Пікір • 15 Мамыр, 2023

«Жазғыра көрме, қарттарым!»

569 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір ауылда жастар қалмай барады дегенді жиі естиміз. Бірақ оған жастарды кінәлау қиын. Жалпы, бұл өте күрделі мәселе. Оның түрлі себебі бар. Алдымен соған үңіліп көрейік.

Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы қиын­шы­лық елімізге оңай болмағаны мәлім. Бірақ халқымыз тәуелсіз ел болғанымызға шүкір етіп, бар қиындыққа төзе білді. Азаттық алғаннан кейін нарықтық экономикаға қадам бастық. Жұртшылық жаңа реформаны бірден қабылдай алған жоқ. Түрлі кедергілер кездесті. Жетпіс жыл бойы жос­парлы экономикамен тыныстаған зауыт-фабрика тұралады. Төрт-түлік малға толы кеңшарлардың басынан бақ тайып, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ата-әжелеріміз ауыр бейнетке малынып жүріп өсірген мың­даған мал айналдырған бір-екі жылда жылан жа­лағандай жоқ болды. Кеңшардан өз па­йын алып, жеке шыққандардың да шекесі шылқи қоймады. Жұмыссыздық белең алды. Сөйтіп, ұзақ жылдар бойы айрандай ұйып отырған ауылдың іргесі сөгіле бастады.

Бұған мысалды алыстан іздеп әуре болмаймын. Туған ауылым дәл осындай жағдайды бастан кешті. Біздің кеңшарға қараған төрт бөлімшеде 9-10 мың қой, 2 мыңға жуық ірі қара, 1 мыңға жақын жылқы болды. Сондай-ақ машина-трактор паркі жұмыс істеді. Бұған қоса, ауылдағы әр отбасы, жоқ дегенде, 10-15 қой, 3-4 ірі қара, 2-3 жылқы ұстады. Осыдан-ақ ауыл адамдарының шама-шарқынша бақуатты тұрғанын байқайсыз. Шаруашылық қалай жабылды, ауылдан береке кетті. Өйткені топты бала-шаға бар, оны асырау үшін жұмыс керек. Ал ауылда жұмыс жоқ. Ол кезде малдың да құны болмады. 4-5 кір сабынға бір қойды айырбастап алғандарды көзіміз көрді. Сөйтіп, ауыл адамдары, әсіресе, өндіріс пен теміржолы бар елдімекендерге, қала­ға қоныс аудара бастады. Біздің ауылда 90-жылдары 200-ге тарта үй болатын. Жаңа ғасыр басында содан 60-70-ке жуық үй қалды. Қазір үйдің саны 40-қа жетпейді. Сәтсіз ре­фор­маның ақыры осыған әкелді.

2000 жылы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін аудан орталығындағы мектепке қызмет­ке орналастым. Онда анам ауылда тұратын. Енді аудан орталығына көшетін болдық. Сонда ауылымыздың сыйлы қариясы, соғыс ар­дагері Талқанбай әкемнің біздің үйдің ша­ңы­рағында отырып айтқан сөзі әлі есімнен кет­пейді.

«Осы Қабырғаның бойын ата-бабамыз ертеден қоныс етті. Содан бері қаншама ұрпақ алмасты. Түрлі заман өтті. Кешегі отызыншы жылдардағы аштықты да көзіміз көрді. Ол кезде де ел бірлігінен айырылған жоқ. Ағайындасып шығыр қазып, егін салдық. Сөйтіп, аштықтан аман қалдық. Құдайға шүкір, қазір заман тыныш. Еңбектенемін дегенге жол ашық. Сонда да менің көңілім орта. Елдің басына түскен аз-мұз қиындыққа төзейік. Ертеңіміз жарқын болады. Мен оған се­немін. Қазір ауылымыздан жан-жаққа көшіп жатқандар көп. Қанеш, мен саған рен­жі­меймін. Балаң оқу бітіріп, азамат болды. Қызметке орналасты. Сенің жөнің бөлек. Ал енді қолындағы азын-аулақ малын сатып, мақсатсыз босқа көшіп жатқандарға қарным ашады. Осы жерде отырып та, бақуатты өмір сүруге болады. Егер осылай көше берсек, ата-бабамыздың қонысы жұрт болып қала ма деп қорқамын», деп еді сұңғыла қарт.

Қазір біздің ауылдағы тұрғындардың жағ­да­йы жақсы. Бірқатары жеке шаруа­шы­лық­қа айналып, мыңға жуық мал өсіріп отыр. Ауыз су бар, интернет тартылған. Бірақ жас­тар аз. Жоқ десе де болады. Себебі, жастар ауыл­да қалғысы келмейді. Өйткені ауылда олар­ға дұрыс жұмыс жоқ. Мамандық саны шектеулі. Бір жағынан, жалақы да мардымсыз. Одан кейін ауыл мектептеріндегі білім сапасы да көңіл көншітпейді. Көптеген ауыл мек­тебінде ағылшын тілі, математика, фи­зика, химия пәндерден сабақ беретін білік­ті мұғалім тапшы. Ал қазіргі жаңа технологиялар дәуірі дамыған заманда кез келген ата-ана баласының сапалы білім алып, ел қатарлы азамат болғанын қалайды. Сол себепті балаларының болашағына бола қалаға ағылған жастарды жазғыру қиын.

Қазақтың сыршыл ақыны Сағи Жиен­баев­тың «Ауыл қарттары» атты керемет өлеңінде жүректі дір еткізетін төмен­де­гі­дей шумақ бар: «Өзге бір менде жоқ тілек, Өздерің көзбен баққаным. Жайлы жер іздеп кетті деп, Жазғыра көрме, қарттарым!». Шын­ды­ғында да Талқанбай әкем сынды ауыл қарт­тарына жастарды жазғыра көрмеңіздер, ауыл­да мүмкіндік болса, олар қалаға көшпес еді дегенді айтқымыз келеді...

Жуырда ел Үкіметі ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұ­жы­­рымдамасын бекітті. Осы тұжырымдама ая­сында ауыл жастарына көңіл көбірек бөлі­не­ді деген ниеттеміз.