Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Қаринованың айтуынша, осы жылы 288 мыңнан астам түлек 9-сыныпты тәмамдайды. Олар алдағы уақытта 10-сыныпты жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайды. 11-сыныпты барлық меншік түріндегі мектептер бойынша 172 мыңнан астам түлек бітіреді. Олар енді болашақ мамандықтарын таңдайды.
«Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес мектептерде оқу мерзімі осы жылдың 31 мамырында аяқталады. 31 мамырда биылғы оқу жылының соңғы сабағы өтеді. Бұл күні барлық мектеп бекітілген кестеге сәйкес сабақтарын жүргізеді. Сабақ соңында әрбір сынып жетекшісі сынып сағатын өткізеді. Сынып сағаттарының сценарийлерін мұғалімдер әр сыныптың жас ерекшеліктерін ескере отырып, өз бетінше әзірлейді. Сынып сағатының мақсаты – оқу жылын қорытындылау, 90 күнге созылатын жазғы демалыс кезеңіне балаларды әзірлеу», деді Шолпан Қаринова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Дәстүр бойынша мұғалім сынып сағатында оқу үшін кітаптар тізімін, сондай-ақ қарауға болатын фильмдер тізімін ұсынады. Қауіпсіздік шараларын, алдын ала жоспарланып ұйымдастырылған демалыстың артықшылықтарын, қосымша білім беру ұйымдарына қатысудың тиімділігін, еңбек етудің пайдасын, ата-анаға, ата-әжелеріне көмектесудің қажеттілігін айтады. «Сынып сағатында негізінен патриотизм, отанды сүю, достық, татулық, ел тарихына, саяси репрессия мен аштық құрбандарының есімдеріне құрмет таныту тақырыптарына басымдық берілуі керек», деді бірінші вице-министр.
«Мектептер салтанатты шара өткізу туралы шешімді де өздері дербес қабылдайды. Оқу-ағарту министрлігі соңғы қоңырауды өткізуге қатысты мектеп дәстүрлерінің барлығын қолдайды. Сонымен қатар министрліктің нормативті құжаттарында мұндай шаралар бұрын болмаған және қазір де жоқ екенін атап өтсем деймін. Министрлік соңғы қоңырауларды осы жылдың 1 маусымында Балаларды қорғау күніне орайластырып, соның форматында өткізуді ұсынады», деді Ш.Қаринова.
9-сынып бітірушілер үшін қорытынды мектеп бітіру емтихандары 2 маусым мен 13 маусым аралығында өтеді. Ал 11-сынып бітірушілер үшін мемлекеттік емтихандар 5 маусым мен 19 маусым аралығында болады. «Жалпы орта білім беру туралы аттестатты 11-сынып түлектеріне тапсыру салтанатын өз мектептерінің қабырғасында 20-22 маусымда өткізуді ұсынамыз», деді ол.
«Сынып сағаттарын, аттестат тапсыру, соңғы қоңырау шараларын өткізген кезде педагогикалық этиканы сақтау және сыбайластық құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында ата-аналардан іс-шараны өткізуге, аниматорларды, мерекелік кеш ұйымдастыратын агенттіктерді, жеке студияларды жалдауға, мектеп әкімшілігіне, педагогтерге сыйлыққа ақша жинауға жол берілмейді», деді Ш.Қаринова.
Техникалық және кәсіби білім беру ұйымдары бойынша қорытынды аттестация 28 маусымға дейін жалғасады. Колледждерді биыл 144 мыңнан астам түлек аяқтайды. Дипломдарды тапсыру салтанатын 28 маусым мен 1 шілде аралығында өткізу ұсынылып отыр.