Ригадағы 10 мың жанкүйерге арнап салынған «Рига Арена» мұз сарайында өтіп жатқан В тобының ойындары ә дегеннен тартысты басталды. Әлем чемпионатына бірде-бір легионерсіз, тек Қазақстан хоккей мектебінің тәрбиеленушілерімен аттанған жерлестеріміз мамандар тарапынан осы жаһан біріншілігінің аутсайдері саналған болатын. Алайда жерлестеріміз алғашқы турда-ақ дүниежүзілік додаға ұпай тарату үшін емес, ұпай олжалау үшін келгенін байқатып, барша шайбалы хоккей жанкүйерлерінің таңдайын қақтырып, азулы Норвегия құрамасын тізе бүктірді.
Жасыратыны жоқ, алғашқы кезеңде скандинавиялық хоккейшілер белсенді болып, біздің жігіттер олардың қарқынына ілесе алмады. Бірінші кезеңнің сегізінші минутында Микаэль Хага ойынның есебін ашса, арада екі минут өткенде Оле Джулиан Холм мергендік танытып, есепті еселей түсті – 2:0. Дегенмен, кезеңнің соңына қарай Максим Мұхаметов Әділ Бекетаев пен Батырлан Мұратовтың нәтижелі пасынан кейін Норвегия қақпасынан саңылау тауып, таразы басын қысқарта алды.
Бірінші кезеңнің соңғы минутында Кирилл Савицкий екі минуттық кіші айыппен жазаланып, мұзайдыннан қуылған соң қонақтар екінші кезеңді сан басымдығымен бастады. Нәтижесінде, 22-минутта Микаэль Хага дубльдің авторы атанып, норвегиялықтар есепте тағы да алға ұзап кетті. Осыдан кейін ойын біраз саябырсығандай болды. Екінші кезеңнің аяқталуына бес минут қалғанда Қазақстан құрамасының кезекті бір шабуылы кезінде қарсыластардың ойыншысы ереже бұзып, екі минуттық кіші айыппен жазаланды. Сан басымдығына ие болған жерлестеріміз сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, есеп айырмасын тағы да қысқартты – 3:2. Голдың авторы – Валерий Орехов. Ал үшінші кезеңнің бел ортасында Никита Михайлис таразы басын теңестіріп, ойынды овертаймға ұластырды – 3:3.
Ал қосымша минутта жеңімпаз анықталмаған соң, хоккейшілер буллит сериясында бақ сынады. Бұл кезеңде ұлттық құрама капитаны 37 жастағы Роман Старченко екі мәрте дәлдік танытып, Қазақстан құрамасына әлем чемпионатындағы алғашқы жеңісті сыйлады. Қорытынды есеп – 4:3. Бұл матчта Қазақстан құрамасы сапынан Батырлан Мұратов үздік ойыншы атанды. Сонымен қатар Норвегиямен өткен матчта сегіз отандасымыз әлем чемпионатындағы алғашқы ойындарын өткізді. Олар: Максим Мұхаметов, Батырлан Мұратов (екеуі де 1999 жылғы), Тамирлан Гайтамиров (2000), Максим Мусоров, Артем Королев, Әлихан Өмірбеков, Даниил Бутенко (барлығы – 2001 жылғы) және Дінмұхамед Қайыржан (2003). Бұған дейін аталған хоккейшілер тек жасөспірімдер және жастар арасындағы әлем чемпионаттарына қатысқан болатын.
Ғалым Мәмбеталиев шәкірттері кеше алғашқы турда Словакия хоккейшілерінен басым түскен Чехия құрамасымен кездесті.