Аймақтар • 15 Мамыр, 2023

Қалдықты кәдеге жаратады

305 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанай жоғары политехникалық колледжінің студент­тері Руслана Ибраева мен Александра Фельдман пластик құтылардан төсемтас жасап шығарды. Білім ордасындағы «Шекарасыз бизнес» кәсіпкерлік клубының жетекшісі Жанат Контробаеваның айтуынша, қазірдің өзінде экоөнімді сатып алуға бірнеше кәсіпорын ниет білдіріп отыр. Алайда оған өнімді көбейтіп шығаратын арнайы құрылғының жоқтығы қолбайлау болып тұр.

Қалдықты кәдеге жаратады

Өнертапқыштар жобаны жү­зеге асыру үшін алдымен колледж студенттерінің көмегімен 120 кг пластик бөтелкелерін жинап алған.

«Пластиктен жасалған төсем­тастардың артықшылығы – бе­рік­тігі мен төзімділігінде. Оны өңдеу оңай. Студенттер бәрін қолмен жасады. Нәтижесі жаман емес. Колледжде бөтелкені балқытуға арналған құрылғы бар. Бізге енді агломератор, яғни пластик қалдықтарды түйіршіктейтін машина қажет. Ол екі міндетті қатар атқарады. Пластиктерді ерітіп, құммен араластыруға мүмкіндік береді. Одан кейін қалыптары­мен нығыздайтын аппарат сатып алсақ дейміз. Құрылғы шамамен 5 млн теңгенің көлемінде тұрады. Экоплита жасау жоба­сы бойынша халықаралық бай­қау­ға қатысып жатырмыз. Жоба же­ңім­паздарының жүлдесі қомақ­ты. Қорытындысын күтіп отыр­­мыз. Жеңімпаз атанып, қанжы­ға­мыз майланып жатса, қаржы­ны қажет құрылғыларды сатып алуға жұмсаймыз», дейді жоба жетекшісі Ж.Контробаева.

Студенттердің айтуынша, өнім­ді жасауда қиын ештеңе жоқ. Қоспа құрамының 90 пайы­зы – құм, 9 пайызы – полимер, оған 1 пайыз бояғыш қосылады. Енді өндірісті іске қосуға қажетті құрылғыларды алу ғана қалды.

«Пластик қоқыстарды осындай мақсатқа пайдалану ұтымды әдіс деп ойлаймын. Өйткені қо­қысқа тасталған пластик тек қор­шаған ортаны ластап, бүлдіретіні болмаса, топырақ астында жүз жыл жатса да шірімейді. Оның үстіне полиэтилен, пластик бөтел­келерден жасалған экоплита өзге төсемтастардан кем түспейді. Айталық, бір плитаны жасап шығу үшін 15 пластик бөтелке қажет. Оған қарапа­йым қиыршық құм қосылады. Қажетінше түрлі түсті бояуларды пайдалануға болады», дейді Р.Ибраева.

А.Фельдман эко­плита өндірісі пайдалы табыс көзі­нен бөлек, табиғатты қоқыстан арылтудың бірден-бір жолы деп есептейді.

«Бұл жоба көпшіліктің та­би­ғатқа, қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертері анық. Мы­салы, 1000 шаршы метрге төсе­летін экоплита өндіретін болсақ, қоқысқа тасталған пластик 15 мың килоға немесе 375 мың плас­тик бөтелкеге дейін кемиді», дей­ді өнертапқыш.

Жас кәсіпкерлер сатып алатын құрылғылардың құнын, ғимарат жалдау ақысын, жұмыскердің жа­лақысын және басқа да өндіріс­ке кететін шығындарды есептеп қойған. Өндірістен түсетін пайда мен өнімді өткізу жағы да жан-жақты ойластырылған.

Мәселен, 1 плитаның өзін­дік құ­ны 1000 теңге болады. Ал жер­гі­лікті «Koctkehec» серіктестігі мен «Саян», «Қазанбасы» шаруа қо­жалықтары 2 млн 470 мың тең­геге 1 300 шаршы метрге жете­тін экоплита сатып алуға дайын отыр.

Жоба жетекшісінің айтуынша, алдағы уақытта студенттермен бірлесіп атқаратын жобалар көп. Соның бірі – мал азығын шығару.

«Енді мал азығын шығаруды қолға алсақ дейміз. Түлік өсірумен айналысатындар сатып алатыны сөзсіз. Бізде жыл сайын дәстүрлі түрде «Enactus» чемпионаты өтіп тұрады. Биыл сол сайысқа қатысып, осы бағыт бойынша бақ сынасақ деп отырмыз. Алайда нақты нәтижеге қол жеткізу үшін бір ұсақ малды алып, жаз бойы тәжірибе жүргіземіз. Азықтың қаншалықты нәтиже беретініне көз жеткізуіміз керек», дейді Ж.Контробаева.

 

Қостанай облысы