Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Шетел асқандардың шекесі шылқып жүр ме?
Аға буын еңбек адамы жайында әңгіме бастала қалса, сөз төркінін кеңес тұсындағы кезеңмен, идеологиямен сабақтап жатады. Рас-ақ, сол жылдардағы мерзімді басылымдарды парақтасаңыз, егін шаруашылығын шалқытып отырған ауылдардың астықты артығымен алғаны, төрт түліктің басы былтырға қарағанда едәуір көбейгені туралы мақалалар жиі көзге түседі. Әрі кеңес өкіметін көргендер сол бір заманда еңбек адамдарының мәртебесі биік болғанын айтады.
Қазір қала, мейлі ауыл жастарының өндіріске, ауыр жұмысқа баруға ыждағаты болмауының да себебі бар. Біз мұнымен жастарды мақтап немесе ақтап алайын деп отырғанымыз жоқ.
Бар болғаны жұмыс күшінің тапшылығына әлеуметтік, экономикалық тұрғыда қандай кедергілер әсер ететінін анықтауға тырыстық. Мысалы, әлеуметтанушы Бақыт Әлмұратов ғылым мен техника дамыған XXI ғасырда жұмыс күшіне сұраныстың күн санап артуы заңды құбылыс деп санайды.
– Жұмыс күшіне сұраныс еселеп артып отыратынын біз өнеркәсібі дамыған елдердің тәжірибесінен білеміз. Батыс Еуропа сынды постиндустриалды қоғамға ойысқан Жапония, Оңтүстік Корея секілді алпауыт мемлекеттер, экономикасы мығым, яки өндірісі қуатты елдер жұмыс күшіне көбірек сенім артады. Мұның бірден-бір дәлелі ретінде елден Англияға барып, жылыжайларда жұмыс істеп жатқан жастарды айта аламыз. Өйткені Батыс Еуропадағы көптеген жұмысшы зейнет жасына таяп, кейінгі жастардың білім жолын таңдауы жұмыс күшіне әсер етіп отыр. Оның үстіне Англияда туу көрсеткіші төмен. Біз бүгін жастардың, тіпті орта жастағы азаматтардың Оңтүстік Кореяға жұмыс күші ретінде баратынын көріп, біліп отырмыз. Яғни мұнда индустриалды қоғамның постиндустриалды қоғамға беттегенін байқаймыз. Ал бізде жұмысшылардың қоғамдағы орны, мәртебесі қандай деген сұрақ әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Таңмен таласып оянып, қас қарайғанға дейін ауыр жұмысты жұғым көрмей, адал еңбек ететін жұмысшылардың мәртебесі қандай екенін олардың жалақысына қарап біле берсек болады, дейді әлеуметтанушы.
Еліміздің барлық өңірінде құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Өндіріс орындары да кеңейіп келеді. Сәйкесінше, дәнекерлеушілерге сұраныс артқанын білеміз. Бұлай деуіміздің себебі дәнекерлеушілерге тек биыл, былтыр ғана емес, бірнеше жылдан сұраныс жоғары болып тұр. Олардың табысы да тәп-тәуір. Онда неге жастар осы салаға бармайды? Сірә, жастар «бұл салада қалай еңбек етемін, қоғамдағы орным қандай болады» деп алаңдаса керек. Әрі жастық максимализм бар. Алайда қай салада болсын біліктілігі жоқ жасты тәжірибелі маманның алдына шығарып, ә дегеннен «жылы» орын, жоғары жалақы ұсынбайтынын білеміз.
Қазір қалаларда таңнан кешке дейін тынбай автобустан түспей, жолаушыларға қызмет көрсететін жүргізушілердің ахуалын кім сұрап көріпті? Оларға жергілікті биліктің өкілдері, кәсіподақ, қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар барып, «таңнан кешке дейін тынбай, екі адамның жұмысын атқарады екенсіз» деп арқасынан қағып жатқанын көрмейміз. Әуелі компанияның кіріс-шығысына алаңдайтын автобус парктерінің басшылығы да жұмысшыларына жалақы төлеп отырғанымен, жарытып ілтипатын көрсете қоймас. Ал жүргізушілерге талап қоюға келгенде алдымызға қара салмаймыз. Жүргізушілермен қызыл кеңірдек болып, жеті атасына дейін жамандайтындар кездеседі. Бәлкім, осыдан кейін де жастар автобус жүргізушісі болудан қаймығатын шығар.
