құбылыс. Бір ғана киноиндустрияның ғаламат туындыларының өзінен елдеріне қыруар табыс келтіріп отырған әлемдік деңгейдегі компаниялар қаншама. Мұндай заманауи үлгідегі музейлер мен театрлар, басқа да мәдени ошақтар сала қызметкерлері үшін үйренетін үрдіске айналуда. Парламент Сенатының дөңгелек үстелінде, «Нұр Отан» партиясына қарасты «Мирас» қоғамдық кеңесі, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен шығармашылық одақтары өкілдері отырыстарында талқылаудан өткен тұжырымдама жобасы бұдан әрі қарай шығармашылық адамдарының, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың, БАҚ өкілдерінің қатысуымен кеңінен талқыланып жатыр. Мысалы, «Көрме» көрме орталығындағы дөңгелек үстелде Мәдениет министрлігінің сараптама және стратегиялық жоспарлау департаменті директорының орынбасары Виктор Родионов, ҚазҒЗМИ бас директорының бірінші орынбасары Андрей Хазбулатов, Н.Сац атындағы мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Надежда Горобец, ЮНЕСКО-ның материалдық мәдениет емес мәдени мұра мәселелері бойынша сарапшысы Алмира Наурызбаева, Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай, Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры Еркін Қасенов және тағы басқалар тұжырымдама жобасы туралы өз пікір-ұсыныстарын ортаға сала келіп, негізінен мұндағы мәселелермен толықтай келісетіндіктерін айтты.
Дүниежүзіндегі сандаған ұлттар мен мемлекеттердің бір-бірінен артықшылығы мен айырмашылығы көп жағдайда мәдени құндылықтардың дамуымен өлшенуі бекер емес. Жетістіктердің басты себепшісі болып табылатын мәдени саясат сондықтан да қоғамдық құндылықтар мен тұлға парасатын қалыптастыратын мемлекеттің идеологиялық белгісі деп есептелуде. Мәдениет саласындағы жетістіктерді нақты бір жұмыстың атқарылуымен, статистикалық көрсеткіштермен, атақты есімдердің санымен өлшеген дұрыс емес. Оны негізінен ұлттық идеологияны қалыптастыру құралы, елдің әлемдік кеңістіктегі мәдени дамуы мен орнығуы тұрғысынан зерделеу абзал. Қоғамның шығармашылық әрекетіне қатынасын өзгертетін мәдениет түсінігіне бағытталған заманауи тәсіл жаңа әлеуметтік мәдени ортаны қалыптастыруды талап етіп отыр. Мұндай жағдайларда дәстүрлі мәдени ортада түбегейлі ауысым жүреді: алдыңғы орынға ұшқырлық пен бәсекеге қабілеттілік шығады деген түйінді ойға тірелген мамандар Мәдениет тұжырымдамасы жобасындағы жаңашылдыққа қолдау білдірді.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Астана.