Жиында әңгіме арқауына айналған ең басты мәселе – заңсыз активтерді қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссияның осы уақытқа дейін атқарған жұмысының нәтижелерін талдау. Сонымен қатар жекелеген істер бойынша тыйым салынған мүлікті қабылдау тетіктері және параллель қаржылық тергеп-тексерулер жүргізу мәселелері талқыға салынды. Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару – Президенттің алға қойып отырған басты тапсырмаларының бірі екенін айтқан Бас прокурор Берік Асылов бұл бағытта комиссия мүшелері айтарлықтай жұмыс атқарғанын атап өтті.
– Жақында өткен Парламент сессиясының ашылуы кезінде Мемлекет басшысы осы мәселені қайталап, назар аударды. Арнайы заңды тезірек қабылдауды тапсырды. Әлемдік тәжірибелер зерделеніп, сарапшылардың ұсыныстары жиналып, Әділет министрлігінің бастамасымен заңсыз игерілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобасы әзірленді, – деді ол
Бас прокурордың айтуынша, осы күнге дейін Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның оннан аса отырысы өткен. Экономиканың маңызды секторларына қатысты 11 тақырыптық топ құрылған. Атап айтқанда, жер қойнауын пайдалану, қаржы, көлік, жерді пайдалану, энергетика, денсаулық сақтау, т.б. «Осы бағыттар бойынша заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр», деді Бас прокурор.
Берік Асылов комиссия жұмысы бастағалы бері мемлекетке жалпы сомасы 760 миллиардтан астам теңгеге бағаланған актив қайтарылғанын жеткізді. Бұл шамамен 1,7 млрд доллар. Оның ішінде 575 млн доллары – шетелдік юрисдикциялардан қайтарылған қаражат. Бас прокурор бұл арнайы заң қабылданбай тұрып-ақ комиссия мен прокуратура және басқа да мемлекеттік органдардың күш біріктіруі арқасында қол жеткізілген нәтиже екенін атап өтті. Берік Асылов Президент тапсырмасының сапалы орындалуымен қатар, тергеп-тексерулер кезінде адал жұмыс істеп тұрған бизнеске зиян келтірмеу жағын назарға алу керектігін атап өтті.
Бас прокуратура берген мәліметке қарағанда, Жоғарғы сот Бас прокурордың негізсіз олигополия субъектілерінің пайдасына шығарылған бұрынғы шешімдерге қатысты жолдаған 24 наразылығын қанағаттандырған. Солардың бірқатарына тоқталар болсақ, мәселен, Алматы ауыр машина жасау зауытының 31% акциясын жекешелендіруді заңсыз деп тану туралы сот шешімі қабылданды. Сонымен қатар Жоғарғы соттың қаулысымен Астанадағы «Думан» қонақүй кешенінің иелерінен 1,3 млрд теңге өндіріп алынған.
Бұдан басқа, соттар заңсыз сатылған мемлекеттік мүлікті қайтару жөніндегі ондаған талапты қанағаттандырып, олардың мемлекет меншігіне өтуіне мұрындық болды. Атап айтқанда, олардың қатарында өндірістік нысандар, базарлар, коммерциялық үй-жайлар, элиталық учаскелер, т.б. бар. Мәселен, сот шешімі бойынша «Атырау мұнай өңдеу» зауытының меншігіне Атырау қаласындағы сұйытылған мұнай мен газды сақтау паркінің 50% үлесі қайтарылды. Сонымен қатар басқа мемлекеттерге құқықтық көмек көрсету туралы 100-ден астам сұрау хат жолданған. Олар бойынша жалпы құны 100 млн АҚШ долларынан асатын мүлікке тыйым салынды.
Қаржы министрлігі қаржы-өнеркәсіп топтарының кәсіпорындарынан қосымша 100 млрд теңгеден астам салық өндіріп алды. Экология және табиғи ресурстар министрлігі қаржы-өнеркәсіп топтарының компанияларына 7 млрд теңгеге жуық айыппұл салды, ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 4 млрд теңгеге санкциялар қолданды.
Инфографиканы жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Жоғарыда айтылғандай, Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысы аясында құрылған салалық топтардың бірі заңсыз алынған жер учаскелерін мемлекетке қайтарумен айналысады. Прокурорлар тарапынан қабылданған шаралар арқасында олигополия субъектілеріне бұрын негізсіз берілген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған 460 мың гектардан астам жер қайтарылды. Олардың ішінде мемлекетке берілген нарықтық бағасынан 4 есе төмен бағамен сатып алынған Алматының көтерме сауда нарығындағы үлесі, олигополия субъектілерінің меншігінде заңсыз болған Алматы әуежайының 17 коммерциялық үй-жайы да бар.
Жер заңнамасының бұзылуына қатысты тағы бір жайт жуырда Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді. Петропавл қаласының прокуратурасы коммерциялық мақсаттағы жер учаскесін беру кезінде уәкілетті органдар қолданыстағы ережелерді елемей, ауданы 0,0150 га жер учаскесінің бір бөлігін заңсыз бергенін анықтады.
Осы қалада аукционнан тыс заңсыз берілген құны 172 миллион теңгеге бағаланған тағы бір жер учаскесі қалалық прокуратураның актісі бойынша мемлекетке қайтарылды. Ауданы 6,8 га құрайтын бұл жер учаскесі құрылыс компанияларының біріне әкімдіктің 2021 жылғы маусымдағы қаулысымен көпқабатты тұрғын үйлер салу үшін конкурстан тыс инвестициялық және инновациялық жобаларды іске асыру үшін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен беріліпті. Алайда мемлекеттік меншіктен жер учаскелерін беру үшін инвестициялық жобаны айқындау ережелері тек 2022 жылдың қаңтарынан бастап (яғни жер учаскесі берілгеннен кейін 6 айдан кейін) қолданысқа енгізілген болатын. Яғни алыс-беріс жасалған кезде аталған инвестициялық жоба мүлдем жоқ еді.
Бас прокуратураның Халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты дамыту қызметінің бастығы Нұрдәулет Сүйіндіковтің айтуынша, заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссияның жұмысын жүргізуде құқықтық, ұйымдастырушылық, кадрлық қиындықтар бар. Себебі комиссия алдына бұрын-соңды болмаған кешенді мақсаттар бойынша тапсырмалар қойылып отыр. «Мұның барлығын іске асыру үшін еліміз түгіл, әлемдік деңгейде оңай көшіре салатын дайын тетіктер жоқ», дейді ол.
– Соған қарамастан «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ортақ іске күш-жігер біріктірудің арқасында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Меншік құқығы Конституциямен қорғалатындықтан, мүліктің біразы сот шешімдерімен қайтты. Жоғарғы соттың жаңа ұстанымының нәтижесінде елеулі активтерді мемлекетке қайтаруға, салықтар мен айыппұлдарды өндіруге, тарифтерді төмендетуге қол жеткізілді, – деді Бас прокуратура өкілі.
Комиссия мүшелері басқа мемлекеттердегі заңсыз мүлікті анықтау мақсатында шетелдік әріптестер және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылға ерекше назар аударып келеді. Мәселен, биыл сәуір айында Швейцарияда Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Базель басқару институты арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Осы институттың құрамына кіретін Активтерді қайтару жөніндегі халықаралық орталық (ICAR) – әлемдегі ең ірі ұйымдардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып келеді.
Активтерді қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбектің айтуынша, комиссия құрылғалы бері 7-8 айдың ішінде мемлекетке қайтарылған елдегі және шетелдегі активтер негізінен дүние-мүлік және валюта түрінде қайтарылып отыр. Олардың көбі Аустрия, Лихтенштейн және Біріккен Араб Әмірліктерінен әкелінген.
– Атап айтар болсақ, мысалы, Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі ондаған миллион долларға бағаланған әшекей бұйымдар бар. Одан бөлек, елімізде салықтан жалтарғандар көп. Комиссия жұмысының арқасында 100 млрд теңгенің салығы өндірілді. Ал мүлік түрінде қайтарылған активтер қандай мақсатта пайдаланылады немесе оларды қалай қаражатқа айналдырамыз деген мәселе комиссия отырыстары барысында талқыланып жатыр, – деді ол.
Елімізден заңсыз шығарылған және заңсыз пайдаланылған активтерді қайтаруға қатысты жаңа заң жобасы жақында Парламентте қаралатынын айтқан Зейін Әліпбек бұл құжат осы бағыттағы жұмыстарға үлкен жол ашатынын жеткізді.
– Өйткені жобада бірнеше маңызды мәселе қарастырылған. Мысалы, мүліктің немесе қаражаттың заңсыз актив екенін қалай дәлелдеуге болады, кімдерді және қалай жауапқа тарту керек, қайтарылған активтерді не істеу қажет деген сұрақтардың жауабы, сондай-ақ сол активтерді жинақтап, әрі қарай пайдаға асырумен айналысатын арнайы мемлекеттік қор құру мәселесі осы заң жобасында толыққанды қарастырылуға тиіс, – деді ол.
Оның айтуынша, комиссия өз қызметін экономикалық ресурстардың ат төбеліндей азғантай адамдардың қолында шоғырлануын тоқтатқанша және адал бәсекелестік пайда болғанға дейін жүргізе бермек.
Жалпы, құқық қорғау органдарына қаражатты жымқыру арқылы табыс табуға байланысты істер бойынша тиімді параллель тергеп-тексерулер ұйымдастыру тапсырылған. Бұл шаралар негізгі қылмыстың мән-жайын тексерумен қатар, мүлікті заңсыз шығару, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру фактілерін анықтауға мүмкіндік береді.