Металлургия, тау-кен ісінде де жалақы жоғары. Шындап келгенде, мұндай жұмыстар тым ауыр. Осыған қарамастан, қиындыққа қайыспай адал еңбек ететін мамандарды құрметтеуге қоғам дайын еместей көрінеді. Мемлекеттік наградалар бірінші зиялы қауымға, сосын барып еңбек адамдарына беріледі. Өкінішке қарай, мұндайда жұмысшыларды ынталандыруға көбірек көңіл бөлінсе екен деп шектелеміз. Мәселенің екінші ұшы идеологияға келіп тіреледі. Осы тұста әлеуметтанушы Б.Әлмұратов аймақтың, қала, ауылдың әлеуетіне қарай белгілі бір шаруашылықты жетекші орынға шығарып, соның өнімін өзге елдерге экспорттау арқылы жұмысшылардың салаға қызығушылығын оятуға болатынын айтады. Осы пайымның төркіні белгілі бір өнімді шығаруға көбірек басымдық берілсе, шаруаға мамандардың қызығушылығы артып, жұмысшының мәртебесі де, жалақысы тәуір болады дегенге саяды.
Дәнекерлеуші мен жүргізушілерге сұраныс жоғары
Экономист Сапарбай Жобаев жұмыс күшіне, соның ішінде білікті мамандарға сұраныс қашан да жоғары болады дейді.
– Астана қаласының өзінде 400-ге жуық көлік жүргізушісі жетіспейді екен. Сол себептен кейбір автобус жүргізушілері екі ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр. Оларға 500 мыңға дейін жалақы ұсынылады. Өкініштісі, жастардың осы салада еңбек етуге құлқы жоқ. Мәселен, Астанада мұғалім, тазалыққа жауапты мекемелерге жұмысшы қажет. Мұғалім мейлі, қала тазалығына жауаптылардың жалақылары көп деп айта алмаймыз. Енді олар да өзге саланың мамандарындай біліктілігіне сай табыс табады. Ауылда мал бағу да – екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Содан жастар қалаға келгенде біліктілігі болмаған соң тамақтану орындарында, сауда нүктелерінде еңбек етеді. Көлігі болса, такси жүргізуші болады. Бірақ қала, ауыл жастары сұраныс жоғары мамандықтарға баруға талпынбай жатыр. Өзім кәсіпорындарды аралағанда дәнекерлеуші, фрезерлеуші, «токарь» мамандарының тапшы екенін білдім. Оларға жұмыс орындары шамамен 300 мыңның төңірегінде жалақы ұсынып отыр. Сол секілді көлік жөндеу желілерінде жұмыс баршылық. Көбіне онда шеттен келген жастар жұмыс істеп жатады. Жастарға ренішіміз жоқ. Олар жоғары білім алып, бір жерден жақсы жұмыс табуды ойлайды. Жоғарыда атаған салада еңбек етуді ойлайтын жастар бар, бірақ біліктілігі жоқ, дейді ол.
Бір кем дүние. Түйгеніміз, ірі қалаларда 300 мың теңгенің шамасында жұмыс табуға болады екен. Ал ауылдағы ахуалды айтар болсақ, шағын және орта бизнестегі мәселелерге тап келеміз. Олай деуіміздің себебі қалада кәсіпкерлік саласы ауылдан көш ілгері. С.Жобаевтың айтуынша, өркениетті елдерде шағын және орта бизнестің үлесі 60-70%-ды құраса, біз әлі 30%-дан аса алмай отырмыз.
– Кейбір алпауыт кәсіпорындар шағын және орта бизнесті дамытуға кедергі келтіріп отыр. Жалпы, ішкі өнімнің 60%-ы мемлекеттің меншігінде ғой. Соны 10-15%-ға дейін түсіруіміз қажет. Біз дамыған 35 мемлекеттің қатарына қосылуға әрекет жасаған соң, олардың талабы бойынша мемлекеттік меншіктің үлесін азайтуымыз керек. Өкініштісі, бізде мемлекеттік меншік көбейіп бара жатыр. Олигархтардың квазимемлекеттік кәсіпорындарын тұсауламай, шағын және орта бизнесті дамыту мүмкін емес. Ал жалақының аз болуына экономикалық ахуалмен қатар, жемқорлық әсер етеді. Бұл халықтың шағын және орта бизнеске баруына кедергі келтіреді. Ауылдағы диқандарға жерді беру керек. Бір ауылға барып, жердің егесін сұрар болсақ, басшылардың жері болып шығады. Мұндай қайшылықтар ауылдағы өз ісін жетік білетін диқандардың табыс табуына кедергі келтіреді. Меніңше, бизнеске кедергі болмаса, ондағы жұмысшылардың да жалақысы тәуір болар еді, дейді ол.
Кәсіпке намыстанудың қажеті жоқ
«Астана тазалық» ЖШС-да жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан Әлімжан Егінбайұлы студент кезден қала көшелерін тазалауға араласса, қазір бір учаскені басқарып отыр.
