Бокс • 16 Мамыр, 2023

«Қазақтың Ломаченкосы». Әлем чемпионының лақап аты қайдан шыққан?

2972 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлем чемпионы атанған 21 жастағы Махмұд Сабырхан - Қазақстан спортының басты жұлдыздарының бірі. Алайда, бокстан аса хабары жоқ жанкүйерлер оны өз атымен емес, «қазақтың Ломаченкосы» деген лақап атымен таниды, деп хабарлайды Egemen.kz

«Қазақтың Ломаченкосы». Әлем чемпионының лақап аты қайдан шыққан?

Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен әлем чемпионатында 54 келіге дейінгі салмақта Қазақстанның жас спортшысына тең келер ешкім болмады. Ол барлық бес қарсыласын 5:0 есебімен жеңіп, 15 раундтың 15-інде жеңіске жетті.

Өткен жылы Сербияның Белград қаласында өткен әлем чемпионатында да Махмұд Сабырхан өзін жақсы қырынан көрсетті. Одан кейін ол чемпионаттың финалына дейін жетіп, онда тәжірибелі жапондық Томое Цубойдан 0:5 есебімен жеңіліп қалды. Айта кетейік, биылғы әлем чемпионатында Цубой 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасып, тек ширек финалға дейін жеткен еді.

2021 жылдың қазан айында Белградта өткен әлем чемпионаты қарсаңында 2013 жылғы әлем чемпионы Біржан Жақыпов Махмұд Сабырхан мен украиналық Василий Ломаченконың (19-2, 17 КО) стильдері ұқсас екенін айтқан еді.

Айта кетейік, Василий Ломаченко - екі дүркін әлем чемпионы және Олимпиада алтынының иегері. Ол 397 әуесқой жекпе-жекте 396 жеңіске жеткен және бірнеше жыл бұрын салмақ дәрежесіне қарамастан әлемнің ең үздік боксшысы деп танылған.

«Мен оны бұрыннан бақылап келемін. Ол - мақсатты адам. Нағыз боксшы. Өте талантты жігіт. Оның рингтегі стилі Василий Ломаченконың стиліне ұқсас, ол маған әлемнің ең үздік боксшысын еске салады. Екеуінің де жекпе-жектері өте ұқсас. Бірақ Сабырхан әлі де өсіп, соққыларды жіберіп алмауы керек», деді Біржан Жақыпов.

Бірнеше күннен кейін «неKAРAтэ» YouTube арнасының авторы «қазақтың Ломаченкосы» деген лақап есімді Махмұдқа тіркеді. Одан кейін Сабырхан 2021 жылғы әлем чемпионатында Оңтүстік Кореядан келген қарсыласын айқын басымдықпен жеңген еді. 

YouTube арнасының авторы оған жоғары баға берді: «Махмұд Сабырхан Кью Кимді жеңді. «Қазақтың Ломаченкосы» 1/8 финалға шықты. Сабырхан жас, бірақ қазірдің өзінде жетілген күрескер. Оның зор күші мен өзіндік техникасы бар. Ол 2020 жылы Токиода өткен Олимпиадаға қатысуы керек еді. Сонда алтын медаль алатын еді. Ең болмағанда үздік үштікте кіретін еді».

Әлем чемпионатының финалына шыққаннан кейін жұртшылық Ломаченконың есімін Сабырханның өз аузынан естіді.

«Бала кезімізден атақты боксшылардың бапкермен жекпе-жегін тамашалап, ерекше тактика қалыптастыруға ұмтылғанбыз. Ломаченко ғана емес, басқалардың да жұдырықтасуын жай ғана көріп емес, зерделеп, зерттеп отырдық, практикада қолдана бастадық», деп Махмұд Сабырхан өзінің тактикасы мен стилі туралы айтты. 

«Қазақтың Ломаченкосы» деген бейресми лақап ат осылай пайда болды. Қазіргі уақытта бұл лақап ат биылғы әлем чемпионының шын есімінен де танымал болып барады. 

Айта кетейік, IBA Сабырханның 2023 жылғы әлем чемпионатының финалында көрсеткен техникасына тәнті болды. Ал британдық бокс сарапшысы Тейлор О'Хиггинс оны қазіргі уақыттың ең тамаша боксшыларының бірі деп атады.