Саясат • 15 Мамыр, 2023

Бақытты шаңырақ – берекелі ұлт тірегі

614 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астанада «Ұрпақтар сабақтастығы» атты республикалық ата-аналар форумы өтті. Іс-шараға ата-аналар комитеттері, қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік органдар мен сарапшылар қауымының өкілдері қатысты. Алқалы жиынның басты мақсаты – отбасы институтын нығайту және рухани-адамгершілікке негізделген отбасылық құндылықтарды дамыту мен насихаттауда ата-аналар қауымының белсенділігін арттыру.

Бақытты шаңырақ – берекелі ұлт тірегі

Іс-шарада Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форум қатысушыларына арнаған құттықтау сөзін оқып берді.

«Сіздерді Халықаралық отбасы күні­мен шын жүректен құттықтаймын! Бақыт­ты әрі берік шаңырақ – береке­лі қоғамның және мемлекеттің мызғы­мас тірегі. Отаншылдық пен жауап­кершілік, парасаттылық пен ізет­тілік, еңбекқорлық пен жасампаз­дық сияқты асыл қасиеттер ең жа­қын жандардың үлгі-өнегесі мен ықпа­лының арқасында қалыптасады. Ізгілік идеалдары мен қағидаларына негізделген тұлға дүниетанымы ата-ана тәрбиесінен бастау алады.

Халқымыз қашанда шыққан тегіңді білуге және отбасы құндылықтарын ұлықтауға айрықша мән берген. Бүгінде бұл қасиеттер ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады. Отбасы институтын нығайту және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның міндеті. Ана мен баланы қорғау – біздің саясатымыздың басым бағыттарының бірі.

Отбасы құндылықтарын сақтауға және дәріптеуге ата-аналар қауымы да зор үлес қосып келеді. Сіздер әрбір пер­зенттің тағдырына алаңдап, Отаны­мыз­дың болашағын ойлап, шынайы жана­шыр­лық танытып жүрсіздер. Сіздерге жә­не барша отандасымызға амандық, бақ-береке тілеймін! Жасампаздыққа то­лы игі істеріңіз табысты болсын!», делін­ген Президенттің құттықтау хатында.

Бұдан кейін комиссия төрағасы А.Балаева қазіргі таңда өскелең ұрпақ арасындағы түйткілді мәселелердің өзектілігі күн санап артып келе жатқанына кеңінен тоқталды.

«2022 жылы елімізде кәмелетке толмағандар арасында суицидтің 155 және өз-өзіне қол жұмсаудың 309 фактісі тіркелді. 2023 жылдың 4 айын­да кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсаудың 47 фактісі және өзіне қол жұмсауға оқталудың 137 фактісі болған. Ата-аналардың балаларын дәстүрлі емес діни секталар мен топтарға тарту фактілері де жиілеп барады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, қазіргі таңда елімізде ата-анасы деструктивті діни көзқарасты ұстанатын 2 383 бала бар», деді А.Балаева.

Сондай-ақ ұлттық комиссия төр­ағасы мектеп оқушыларының агрессивті мінез-құлқы мен әлеуметтік желілерде және шынайы өмірде белең алып жат­қан буллингке ерекше назар аударды.

«Жыл басынан бері әлеуметтік желілерде ұрып-соғу, жаппай төбелес, жоғары сынып оқушылары мен жастар арасындағы жанжалдар түсірілген бейне роликтер қаптап кетті. Өске­мендегі сауда орталықтарының бірін­де оқушы қызды ұрып-соққан атышулы оқиға болды. Семей қаласының елді мекендерінде де оқушы қыздарға қатысты осындай оқиғалар тіркелді. Жалпы, жастар арасында асқан қатыгездікке толы оқиғалардың көбей­генін атап өткен жөн. Мәлімет бойынша бүгінде полиция есе­бінде 3 924 бала тұрса, 6 278 бала мек­теп есебіне алынған», деді А.Балаева.

Баяндамашының айтуынша, жас­тардың құмар ойындарға әуестігі­нің артып келе жатқаны да өткір мәселеге айналған. Кейбір мәлімет­терге қарағанда, 2022 жылы құмар ойынға тәуелділіктен зардап шегетіндер саны 350 мыңға жеткен. Атап айтқанда, 15 пен 18 жас аралығындағы құмар ойындарға тәуелділіктен зардап шегетін жастар санының өскені байқалады. Бұдан бөлек, А.Балаева интернеттен төнетін қауіптерге де ерекше назар аударды.

