Әдебиет • 15 Мамыр, 2023

«Дала сыры, тау жыры» балаларға арналған кітап жарық көрді

506 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ» театрында балаларға арналған «Дала сыры, тау жыры» атты көркем суретті кітаптың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Дала сыры, тау жыры» балаларға арналған кітап жарық көрді

Кітап орыс және қазақ тілдерінде Etage дизайн студиясы мен «Шеврон» компаниясының қолдауымен жарық көрген. Кітаптың мақсаты - Қазақстаннның табиғат байлығын, қайталанбас сұлулығын, әр өлкенін жергілікті мәдениеті дәстүрлерін кішкентай оқырмандарға таныстыру және дәріптеу. Онда балалар әдебиетінде қалам тербеп жүрген жас жазушылардың әңгімелері топтастырылған. Әр шығарманың сюжеті балаларды өзіне елтіп, атамекеніміздің әртарапына саяхат жасауға, туған жердің сыры мен жырын, тылсым құпиясы мен тарихын білуге жетелейді.

Кітап кішкентай оқырмандардың көңілінен шығып үлгерді деуге болады. Өйткені, қазақ тілінде шыққан кітаптың басым бөлігі сатылып кеткен.

.

«Қуыршақ» театрында өткен таныстырылымға Толымбек Әбдірайым, Зәуре Төрехан, Серікбол Хасан сынды балалар жазушылары мен ақындары, Дархан Мыңбай, Айгүл Мүкей және басқа да қоғам қайраткерлері мен медиа-тұлғалар, журналистер мен блогерлер, сондай-ақ аталмыш жоба мен кітап авторлары, «Шеврон» компаниясының өкілдері қатысып, балалар әдебиеті төңірегінде пікір алмасты. Авторлар жоба тарихы мен оны жүзеге асыру барысы туралы айтып, әріптестерінің сауалдарына жауап берді.

«Біздің инвестицияларымыз мұнай-газ өндірісімен ғана шектелмейді. «Шеврон» компаниясының әлеуметтік инвестициялары қазақстандықтардың сапалы білім алу, денсаулық сақтау мүмкіндіктерін кеңейтіп, жастарға кәсіпкерлік пен инновация саласында бүгіннен бастап жағдай жасайды. Бүгін серіктестерімізбен бірге мақтанышпен ұсынып отырған кітабымыз жас қазақстандықтардың оқуға құштарлығын арттырып, сонымен қатар, қоршаған әлемге қызығушылық танытып, ізденімпаз болып өсуіне жағымды ықпалын тигізеді деп сенеміз. Бұл мемлекет болашағы үшін де өте маңызды. Балақайлар әр өңірдің тылсым құпияларын осы кітаптан табады деп ойлаймыз. Бұл кітап көпшілікке жетсін деген мақсатпен кітапханаларға таратамыз», деді Еркін Зікібаев.

Айта кетсек, бұл кітапқа балалар жазушысы Нұрайна Сатпаеваның әңгімелері енген. Ол әлемдегі өнертабыстың көбі табиғаттың туындысына қарап шығарылғанын атап өтіп, балалар үшін табиғатты тану маңызды екенін жеткізді.

Сонымен қатар, іс-шараға Дархан Мыңбай арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

«Балаларға арналған кез-келген кітапты қуанышпен қабылдауымыз керек. Ересектерге арналған кітаптарға қарағанда балалар әдебиетін қызығырақ қылып жазу керек. Бүгінде иллюстрация жасайтын мамандар аз. Ал иллюстрациясыз кітап - кітап емес. Балаларға арналған туындының пайдасы өзімізге бірнеше есе болып қайтады», деді ол.

Ал Толымбек Әбдірайым балаларға арналған кітаптарды қазақ тілінде шығарудың маңызын атап өтіп, осындай кітаптарды әр өлкеге арнап, жеке-жеке серия қылып шығаруды ұсынды. Жазушы бұл кітапты оқыған балалар болашақта міндетті түрде туған жердің табиғатын тануға талпынатын болады деді.

.

Іс-шараның екінші бөлігі кішкентай оқырмандардың қатысуымен жалғасты. Оның барысында кітап авторларының бірі Нұрайна Сәтпаева балдырғандарға өз хикаятын оқып берсе, «Қуыршақ» театрының әртістері кітапқа кірген шығарма негізінде дайындаған шағын қойылымын көрсетті. Ал ұйымдастырушылар театрға келген барлық балаға басылымның бір-бір данасын тарту етті. Бір айта кетерлігі, жаңа кітаптың сатылымға шықпағандары көпшілікке қолжетімді болуы үшін еліміздің ірі кітапханаларына, галереялары мен мәдени орталықтарына тегін таратылған.

.

.