Спорт • 17 Мамыр, 2023

Биыл «Астананың» қарқыны бәсең

242 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл күндері Апеннин түбегінде «Джиро д’Италия» көпкүндігі өтіп жатқаны белгілі. Кеше велошабандоздар бір күн демалып, жарыс жолына қайта шықты. Әлемдік гранд-турдың тоғызыншы кезеңінен кейін былтырғы «Испания Вуэльтасының» жеңімпазы, «Soudal Quick-Step» командасының 23 жастағы бельгиялық велошабандозы Ремко Эвенепул көш бастап келеді. Оның уақыт көрсеткіші – 34 сағат 33 минут 42 секунд.

Биыл «Астананың» қарқыны бәсең

Үш аптаға жалғасатын Апен­нин түбегіндегі велошабандоздар бәсекесіне «Astana Qazaqstan» велокомандасының өкілдері де қатысып жатыр. Олимпиада чемпионы Александр Винокуров же­текшілік ететін «Астана» команда­сы сапынан осы жарыстың бұған дейінгі бірнеше кезеңінде топ жарып, үздіктер қатарынан көрінген 37 жастағы британиялық спринтер Марк Кэвендиш, 24 жастағы италиялық Самуэле Баттис­телла, 31 жастағы амери­калық Джо Домбровски, 29 жас­тағы италиялық Джанни Мос­кон, 24 жастағы отандасы­мыз Вадим Пронский, 39 жастағы испаниялық Луис-Леон Санчес, 25 жастағы италиялық Кристиан Скарони және 27 жастағы тағы бір италиялық велошабандоз Симоне Веласко көш басынан көрінуге тырысып жатыр.

114 жылдық тарихы бар «Джиро д’Италия» додасында «Ас­тана» вело­командасының жеңіспен өрілген тамаша дәстүрі бар екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Мәселен, 2008 жылы «Астана» сапында өнер көрсеткен Испанияның даңқты велошабандозы Альберто Контадор өз карьерасында алғаш рет «Джиро д’Италия» жарысында жеңімпаз атанса, 2013 жылы Италияның әйгілі велошабандозы Винченцо Нибали үздік шықты. Сондай-ақ ол араға үш жыл салып 2016 жылы бұл жетістігін қайталап, «Астана» жанкүйерлерін тағы бір мәрте қуантты. Жер-жаһанның жанкүйерлері «Акула» деп атап кеткен даңқты велошабандоз былтыр «Астана» сапына қайта оралып, өзінің спорттық мансабын аяқтаған еді. Винченцо Нибали карьерасын бекерге Қазақстан командасы сапында аяқтауға шешім қабылдаған жоқ. Өйткені спорттың дәл осы түріндегі ең айтулы жеңістеріне «Астана» сапында өнер көрсетіп жүрген кезінде қол жеткізген еді. Атап айтқанда, 2013 жылы «Астанаға» келе салып «Тиррено-Адриатико» турында, 2014 жылы «Тур де Франс», 2013 пен 2016 жылдары «Джиро д’Италия», 2015 жылы «Джиро ди Ломбардия» турларында дара шыққан болатын.

Өкінішке қарай, Альберто Контадор, Винченцо Нибали секілді даңқты велошабандоздар командадан кеткен соң «Астананың» да топ командалар арасында топ бастауы азайды. Александр Винокуров сол олқылықтың орнын толтыру үшін, «Астананың» абыройын қайта тіктеу үшін жыл басында командаға Ұлыбританияның әйгілі велошабандозы, көптеген аса ірі халықаралық жарыстың жеңімпазы әрі жүлдегері, әлемдегі ең үздік спринтерлердің бірі әрі бірегейі Марк Кавендишті шақырған болатын.

«Тур де Франс», «Джиро д’Италия» және «Испания Вуэльтасы» секілді ең белді әрі мәртебелі жарыстардың бар­лығында ең үздік спринтерге тиесілі арнайы сыйлықтарды иеленген Марк әзірге «Джиро д’Италия» жарысында жарқырап көріне алар емес. 38 жастағы велошабандоз қазіргі таңда жалпы есепте 156-орында келеді. Көшбасшы Ремко Эвенепулден екі сағатқа жуық қалып қойып отыр. Дегенмен Марк Кавендиш спринтерлерге арналған бесінші кезеңде мәреге төртінші болып жеткенін айта кету керек. Сонымен қатар ол спринтерлер бәсекесінде 18 ұпай жинап, 11-орынға жайғасқан.

Ал әзірге «Астана» сапындағы ең үздік нәтиже италиялық велошабандоз Симоне Веласкоға тиесілі. Тоғыз кезеңнің қоры­тындысы бойынша ол 22-сатыда тұр. Алда әлі 11 кезең бар екенін ескерсек, біздің ел командасының өкілдерін бұдан да жоғары орындардан көріп қалуымыз әбден мүмкін.