«ІІМ жыл басынан бері 5 мыңнан астам шетелдік заңсыз, оның ішінде порнографиялық материалдарды таратып келген 500-ден астам интернет ресурсты анықтады. 2022 жылы уәкілетті органның ұсынысымен интернет ресурстардың меншік иелері мен әкімшіліктеріне 65 мыңға жуық құқыққа қарсы материалды жою жөнінде шара қабылданған. Оның 53 мыңнан астамы – терроризм, діни және этникалық экстремизм идеологиясын таратқаны, 2 мыңға жуығы – есірткі және психотроптық заттарды насихаттағаны, 4 мыңнан астамы – порнография, қатыгездік пен суицидке итермелеу фактісі, жеті жүзден астамы «Ойын бизнесі туралы» заңды бұзғаны үшін, ал мыңға жуығы қаржы пирамидалары бойынша.

Бұдан басқа, 2022 жылдан бері уәкі­летті орган осындай құқық бұзу­шы­­лықтар анықталған 14 мың мате­риал­ды бұғаттады. Сондықтан интер­нет кеңістікті заңнамалық деңгейде рет­теудің нақты тетіктерін әзірлеу қажет.

Еліне лайықты азаматты тәрбие­леуде ата-ана басты рөл атқара­ды. «Баламды не алаңдатады?», «Мен оны білемін бе?», «Ол маған сене ме?». Көп­теген ата-ана осы және басқа да жүз­деген қарапайым сұраққа жауап бере алмайды. Әйтпесе, балалар мен жас­тар­дың тағдыры осыншама талқан болар ма еді?», деді ұлттық комиссия төрағасы.

А.Балаева мемлекеттік органдар­дың рөлі мен олардың жастармен жұмысының сапасына қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, аталған мәсе­лелер мемлекеттік органдардың жас­тар арасында идеологиялық жұмыс­тың жоқтығын немесе нашарлы­ғын көрсетеді. Жергілікті органдар­дың, атап айтқанда, жастар саясаты бас­қар­маларының жұмысының тиімді­лігіне қатысты да сұрақтар бар. Спи­кер олардың қызметі көбінесе дөңге­лек үстелдер ұйымдастыруға және іс жүзін­де көмекке мұқтаж емес жастар­дың белсенді бөлігімен жұмыс істеуге бағытталғанын атап өтті.

«Өкінішке қарай, жастар қауымымен тыңғылықты жұмысқа жеткілікті көңіл бөлінбейді. Біз балаларымыздың өздеріне қажетті ақпаратты көшеден іздей­тінін, түрлі азғырулар мен дест­рук­­тивті әрекеттердің ықпалына ілі­гіп, мыңдаған жасөспірімнің нелік­тен өмірмен қоштасқысы келетін себептерін жүйелі түрде зерделеуіміз керек», деді А.Балаева.

Форумның модераторы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бала­лар ең бірінші ата-анасынан үлгі алатынын жеткізді. Ведомство бас­шысы мектеп технологиялық сын-қатерлер жағдайында балалардың мүд­делері мен құқықтарын қорғау­ға бағытталған оқу үдерісіне ата-ана­лардың, қоғамдық ұйымдардың қатысуының жоғары әлеуетін пайдалануы керек екеніне назар аударды.

Форумға қатысушылар бала тәр­биесінде отбасы мен мектеп арасын­дағы байланысты нығайту, бала­лардың қауіпсіздігі мен әл-ауқа­тын қамтамасыз ету үшін қоғамдық ұйымдардың, ата-аналар қауымының, мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіру қажеттігі туралы ой-пікірлерін білдірді.

Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлер мен рухани құн­дылықтар негізінде отбасылық келі­сімге қол жеткізу, балаларды адам­гершілікке тәрбиелеу ата-ана­ның қатысуынсыз мүмкін емес. Форум барысында қатысушылар отбасы тәрбиесіне қатысты пікір алмасып, отбасы институтының өзекті мәсе­лелерін шешудің тиімді жолдарын талқылады.

Секция жұмысы «Мектеп және ата-ана», «Ата-ана және қоғам», «Ата-аналар мен бала денсаулығы», «Ата-аналар мен балалардың қауіпсіздігі», «Ата-аналар мен балаларды әлеуметтік қолдау», «Ата-аналар мен балалардың цифрлық мәдениеті» атты 6 бағытта ұйымдастырылып, форум жұмысы соңында арнайы қарар қабылданды.