– 1998 жылы сәуірде қала тазалығына жауапты мекемеде жұмысшы болдым. Өзімізге бөлінген учаскенің қыста қарын күреп, жазда күл-қоқысын жаяу жүріп жинадық. Сондағы алатынымыз 13 мың теңге еді. Еуразия университетінің сырттай оқу бөлімінде инженер-құрылысшы мамандығында оқитынмын. Араға екі жыл салып оқу бітірдім. Ол кезде 25 жастамын. 2004 жылы өз мамандығыммен құрылыс компаниясында 6 жыл еңбек еттім. Бұрын тазалыққа жауапты мекемеде еңбек еткенім бар, содан 2010 жылы қарашада «Астана тазалық» ЖШС-ға қайта келіп, бірден бригадир болдым. Араға жыл салып, қолмен жинау жөнінде шебер атандым. Енді, міне, Алматы ауданында қолмен жинау жөніндегі учаске басшысы болғаныма да 5 жылға жуықтады. Учаскеде 90 жұмысшы, 7 шебер және түрлі техникалар бар. Соның барлығын қадағалап, күнделікті тапсырма орындаймыз. Жұмысшылар 150 мың теңгеден жоғары жалақы алады. Жұмысқа менімен қатар, менен бұрын келіп еңбек етіп, зейнетке шыққандар бар. Жұмысыма қарай, жалақым да сатылап өсе бастады. Өкінішке қарай, жұмысқа келіп жатқан жастар аз. Заман ілгерілегеннен бе, жастар жалқаулау. Бір жағы қала тазалығына араласуды намыс көретіндей. Ал менің түйгенім, адал еңбекпен, маңдай термен тапқан қаражаттың құны жоғары болады, дейді «Астана тазалық» ЖШС учаске басшысы.
Бір қызығы, «Астана тазалық» серіктестігінде жұмыс істейтіндердің басым көпшілігі қалаға іргелес ауылдардан келеді екен. Таңғы 7.00-ден 16.00-ге дейінгі жұмысқа Астана төңірегіндегі Шортанды, Бектау ауылдарынан қатынайтын жұмысшыларды айтпағанда, елордадан шамамен 100 шақырым қашық жатқан Қарағандының Нұра сынды аудандардан келетіндер бар. Әрине, оларға серіктестіктің маршруты бекітілген. Әйткенмен, тұрғындар жұмысқа 7.00-де жету үшін қаладағылардан әлдеқайда ерте қамданады. Осы еңбегіне жұмысшылар 150 мың теңгеден жоғары жалақы алады екен. Салыстырмалы түрде өңірдегі жұмысшылардың еңбекақысы бұдан да төмен болатынын ескерсек, олардың «Қанағат қарын тойғызар», деп отырғанын аңғарамыз.
Астана қаласы әкімдігі Халықты жұмыспен қамту орталығының берген мәліметіне сүйенсек, қалада құрылысшы, дәнекерлеуші, сантехник, автобус және «Газель» көлігін басқаруға Д, С санаты бар жүргізушілер, электрик, еден жуушы, көгалдандыруға араласатын жұмысшы, аула сыпырушы, аспаз, монтаждаушы, көлік жөндеу мамандары сұранысқа ие. Оларға жұмыс берушілер орта есеппен 70 мың теңгеден 300 мың теңге аралығында жалақы ұсынып отыр. Оның ішінде дәнекерлеуші, Д, С санаты бар жүргізуші, монтаждаушылардың 500 мың теңгеге дейін еңбекақы алуға мүмкіндігі бар. Сол секілді жоғарыда атаған сұраныс жоғары жұмыстарда да айына 200-300 мың теңге табыс табуға болады. Бұл ресми статистика да салада еңбек өтілі бар, тәжірибелі мамандар еңбегіне сай жоғары жалақы алады деген пайымға негіз болғандай.
Осыдан түйетініміз, Астанаға арман қуып келген үйсіз-күйсіз, біліктілігі жоқ жұмысшылардың аз жалақымен санаулы жылда жағдайын тіктеуі екіталай. Аңғарсақ, әр өңірде жұмысшылардың табысы сол аймақтың әлеуметтік жағдайына, күнкөріс деңгейіне шақталған. Сәйкесінше, аудан, ауылдардағы жұмысшылардың табысы қаламен салыстыруға келмейді. Ал нарық заманында жұмысы ауыр, еңбегі адал мамандардың табысы артса, істің қиындығына қарамай еңбек етуге дайын жастар табылады. Сонда сөзсіз еңбек нарығында жалақысы жоғары маманның мәртебесі биіктейді.