15 Шілде, 2014

Озып шыққанға өріс кең

351 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған брифинг физика пәнінен 45-ші халықаралық олимпиаданы (IPHO-2014) өткізу барысына арналды. Кеше физика пәні бойын­ша 45-ші халықаралық олимпиа­даның ресми ашылуынан соң Ор­талық коммуникациялар қызме­тінде Білім және ғылым минис­трі­нің қатысуымен кішігі­рім жиын өткізілді. Онда олимпиадаға еліміздің атынан кімдер қатысатыны, жеңімпаз атанса қандай жеңілдіктерге ие болатыны, сондай-ақ, халықаралық олимпиаданы өткізудегі мақсат жайында бірқатар мәліметтер берілді. Министрдің айтуынша, елордадағы Назарбаев Университетінде 13-21 шілде аралығында өткізілетін білім сайысына әлемнің 85 елінен 700 қатысушы келіп отыр. «Олимпиадаға ұлттық физикалық олимпиадалардың  жеңімпаздары, оның ішінде мектеп бітірушілер мен жоғары сыныптардың оқушылары қатыса алады. Қатысушы елдердің команда құрамының саны квотамен анықталады. Мысалы біздің елімізден бұл айтулы сайысқа бес оқушы қатысады. Олардың барлығы да физика пәні бойынша түрлі олимпиадалардан жоғары деңгей көрсеткендер. Егер де олар олимпиададан жеңімпаз атанар болса, еліміздегі жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай қабылдана алады. Сондай-ақ, Назарбаев Университетіне де емтихансыз қабылданады. Бірақ, ағылшын тілін білетіні туралы құжат қажет болады», деді министр А.Сәрінжіпов. Брифинг барысында халықаралық олимпиадаға еліміздің осымен он жетінші рет қатысып отырғаны, осы жылдар ішінде 45 медаль иеленгені, оның 8-і алтын, 20-сы күміс және 17-сі қола екені айтылды. Ал, бақ сынауға келген 85 мемлекеттің ішінде кім мықты деген сауалға Жапония мен Қытайдың командалары мықты деген жауап берілді. Сондай-ақ, біздің команданың ең үздік деген ондыққа ілінбесе де, ең мықты 20 команданың арасынан табылып, жүлделі орындарға таласатыны  да министрдің аузымен баяндалды. Білім және ғылым министрі қазіргі уақытта ғылымды қолдау және қаржыландыру  бағытындағы жағдай 90-шы жылдарға қарағанда түбегейлi өзгергенін, бүгінде Ғылым туралы заң енгiзiліп, оның аясында қаржыландыру ұлғайып отырғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, базалық, гранттық және мақсаттық қаржыландыру шеңберінде жыл сайын құйылатын қаражаттың саны артып, былтыр салаға 10 млрд. теңге бөлінген. Оның айтуынша, ағымдағы жылы қазақстандық ғалымдардың 2000-нан астам халықаралық ғылыми жарияланымдары жарыққа шығады деп жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 10-20 пайызға жоғары. Сондай-ақ, еліміз оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылығын арттыру, дарынды балаларды қолдау үшін ғылым мен білімді насихаттау барысында түрлі олимпиадаларға да басым түрде маңыз береді. Биыл ел ордасы Астанада өткізіліп отырған Халықаралық олимпиада соның нәтижесі. Айта кетейік, физика пәні бойынша өткізілетін осынау халықаралық білім сайысында еліміздің атынан шығатын командада Республикалық пән олимпиадасының, Халықаралық Жәутіков олимпиадасының, сон­дай-ақ, басқа да халықаралық олим­пиа­далардың алтын, күміс, қола медальдарына ие болған бес оқушы бар. Олар – Әмір Бірәлин, Данат Иса, Дінмұхаммед Нұрбек, Нұрислам Тұрсынбек және Дәулет Құрмантаев есімді еліміздің түрлі өңірлерінен жиналған білімі асқан өрендер. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан».